Атырау жұртшылығына ауыл әкімдерін сайлау таңсық емес. Неге? Өйткені 2001 жылғы 20 қазанда өңірдегі екі округте тәжірибе ретінде ауыл әкімдерінің сайлауы өткен еді. Оның бірі – Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында, екіншісі – Мақат ауданындағы Қошқар кентінде. Рас, алғаш рет өткен әкімдер сайлауына қатысты әрқилы болжам жасалды. Бірі «әкімдерді сайлауға халық дайын емес» деді. Тіпті «сайланған ауыл әкімі аудан басшылығына бағынбай кетпей ме?» деген пікір білдірушілер де болды. Әсіресе, сайлау өтетін ауылдардың адамдары бұл додаға қызығушылықпен қарады.
Бұл ауылдардың бір-бірінен айырмашылығы көп болатын. Мәселен, Махамбет ауданындағы Сарытоғай ауылында бірнеше ұлттың өкілі тұрады. Әлі де солай. Әрине мұнда тұрғындардың басым бөлігі қандастардың үлесінде болғанымен, қазақша сөйлегені өз алдына, мемлекеттік тілде ән де шырқап, көркемсөз өнерінен қалыс қалмаған орыс пен татар, неміс пен болгар, корей мен әзербайжан, балқар мен грек, башқұрт секілді өзге ұлттың өкілдері де тұрады. Бұлардың бәрі қазаққа қыз беріп, қыз алып, бір сөзбен айтқанда, жергілікті ұлтпен құдандалы болған. Ауылдың тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Кейін ауыл жастары кәсіптің өзге түрлерін меңгеріп, экономиканың әр саласына жұмысқа тұрды.
Ал Мақат ауданындағы Қошқар кентінің тұрғындарын мұнайшылардың отбасы құрайды. Себебі мұндағы негізгі кәсіп – мұнайшылық. Сол жылдары мұнда 54 мұнайшы «қара алтын» өндіру ісіне тартылды. Солай десек те, Қошқарда жұмыссыз тұрғындар да кездесті.
Ауыл әкімдерін сайлауға аталған округтер тұрғындарының бәрі бірдей дауыс берген жоқ. Мәселен, Сарытоғайда 16 сайлау учаскесі құрылып, оның әрқайсысынан бір таңдаушыдан таңдалды. Қошқар кентінен осындай 15 таңдаушы дауыс берді. Сөйтіп, екі оркугтен де іс басындағы әкімдерге таңдау жасалды. Сайланған әкімнің екеуі де – әйел.
Сарытоғайда Талшын Шапауованың талапшылдығы, Қошқарда Жібек Ахметованың жігерлілігі жеңіске жеткізді. Олар әкімдік міндетін біраз жыл атқарып, кейін екеуі де басқа жұмысқа ауысты. Ал Қошқар кентінің тұрғындары көп жылғы мекенінен үдере көшіп кетті. Әрине, оған себеп болған бірнеше жайт бар. Біріншіден, кенттің аудан орталығынан 74 шақырым қашықта орналасқаны түрткі болды. Екіншіден, мұнай өндірілгендіктен, экологиялық ахуалдың нашарлығы әсер етті.
Бұдан жеті жыл бұрын өткен ауыл әкімдерінің сайлауына аудандық маңыздағы 1 қаланың, 4 кенттің, 57 селолық және 11 ауылдық, барлығы 72 округ әкімінің лауазымын иеленуге 214 үміткер ниет білдірді. Әр деңгейдегі мәслихаттардың 101 депутаты үміткерлердің жетпіс екісін ғана таңдады. Олардың 65-і ер, жетеуі әйел еді. Сөйтіп 51 әкім бұрынғы қызметін қайта жалғастырды. Сонымен бірге 21 үміткер округ әкімі лауазымында жаңа жұмысын бастады. Ауыл әкімдерінің мамандықтары әр алуан еді. Оның ішінде 12 инженер, 33 педагог, 11 ауыл шаруашылығы маманы, 7 экономист, 2 заңгер, өзге саланың 7 маманы бар.
Сайлау қорытындысымен мәсли- хаттар депутаттарының сенімін иеленген әкімдердің ең үлкені – 61 жастағы Ғарібжан Әбішев. Ол бұрын Махамбет ауданының Ақжайық, Алмалы округтеріне басшылық етті. Кейін Атырау қаласы маңындағы Кеңөзек селолық округінің әкімі болған еді. Атырау қалалық мәслихатының депутаттары оның іскерлігіне риза болды ма, Кеңөзек селолық округін басқаруға лайық деп тапты.
Бұған керісінше, ең жас әкімдер де сайланды. Мақат ауданындағы Мақат кентін басқаруға таңдалған Жанболат Жүнісов пен Махамбет селолық округінің әкімі Жақсылық Мүсепов сол кезде орда бұзатын 30 жасқа толған екен. Әсіресе жұртшылықты Жанболат Жүнісовтің кент округіне әкім болып тағайындалғаны қызықтырды. Мұның себебін оның бұрын әкімдік қызметте шыңдалмаса да мұнайлы өңірдегі Мақаттай үлкен кентті басқаруға талпыныс жасағанымен байланыстыруға болады. Десек те ол Мақат кентінің әкімі орынтағында ұзақ отыра алмады. Бес айға жуық әкім қызметінің дәмін татқан жас жігіт жаңа жылдан соң қызметінен кетіп тынды. Жас әкімнің қызметтен кету себебі туралы әрқилы болжамдар айтылғанымен, сол күйі құпиясы ашылмай қалды.
Сайланғанына бір жыл өтпесе де қызметінен кеткен округ әкімі жалғыз емес. Мақат ауданындағы Доссор кентінің әкімі де орынтағынан айырылды. Аудандық прокуратура әкімнің тарапынан жеке тұлғаларға жер бөлу кезінде заңсыз артықшылық көрсеткен өрескел заң бұзушылық болғанын анықтады. Соған байланысты Мақат ауданы әкімінің өкімімен кент әкімі қызметінен босатылды. Сондай-ақ Атырау қалалық әкімдігі мен Құрманғазы ауданынан бір-бір округтің әкімдері орнын босатты. Өйткені бұл әкімдердің де әрекеті сыбайлас жемқорлық дерегімен байланысты болған...
Енді міне, округ әкімдерінің сайлауын өткізу туралы мәселе тағы да қозғалып отыр. Алайда ауыл тұрғындары үміткерлерге дауыс бере ала ма? Әлде оларды бұрынғыша мәслихат депутаттары таңдай ма? Бұл мәселе әлі де пысықталатын шығар. Десек те ендігі сайлау бұрынғыдан өзгерек болатыны даусыз. Себебі осы кезге дейін өткен сайлаулардан сабақ алатын уақыт жетті.
– Қазір ауыл әкімдерінің бюджеті жылжымайтын және жылжымалы мүліктерден түсетін салықтан құралады. Округ әкімдіктерінің бюджеті 150-250 млн теңге шамасында ғана болып отыр. Бұл белсенді жұмыс істеуге жеткіліксіз екені даусыз. Әр ауылда кәсіпкерлікті қарқынды өрістету керек. Сонда ғана ауыл әкімдерінің бюджеті өседі. Әлеуметтік ахуалды жақсартуға да, белсенді жұмыс жүргізуге де жол ашылады, – дейді облыстық мәслихаттың хатшысы Өмірзақ Зинуллин. – Округ әкімдерінің сайлауына ауылдың жағдайын білетін адамдар үміткер болғаны жөн. Әрине, жұртпен тіл табыса алатын, ауылдың әлеуметтік мәселелерін шешуге талпынатын әкімді тұрғындар да қолдайтыны анық.
Әлеуметтік ахуал демекші, Қызылқоға ауданының Сағыз ауылдық округіне қарасты Қоңыраулы, Кенбай аталатын елді мекендер бар. Бұрын ферма орталығы болғанмен, қазір тұрғындары азайған ауылдарға асфальт жол да, табиғи газ желісі де тартылмаған. Қоңыраулының тұрғындары ауыз суды артезиан құдығынан алып отыр. Жазда мотормен тартып шығарса, қыста 20-25 метр тереңдіктен суды қауғалап тартады. Осындай қиындықпен күн кешіп отырған елді мекендердің тұрғындары «облыс әкімі ауысып жатыр деп естиміз. Бірақ бірде-біреуі біздің ауылға келіп, жағдайымызбен танысқан емес. Әкім келсе, мәселемізді айтар едік» дейді. Әкім бармаған ауылдарға мәслихаттың депутаттары да аяқ баспайды. Ауыл тұрғындары Мәжіліс пен Сенаттың депутаттарын мүлде танымайды да.
Мұндай әлеуметтік мәселесі толық шешімін таппаған ауылдар әр өңірде кездесетін шығар. Ал округ әкімдері осындай ауылдардың проблемасын аудан, облыс әкімдеріне жеткізбейтін секілді. Әйтпесе, округ, аудан әкімдері әлденеше рет ауысты. Ел тәуелсіздігін алғанына отыз жылға таяса да, әлгіндей шағын елді мекендер кезігіп отырған әлеуметтік қиындық шешімін таппай, «баяғы жартас – бір жартас» күйінде қалып отыр.
Сайлаудың дүбірі қайта естілгенде, округ әкімдері осындай мәселеге көбірек назар аударуы қажет-ақ. «Кадр бәрін шешеді» дейтін тәмсілге жүгінсек, тұрғындар тұрмысының жақсаруы алдымен округ әкімдерінің іскерлігіне байланысты болмақ. Ауыл әкімдері өздері басқаратын округ тұрғындарының мұң-мұқтажын аудандық, облыстық деңгейдегі басшылар назарына жеткізер дәнекер болып жүр ме? Тегінде көшбасшылық қабілеті бар округ әкімдері жарғақ құлағы жастыққа тимей, тұрғындардың тұрмысын жақсарту үшін шапқылап жүруі тиіс қой. Өйткені тұрғындар округ әкімдерінің көп басшының бірі емес, көшбасшы болғанын қалайды.
Атырау облысы