• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Білім 09 Қыркүйек, 2020

Мектеп салдырған журналист

423 рет
көрсетілді

Кентау қаласына қарасты Қаражон елді мекенінің тұрғындары журналист-жазушы Ордабек Шаяхметовтің есімін қатты қадірлейді. Өйткені ағамыздың Қаражон елді мекенінің гүлденіп, түрленуіне қосқан еңбегі орасан.

Бүгінде Қаражон ауылында еңселі мектеп сонадайдан мен­мұндалайды. Тоқырау жылдары ауыл адамдары жан-жаққа жұмыс іздеп тарыдай шашылып кеткенде жергілікті тұрғындарды сақтап қалған осы білім ошағы болатын. Мұғалімдер бала оқытып жатты. Ауылдың жүрек қағысы қалпына келген соң маңайдағы ағайындар Қаражонның келешегіне үміт ар­­тып, әр-әр жерден көшіп келе бас­тады. Осылай Қаражон ауылы қайта гүлденді. Бірақ біз осы білім ордасын салдыруға Орда­бек ағаның көп еңбек сіңіргенін ұмытып кете береміз.

Мектебімізде Қазақстан Жа­зушылар және Журналистер одақ­тарының мүшесі Ордабек Шаях­метов атындағы шағын көрме бар. Осы көрмеде ағаның күнделігі қойылған. Жуырда күнделікті зе­йін қоя қайта оқып шықтым. Міне, 1983 жылғы 27 қазанда жа­зушы былай деп жазыпты. «Об­лыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының бастығы Әділ Сасбұқаевтың жұмыс кабинетіне кіріп, халық депутаттары кеңесі облыстық атқару комитеті мен Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігіне Қаражон ауылына мектеп керек екені жөнін­де хат түскенін білдім. Әдекең сол жерде ауыл шаруашылығы бас­­қармасына қарасты күрделі құрылыс бөлімі меңгерушісінің орынбасары Николай Алек­сан­дрович Зинченкоға тапсырма берді».

Бұдан әрі Орекең 1985 жыл­дың 13 ақпанында «Южгор­сель­проект» мекемесіне барып, Қаражон ауылында салынатын мек­тептің жоспары жасалған-жа­салмағанын, жасалса құрылыс жұмыстары қашан басталатынын сұрап біледі. Күнделікте сон­дай-ақ осы жылғы 5 қарашада облыстық архитектура және бі­лім басқармаларына барып, құ­жаттар сұрағаны жазылыпты. Мұнан соң журналист облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­масына қайта келеді. Басқарма бастығының орынбасары Р.Бай­сейітов Қаражонда 392 орынды мектеп салу туралы облыстық атқару комитетінің 1984 жылы 21 қыркүйекте қаулы шығарып қойғанын, бұл құжат кеңшар директорына жіберілгенін айтады. Тиісті құжаттарды көрсетеді.

Мұнан соң да ағамыз қарап отырмапты. Халық депутатта­ры кеңесі облыстық атқару ко­ми­теті мен облыстық ауыл шаруа­шылығы басқармасы арасында табанынан тозып жүріп, мектеп құрылысының басталуына мұрындық болады. Дегенмен, жо­балаушылар 392 орынды мек­тептің орнына 192 орынды мектеп салу жөнінде қаулы бекіттіріп қояды. Орекең тағы шырылдайды. Ауылда бала саны артатынын, демографиялық ахуалдың жақсарып келе жатқанын айтып тиісті орындарға қайта барады. Сонымен не керек, 230 орынды мектеп салынатын болады.

Бірақ түрлі қолбайлаулар кез­десе берген. Сосын 31 қа­зан күні ағамыз Николай Алексан­дровичтің алдына қайта келеді. Ол журналистің өтінішінен ке­йін телефон арқылы республика­лық Мемлекеттік жоспарлау коми­тетінің тиісті бөлім мамандарымен сөйлеседі. Республикалық деңгейдегі мекеме қызметкерлері мектеп құрылысының келесі жыл­ға қалғанын жеткізеді. Зинчен­ко келесі жылдың жоспарына мін­детті түрде енуі керектігін айтып, министрлікке хат жолдайды.

Дегенмен, мектеп құрылы­сы­ның құжаттарын дайындау, тағы бас­қа да мәселелер созбалаңға са­лынып кетеді. Осы тұста Ор­да­бек ағамыз республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Egemen Qazaqstan») газетіне ма­қала жолдайды. Бұл 1984 жыл­дың 21 наурызы. Газет редакторы Балғабек Қыдырбекұлы об­лыстық атқару комитетінің төр­­ағасы Ораз Жандосовпен сөй­­леседі. О.Жандосов газетке түс­­кен мақала бойынша жұмыс істеуге уәде береді. Осылайша Қа­ра­­жондағы мектеп құрылысы аяқ­­талады ғой.

О.Шаяхметов ағаның ауыл­ға бұдан басқа да жасаған жақ­сылықтары көп. Соның бірі түрлі кедергілерді бұзып, «Майдантал» кеңшары орталығынан Қаражон­ға дейін 6 шақырым асфальт жол салдыруы. Бұдан тыс Орекең ауыл маңында 10 гектар жерге тұң­ғыш рет бау екті. Міне, осы ерен еңбекті ұмытпауымыз керек.

Иә, Орекең отты оғлан еді. Біз ол кісіні әрдайым еске алып отырамыз. Мектеп мұғалімдері мен оқушыларымызға оның еңбегін айтып отыруды өзімізге парыз санаймыз. Дегенмен, көңіл әлі де қоңылтақси береді. Біз ағаны жеткілікті насихаттай алмай жүр­гендейміз...

 

Сержан ШӨКАМАНОВ,

«Қаражон» жалпы орта мектебінің директоры

 

Түркістан облысы,

Кентау қаласы