Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының қорғалуына, оларды қылмыстық қудалауға негізсіз тартуды тоқтатуға, сот әділдігінің сапасына ерекше мән берді.
Мемлекет басшысы еліміздегі бүгінгі ахуал құқық қорғау органдарының алдына азаматтардың сұраныстарына ықылас танытуға тиіс жаңа талаптар қоятынын атап көрсетті.
Осыған орай Президент құқық қорғау және сот жүйесін одан әрі реформалау бойынша тапсырмалар берді. Бұл мемлекеттілігімізді нығайтудағы маңызды қадам деп санаймын, өйткені күш құрылымдарындағы реформа Қазақстандағы бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың маңызды бөлшегінің драйвері болмақ.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайтынын атап көрсетті.
Құқық қорғау жүйесін реформалау «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының ережелерімен үйлесімдікте болуға тиіс екенін атап өткен де маңызды. Өйткені «Халық үніне құлақ асатын мемлекет», шын мәнісінде, «Әділетті мемлекет» құру тұжырымдамасы. Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз, ең бастысы, дұрыс және әділ шешім шығару қажет.
Еліміздегі қазіргі ахуалды ескере отырып, полицияның азаматтармен жұмыс жүргізуіне жаңа, озық әдістер енгізілетін болады. Мемлекет басшысының айтуынша, бізге азаматтардың құқығын уақтылы қорғауды қамтамасыз ететін және халықаралық жоғары талаптарға жауап беретін үлгі керек.
Біріншіден, Президент Қазақстанда өкілеттіктердің аражігі нақты ажыратылған үш буынды модель енгізуді тапсырды: полиция – прокурор – сот, ол тежемелік және тепе-теңдік жүйесін пайдалана отырып, билік тармақтарының өзара нақты іс-қимыл жасауына мүмкіндік береді.
Екіншіден, «жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметі реформаланады, бұл жерде учаскелік инспектордың рөліне баса мән берілетін болады. Олардың мәртебесі заңнама арқылы арттырылып, өнімді жұмыс істеулері үшін мол мүмкіндік беріледі. Бұл жердегі басты мақсат, полицияның жұмысын сервистік үлгіге көшіру, яғни полиция қызметкерлері азаматтардың құқықтарын қорғап, олардың алдында танымал, қолжетімді болып, адамдармен ашық әңгіме жүргізе білуге тиіс.
Үшіншіден, прокуратура органдарының жұмысы қайта қаралатын болады. Оның мәні – жинақталған дәлелдерге тәуелсіз баға беру, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеу, адал азаматтардың қылмыстық процеске тартылуын болдырмау, сотта кінәлаушы тарапты қолдау болып табылады.
Бұдан басқа 2021 жылдан бастап прокурорға қылмыстық істер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қатысы бар негізгі процестік шешімдерді келісу міндеті заңнама арқылы жүктелмек.
Сонымен бірге Президент сот жүйесін назардан тыс қалдырған жоқ, құқықтық мемлекеттің маңызды шарты – туралықтан танбайтын әділ сот төрелігінің болуы екенін атап көрсетті. Қоғамның сотқа деген сенімін күшейту басты мақсат болуға тиіс.
Жоғары сот кеңесіне және Жоғарғы сотқа жаңа кәсіпқой кадрларды әділ сот төрелігін қамтамасыз етуге бұқаралық ақпарат құралдарында жариялай отырып тарту жұмысын жандандыру тапсырылды.
Тұтастай алғанда Жолдауда Үкіметтің алдына белгіленген міндеттерді шешудегі нормативтік-құқықтық базаны қамтамасыз ету үшін қабылдануға тиіс бірқатар заңды әзірлеу бойынша нақты міндеттер қойылды. Депутаттық корпус өз кезегінде, Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын іске асыруды заңнамалық тұрғыдан қолдауды сапалы әрі шұғыл түрде қамтамасыз ететін болады.
Нұрлан ӘБДІРОВ,
Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары