Биылғы Президент Жолдауының ерекшелігі, қоғамда қалыптасқан маңызды мәселелерге шешім табатын бағыттарды белгілеуінде. Жолдауда елдегі тұрақтылықтың, экономиканың әлемдік өзгерістер мен заман талабына сай қалыптасуының, адами капиталды дамытудың басты бағыттары әр сала бойынша сараланып белгіленген.
Қоныс аударғандардың ішінде жастар көп
Еліміз үшін маңызды мәселе – демографиялық ахуал. Тәуелсіздіктен кейінгі 30 жылға жуық уақытта республика халқының саны небәрі 12 пайызға өскен. Нақты деректерге сүйенсек, 1991 жылдан бастап 2018 жылға дейін Ресейден басқа ТМД мемлекеттерінің халық саны 21,0%-дан 68,0%-ға дейін өсті.
Ал көршіміз Қытай елінде 21,8% немесе 350 млн-ға өскен. Бұл өсім Қазақстан халқының санынан 20 есе жоғары. Яғни, Қытай 1991 жылдан бері 20 Қазақстан жасап отыр. Біздің ел үшін басты теріс фактордың бірі – елден көшіп кету. Қазақстаннан басқа елге тұрақты тұруға кетушілердің ішінде 43,8%-ын 15-тен 34 жасқа дейінгі жастар құрайды, бұл еңбек ресурстарының тұрақты азаюын сипаттайды.
Ал бұл жолғы Жолдауда демографиялық жағдайды реттеу үшін бала тууды ынталандыру туралы айтылған. Халық санының өсуін қамтамасыз ету табиғи өсімді арттыру және көші-қон арқылы жүзеге асырылатынын ескерсек, мүмкіндіктерді біржақты қарауға болмайтыны айқын.
Біріншіден, Жолдауда мамандар жетіспеушілігін атап өткен. Демек, шеттегі 5 млн-нан астам қазақ диаспорасы арасында қаншама білікті мамандар бар. Ел экономикасын дамытудың негізгі факторы белсенді халық, ол өндіруші және тұтынушы.
Екіншіден, шағын және орта бизнесті дамыту үшін оның ІЖӨ үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға дейін жеткізу көзделген. Бұл да қандастардың келуін ынталандыратын және экономиканың дамуына тікелей оң әсер беретін жағдай.
Үшіншіден, Жолдауда ауылдың әлеуетін толық ашу мәселесі стратегиялық тұрғыдан маңызды болып қала беретіні айтылған. Қандастардың барлығы дерлік ауылдық мекендерге орналасып жатқанын ескерсек, бос қалған қаншама ауылдарды дамытуға мүмкіндік бар.
Төртіншіден, солтүстік аймақтардағы ауылдарда мұғалім, дәрігер және ауыл шаруашылығы саласының мамандары жетіспейді. Осы тұрғыда шетелдердегі қандастар арасында білікті маман, тәжірибелі азаматтар қаншама. Қазір урбанизациялық үрдіс жалғасуда. Бұл ауыл мен қала дамуындағы аталған өзгешеліктің салдары. Келген қандас ауылда орналасып малын өсіріп, егінін салып тіршілігін жақсартуды көздейді.
Басқасын былай қойғанда осы айтылғандардың өзі көші-қонды ынталандыруға мүмкіндік береді.
Тиімді тетік көшіп келушілерді көбейтеді
1997 жылы қабылданған «Халықтың көші-қоны туралы» заңға қаншама өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Мәселе толық шешімін тапты деп айту қиын. Заңның орындалуы оның басқа салалық заңдармен байланысы және Үкімет қаулылары мен тиісті нормативтік-құқықтық тетіктермен тікелей байланысты. Заңның іс жүзінде орындалмауы осындай заңдық құжаттардың реттелмеуінен орын алады. Менің ойымша, шетелдегі қазақ диаспорасын қолдауды және Қазақстанға оралуын қамтамасыз ететін, нақтылы тетіктері белгіленген заң қажет. 1948 жылы тәуелсіздік алған кезде халқының саны 800 мыңнан аспаған Израиль мемлекеті бір жарым беттен ғана тұратын «Израильге қайту» заңының нәтижесінде бүгінде 9 млн-ға жетті.
