Ауыл шаруашылығы қай уақытта да ел дамуының негізгі өзегі болып келді. Соңғы жылдары табысы мол саналып келген мұнай саласындағы қазіргі іркіліс бізге экономиканың дәстүрлі бағытын жандандыру қажеттігін көрсетіп отыр. Әрине, мемлекеттің агросалаға көрсетіп жатқан көмегі аз емес. Осындай қолдаулар арқылы егін көлемі молайып, мал басы артты. Бірақ бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер әлде де көп.
Салада сан түйткіл бар
Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында атап өтті. Жолдауда Президент әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен өзімізді толық қамтамасыз ету, миллиондаған ауыл тұрғындарының табысын арттыру, еңбек өнімділігін екі жарым есе көбейту, сала өнімінің экспортын екі есе ұлғайту үшін агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жоба әзірлеуді тапсырды.
Ауылдағы ағайын Жолдаудағы осы жаңалықтан үлкен үміт күтіп отыр.
Соңғы жылдары облыста төрт түлік саны көбейді. Жыл басындағы мәлімет бойынша өңірде ірі қара саны 324 мыңға жетсе, жылқы саны 136 мыңнан асқан. Ойсылқара тұқымы да 45 мыңнан асып жығылған. Мамандар мал басының өсімі осылайша 1991 жылғы көрсеткіштен асқанын айтады. Бірақ түлік саны көбейгенімен оның азығын тауып беру үлкен мәселеге айналғаны көптен бері айтылып келе жатыр. Мысалы, қазір облысқа мал жемі Қостанай, Солтүстік Қазақстан, тіпті Шығыс Қазақстан облыстарынан тасымалданады. Мыңдаған шақырымнан жеткізілген жемнің түйірі алтын, тозаңы күміске бағаланса да, амалы жоқ шаруа сатып алуға мәжбүр. Өйткені өзінің мал жемі үшін жүгері, бидай, арпа егетін жері жоқ. Облыстағы ірі қараның 60 пайызы – Жаңақорған ауданында. Қойдың да жартысынан астамы осы аудан аумағында бағылады.
Осы өңірдегі «Ғылыми өндірістік «Агротехнология» шаруа қожалығының жетекшісі Керімхан Егізбаев өндірісті ғылыммен сабақтастыра жүргізіп келе жатқан маманның бірі. Әуеліде қазақтың ақ бас сиырын өсіріп, кейінгі жылдары америкалық тұқым Санта-Гертруданы көбейтуді қолға алған фермер қазір жемді өзі дайындап отыр.
– Осыдан біраз жыл бұрын облыс орталығында жем шығаратын үлкен өндіріс орны іске қосылғанынан хабардармыз. Бірақ оның өнімі біз үшін қымбат. Жалпы, шикізат болмаса он зауытты қатарынан салсаң да пайда жоқ. Қазір біз бидай, арпа, жүгері егіп, оған өзіміз өсірген күріштің қалдығын қосып, жем дайындап жатырмыз. Осы күнгі мыңдаған гектарды алып жатқан күріш алқаптарындағы ауыспалы егін талабы сақталмаса, шикізатқа зәруліктен бүгін-ертең құтылуымыз қиын, – дейді фермер.
Қызылорданың құрама жемі қайда?
Осыдан 5 жыл бұрын Қызылордада құрама жем шығаратын «Жанар-Ай Жем» зауыты ашылып, төрт түлік өсіріп отырғандар бір қуанып қалып еді. Облыстың өңірлік кәсіпкерлікті қолдау картасына енгізілген жобаны жүзеге асыру үшін «Жан-Арай Жем» ЖШС «Бизнестің жол картасы 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Сбербанк» ЕБ АҚ арқылы жеңілдетілген несие алған.
Сондай-ақ «Бизнестің жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында сыртқы инженерлік-инфрақұрылым тартуға республикалық бюджеттен 187 млн теңге бөлініп, трансформаторлық подстанса, газ жүйесі, су және кәріз су желілері тартылған. Бірақ қазір кәсіпорынның аты естілмей кеткендіктен облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасына сұрау салдық. Басқарманың дерегінше, аймақтағы мал шаруашылығының дамуына серпіліс берген нысанның ашылуы облысқа сырттан жеткізілетін құрама жем көлемін 20 пайызға азайтыпты. Өндіріс орнының қуаты күніне 80 тоннаға дейін өнім шығаруға жететін көрінеді.
Зауыт аумағында шикізат пен дайын өнімді сақтайтын қойма, автотаразы, лаборатория мен қаптама цехы салынып, тәулігіне 150 тонна күріш өңдейтін құрал-жабдықтар қойылған. Шикізаттың 50 пайызы өзінен шыққандықтан құрама жемнің сатылу бағасы сырттан келетін өнімдерге қарағанда 30-40 пайызға арзан екен. «Жалпы кәсіпорын қызметі бидай және күріш өнімдерінің жиналу мерзіміне тікелей байланысты. Бүгінде облыста күріш жинау науқаны басталды. Осыған орай, зауыт ай ортасынан ауа құрама жем шығара бастайды. Өнімінің 60 пайызы облыста сатылса, қалғаны Ақтөбе, Түркістан облыстарына және Шымкент қаласына жөнелтілуде» делінген басқарма мәліметінде.
Бірақ кезінде жарнамасы жер жарған осы зауыттың ауылдағы шаруаға шапағаты тимегені, тіпті кейбіреуінің бұл өндіріс орны жайлы естімегені таңғалдырады. Елде осы кәсіппен айналысып жүргендер әлі сол шеттен келген жемді сатып алып жүр. Сонда Қызылорданың құрама жемі қайда кетіп жатыр?
600 сиырға – 6 гектар жер
Осы аудандағы іргелі шаруашылықтың тағы бірі – «Заман Ата» шаруа қожалығы. Қожалық етті тұқымдардың бірі саналатын қалмақ сиырын өсіріп келеді. Осыдан 5-6 жыл бұрын малға берілетін субсидия көлемі кемімей тұрған кезде осы Аққорған ауылдық округінің өзінде 18 шаруа қожалығы құрылыпты. Барлығы да мал өсіріп, елдің аузы аққа тиіп қалған екен. Малға жем-шөп тауып беру мұңға айналғасын соның көбі жабылып, қазір жетеуі ғана қалған.
– Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында біздің салаға қатысты мәселені жерден бастағаны тегін емес. Біз үшін ең өзектісі сол жайылым мен жем-шөп болып отыр. Осыдан біраз уақыт бұрын табысымыздан шығынымыз артып бара жатқасын 140 сиырды сатуға тура келді. Көп кешікпей мал басын азайтуымның себебін сұрап, облысқа шақырды. Сол жерде 600 сиырды бар болғаны 6 гектар жерге бағып отырғанымды айттым. Осыдан кейін ғана мәселе зерттеліп, 18 гектар жерге ие болдық. Жасыратыны жоқ, бұған дейін кейбіреулерге мал беріп, жерін пайдаланған кезіміз болған. Биыл алғаш рет шөпті сырттан сатып алмай, өзіміз дайындап жатырмыз, – дейді шаруашылық төрағасы Зұлпыхар Сыздықов.
Жер жоқ емес, бар. Бірақ, шүйгінді алқаптардың барлығын қолы ұзындар әлдеқашан алып қойыпты. Бірақ, олардың малы тұрмақ өздерінің бұл маңайдан төбе көрсетпегеніне біраз уақыт болған. Шаруашылық төрағасы мал көбейсін десек, мыңдаған гектар жайылымдық алқапты төрт түлікті өсіруге талап қылғандарға қайтару керектігін айтады.
Ауылдағы ағайын да осы мәселелер агроөнеркәсіп кешенін дамыту жөніндегі жаңа ұлттық жобаны әзірлеуде ескерілсе деген тілек бар.
Қызылорда облысы