Бұл тұрғыда ел аумағынан басқа мемлекеттерге, әсіресе жастардың қоныс аудару үрдісін реттеу қажет болса, екінші жағынан шеттегі қазақтың Отанға оралуын қамтамасыз ету керек. Тәуелсіздік жылдарында 1 млн-нан астам қандастардың көшіп келуі ерекше маңызға ие болғанымен әлі де көңіл көншітпейді. Қандастарды орналастыру, жаңа ортаға бейімдеу мәселелерінде біршама игі бастамалар болды. Алайда кейбір істер көші-қон жағдайын бір ізге түсіріп, жүйелі ұйымдастыруға кедергі де келтіргені белгілі. Әсіресе квота жүйесі, оралмандарды мемлекеттен баспанамен қамтамасыз ету үрдісі бастапқыда шеттегі ағайындардың елге оралу ынтасын арттырғанымен, 2000 жылдарда жемқорлықтың, қағазбастылықтың салдарынан үлкен сынға ұшырады. Бұл түсінікті жағдай, себебі қоныс аударып келген барлық қандастарды баспанамен қамтамасыз ету экономикалық тұрғыдан мүмкін болмағандықтан, квота жүйесі атамекенге оралуға ынталы ағайындардың келуін тежеді. Біз, халқымыздың «балық берме, қармақ бер» деген даналығын айтып, қандастарды орналастыруда қалаларға жақын мекендерден, болашағы бар ауылдардан үй салуға жер телімдерін және ұзақ мерзімге жеңілдетілген несие беру арқылы баспаналы болуын қамтамасыз ету тетігін жасау керек деген ұсыныспен шыққан едік. Сол кездегі Парламент депутаттары Шәмша Беркінбаева, Шерхан Мұртаза, Фариза Оңғарсынова, т.б осы идеяны қолдап, Алматы қаласынан қанатқақты жоба бастағанбыз. Қазір Байбесік ауылында 200-ден астам отбасы мемлекеттен бір тиын қаржы алмастан баспаналы болды. Әр үйде шағын өндіріс, цехтар бар, яғни барлығы еңбекте. Шеттен келген ағайындар көпбалалы екені белгілі. Отау көтерген балаларына қосымша үйін де тұрғызып беріп жатыр. Бұл бастама Павлодар, Ақтау, Нұр-Сұлтан қалаларында жалғасын тапты.
Қазір Нұр-Сұлтан қаласында арнайы жобамен «Нұр-бесік» тұрғын үй кешені бой көтеруде. Алайда мемлекеттен бір тиын да несие берілмеді, керісінше мемлекетке 40 млн теңгеден астам пайда кіргіздік. Қазіргі таңда кейбір заңдық нормалардың қарама-қайшылығы және әкімшілік кедергілерінің салдарынан салған үйлерінің жер телімдерін заңдастыру дұрыс шешілмей отыр.
Президент биылғы Жолдауында «Жер үй тек тұрғын үй ғана емес, ол табысы төмен азаматтар үшін, әсіресе көпбалалы отбасылар үшін экономикалық көмек бола алады», деп атап өтті. Демек, жүйелі тетік жасалар деген үміттеміз.
Айтқым келгені, бізде егер мемлекеттік мекеменің заңсыздығы немесе проблемалар туралы жоғары деңгейдегі органға өтініш-шағым жазсаңыз, оның жауабын сол мекеме немесе әкімшілік өзі береді. Ондай жағдайда әділеттілік орнына әкімгерлік, жемқорлық, қағазбастылық пен көзбояушылық үстемдік ететіні түсінікті. Соңында мәселе шешілгенді қойып, сол мәселені көтерген адам жеккөрінішті болады. Әкімшілік есігі оған әрдайым «тарс жабық». Жоғары деңгейдегі шенеуніктен «Оралман мәселесін көтеріп, бізге проблема тауып бердің», деген де сөгіс алдым. Қазіргі жағдай осылай. «Қазақстан Республикасының әр азаматына баспана салуға 10 сотық жер теліміне ие болу құқығы берілген» деген заң тармағы қағаз бетінде ғана тұр. Бірақ бұл мәселені шешуге әлі кірісудеміз.
Заң баптары халыққа түсінікті болу керек
Жолдаудағы ауыл мәселесіне тоқталсақ, жағдай көңіл көншітерлік емес. ХХІ ғасырда сусыз, жолсыз, байланыс жүйесінсіз отырған ауылдар жеткілікті. Кейбір ауылдарда әр сыныптан 2-3 баладан, бірнеше сынып бірігіп оқитын мектептер бар. Ондай жағдайда қандай сапалы білім, саналы тәрбие берілетіні айтпаса да түсінікті. 15-16 оқушысы, 20-дай жұмысшы-қызметкері бар мектептер бар. Ауыл халқының жеке малын жаятын, жем-шөп дайындайтын жері жоқ. Жер латифундистердің қолында. Не өзі, не өзге жемісін жемейді. Ауыл әкімі жер иесінің атын айтудан қорқады. Міне, байтақ даламызда қазақтың малын жаятын жері кәдеге аспай тұр. Президент Жолдауында бұл мәселе де көтерілді. Қуантарлық жағдай, ҚХР, Моңғолия, Өзбекстаннан қандастар келіп жатыр. Қарапайым ауылдың әкімі «Қандастар келіп ауыл мектебі сақталып қалды, аулаға жеміс-жидек егіліп, табада нан пісіріліп, ақ тамақтың түрі жасалып дастарқан түзелді. Ауылда Наурыз мерекесі тойланып, қазақша киініп, домбыраның үні шарықтап, әндер шырқалып, жаңғырып жатырмыз деп ағынан жарылды. Өкініштісі, тағы ағайындардың малын өсіруге, шағын несиелер алып кәсібін дөңгелетіп кетуіне мүмкіншілік аз.
Президент Жолдауындағы жергілікті өзін өзі басқару жүйесін дамыту үшін ауыл әкімдерін сайлау арқылы құқықтары мен жауапкершілігін арттыруға байланысты ұсыныстары бұл мәселенің де түйінін шешер деген үміт бар.
Көші-қон мәселесіне араласқалы біраз жыл болды. Парламентте, Үкімет отырыстарында түйткілді мәселелерді көтеріп келеміз. Жалпы, көші-қон мәселесін мемлекеттің басқа мәселелерінен бөліп қарауға болмайды. Біздегі үлкен кемшілік осында. Елдің қалыпты дамуы құқықтық базаның деңгейімен, басқару жүйесінің біліктілігімен, білім-ғылым, денсаулық, мемлекеттік идеологиямен, аумақтардағы демографиялық, экономикалық жағдайлармен, өндіріс саласының дамуымен тікелей байланысты. Әлемді жайлаған пандемия, экономикалық дағдарыс, шикізат бағасының төмендеуі – табиғи байлығымызды сатып бақуатты өмір кешеміз деген бізді ең алдымен тығырыққа тіреді. Осы кезеңде жіберген қателіктеріміз алға шыға келді. Ең алдымен, ел экономикасын ілгерілетіп, халықтың қалыпты тіршілігін қамтамасыз ететін құқықтық тетіктеріміздегі олқылықтар, яғни заңның орындалмауы, атқарушы биліктің, басқару жүйесінің халықтың мұң-мұқтажынан алшақтығы айшықтала түсті. Бұл, қабылданған заңдардың қарапайым өмірмен ұштаса бермеуі десек, екінші жағынан, қоғам талабына сай кез келген заңдар толықтырылып, өзгертіліп отыруы керек. Біздегі заңдар – бір-бір том кітап. Қарапайым халықтың оны оқып түсінуі қиын. Сондықтан құқық бұзушылық, сот жүйесінің әділетсіздігі, атқарушы биліктегі мамандар сауатының төмендігі деген сияқты сылтаулар көбейе түседі. Заңның әр бабы нақты және тиянақты, халыққа түсінікті болуы керек. Бұл – талқыланбас қағида.
Қайрат БОДАУХАН,
С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты, республикалық «Асар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы