Мал баққан ауыл адамының көрген бейнеті мен тартқан азабын ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жем-шөбін шашпай-төкпей жинап алып, ауру-сырқауының алдын алу, күн сайын қора-қопсысын тазалап, өрісте жүріп өрістеп кеткенін сандалып соңынан іздеу де бір бейнет. Малсақ адамның жыл он екі ай көретіні – осы. Ол ол ма, ит жетектеп төрт аяқты түз тағысынан қору былай тұрсын, екі аяқты барымташының залалы мен зардабы жанға батады. Өткен сегіз айдың өзінде қылмыстың нақ осы түрі 2174-ке жетіп отыр.
Несін жасырайық, өндіріс ошағы өркендеп тұрмаған елді мекендердегі ауыл тұрғындары үшін күнкөрістің бірден-бір көзі – алдындағы малы. Соған сенеді, соған сүйенеді. Бордақылап соғымға сойсам, той-томалақ, өлім-жітімде бауыздасам дейді. Дүкендегі қарызымды қайтарып, өсіп келе жатқан ұл-қыздың оқу ақысын төлесем, көйлегін көк, қарнын тоқ етсем деп жарғақ құлағы жастыққа тимейді. Соны ойлап жаз болса аптап ыстық, енді бірде жауған жаңбырмен жағаласып жем-шөптің жағдайымен жүргені. Екінің бірінде техника қайдан болсын, сол орған шөбін тасымалдайтын жанар-жағармай шығыны, жеткізіп берушінің қолақтығы тағы бар. Қыс түссе әлгі орған жем-шөбі жер қарайғанша жете ме, жоқ жетпей ме деп тағы сол сары уайымға салынады. Сол еңбегі еселеніп қайтса жақсы ғой. Алып-сатарлардың алдап-арбауымен мал да қымбатқа бағалана қоймайды.
Сондағы өкініштің ең сорақысы айлап-жылдап баққан малдан бір-ақ сәтте айырылып қалып, сан соғып отыру болса керек-ті. Бәрінен бұрын барымташылардың осы әдеті өзекті өртейді. Осы мәселені Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үнемі назарда ұстап келеді. Мәселен, өткен жылы сәуірде Президент Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа отырысына қатысып, барымтаға барудан бас тартпайтындарға қатысты заңды қатайтуды тапсырған еді. Сол жылы маусымда Президент Жамбыл облысының тұрығындарымен кездесу кезінде «Соңғы кезде қорадағы малын таппай қалатын азаматтар көбейіп барады. Өткен жылы елімізде 5,5 мың мал ұрлығы тіркелген. Ұрлық жақсылыққа апармайды! Бұған тыйым салу керек! Адал еңбек етіп, күнін көріп отырған малшыларды қорғауымыз қажет! Заңды қатайтып, қылмыскерлерді сыбайластарымен қосып, қатаң жазалау керек», деп айрықша атап өткен болатын.
2019 жылы қазанда Президент өзінің Twitter-дегі жеке парақшасында осы мәселеге қатысты «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» деп жазды. Мемлекет басшысы бір емес, бірнеше мәрте ескерткен соң, қандай да бір қозғалыс болу керек еді. Ақыры, сол қадам өткен жылдың соңында жасалды. Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев Қылмыстық кодекске «Мал ұрлығы» туралы жеке бап енгізілгенін хабарлады. Аталған бапта ауыл тұрғындарын алаңдатып отырған барымташылардың жазасы күшейтілді. Яғни, заң бұзушылықтың бұл түрі аса ауыр қылмыстардың қатарына жатқызылды.
Мұндайда еліміздің заң шығару органы неліктен осындай қадамға барды деген заңды сауал туындайды. Оны да айтайық. Мәселен, бұған дейін еліміздегі Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 147-бабына сәйкес, заң бұзушыларды қамауға алуды бұлтартпау шарасы ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасаған азаматтарға ғана қолданылып келді. Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 68-бабына сүйеніп, аса ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыс жасаған адам жәбірленушімен, арыз берушімен татуласқан (соның ішінде медиация тәртібімен), келтiрген зиянның орнын толтырған жағдайда жазадан әп-сәтте құтылып шығатын еді. Бұл бір жағынан құқық қорғау органдары үшін қолбайлау болды. Олардың еткен еңбегі мен төккен тері зая кетіп, ұрылар сот залынан амалын тауып, жазадан құтылып кетіп жатты. Ендігі күні осы олқылықтың орны толып, қылмыскерлердің жауапкершіліктен «құтылып шығар жолы» жабылды. Өткен жылдың соңында Президент еліміздегі қылмыстық заңнаманы жетілдіру жөніндегі заңға қол қойды. Соның ішінде осы мал ұрлығына қатысты бап та бар. Бұдан былай, қылмыстың осы түрін жасағандар үшін «теріс қылық» пен «орташа ауыр қылмыс» деген анықтама алынып тасталды. Жаза да күшейді.
Ендігі күні бөтен адамның төрт түлігіне қол салған адам ең аз дегенде 7 млн теңге көлеміндегі айыппұлмен ғана құтыла алады. Айыппұл – жазаның ең жеңіл түрі. Себебі, барымтаға барғаны үшін 5 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал егер көп адам болып топтасып, ұрлыққа алдын ала сөз байласып барған болса қылмыскерлердің бас бостандығынан айырылу мерзімі 7 жылға дейін созылады. Осы адам сүйгісіз әрекетке бірнеше рет барса немесе мал қораға кіріп ұрлық қылса жазалау мерзімі 10 жылды құрайды. Сонымен қатар ұрлық аса ірі көлемде жасалып, мұнымен қоймай барымташылық қылмыстық топ болып жасалса қылмыскерлер 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Заңдағы бұл өзгерістер мен түзетулердің бұрынғысынан тағы бір ерекшелігі сол, осы санаттағы қылмыстар бойынша татуласуға мүлде рұқсат жоқ. Мал ұрлығына қатысты заң тек бізде ғана қатаңдап отырған жоқ. Мәселен, шекараның арғы жағындағы Өзбекстан да қайталап ұрлыққа барғандарды 8-ден 15 жылға дейін бас бостандығынан айырады екен.
Қылмыстың осы түріне бел буғандарды құрықтау да оңай болмай тұр. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, оған ең алдымен өрістегі төрт түліктің қараусыз қалуы себеп болып отыр. Сонымен қатар малды жалған ветеринарлық төлқұжатпен алып жүру деректері көптеп кездеседі. Кей кездері мал иесі де ұрлық фактісі туралы тиісті органдарға кешеуілдеп хабарласатын көрінеді. Бұған қоса малды сәйкестендіру мен есепке алу кезінде де бірқатар шешілмеген мәселелер бар. Тергеу, іздестіру амалдарын қиындататын тағы бір жағдай өрісте қараусыз жүрген малды іздеуге құқық қорғау органдары тарапынан көп күш пен ресурс жұмсалады. Полиция қызметкері апталап мал іздеп, тіпті кей кездері бұл жұмысқа тікұшақ жалдауға да мәжбүр болады. Бір өкініштісі сол, осы мәселелерді оңтайландырып, жұмысты жеделдетудің амалдары әлі де жүйелі жолға қойылмай келеді.
Бүгінде елімізде ресми мәлімет бойынша бас-аяғы 80 мыңнан астам тәртіп сақшысы бар. Солай екен деп қылмыс саны азайып кетсе, кәне? Жыл сайын Қазақстанда жасалатын қылмыстың 70%-ға жуығы осы ұрлық мәселесіне қатысты болып отыр. Соның ішінде осы мал ұрлығы тыйылар емес. Өткен жылдың өзінде осы сипаттағы 4700 қылмыстық іс тіркеліпті. Кейінгі бес жылда елімізде бас-аяғы 91 мыңнан астам мал ұрланған көрінеді. Соның 42,5 мыңы иесіне қайтарылды.
«Қайтқан малда береке бар» дейді халқымыз. Малмен қатар, заң қатаңдағалы ырыс пен берекеміз де қайтып келіп жатқан секілді. Мәселен, өткен сегіз айда еліміздегі ұрлық саны – 52%-ға (былтыр – 98 мың, биыл – 47,5 мың), тонау – 50%-ға (былтыр – 4576, биыл – 2288), бұзақылық 46%-ға (былтыр – 4524, биыл – 2454) кеміді. Бұл туралы Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов айтып отыр. «Ауыр қылмыстың бірі – мал ұрлығы. Президент осы мәселеге ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде мал халықтың байлығы емес, ол қашан да тіршіліктің көзі. Қазақ амандасқанда алдымен «мал-жан аман ба?» деп сұрайды. Оның мағынасы зор. Себебі, қарапайым қазақ аздаған малмен жан бағып отыр. Соңғы жылдары мал ұрлығы кәсіпке айналып, ұйымдасқан қылмыс түрі болып кетті. Сондықтан Қылмыстық кодекске «Мал ұрлау» деген жеке бап қостық. Ол өз нәтижесін беруде. Қазіргі күні мал ұрлығы 24%-ға азайып отыр», дейді М.Ахметжанов.
Оның айтуынша, барымташыларға қолданылатын жазаның ауырлап, татуласуға тыйым салынуы – ұрлыққа мықты тосқауыл болып отыр. Мәселен, биылғы сегіз айда мал ұрлау фактісі 2174 болса, былтыр дәл осы мерзімде 2868-ге жеткен еді. Бұл мал ұрлығы азайып келеді деген сөз. Бұл да Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде қабылданған заңның жемісі. Мысал ретінде мына оқиғаны айтуға болады. Биыл мамыр айында Түркістан облысында мал ұрлығымен айналысқан 5 адам (қылмыстық топ) ұсталған еді. Олар 200-ге жуық ірі-қараны ұрлап, ауыл адамдарын миллиондаған теңгеге шығынға батырды. Биыл 1 қыркүйекте сот мал ұрлығы туралы жаңа бап бойынша сол 5 бес адамның әрбіреуін 8 жылдан бас бостандығынан айырды.
P.S. «Қазақтың бір міні – мал ұрлығы». Өкінішке қарай, Абай айтқан осы бір міннен әлі де арыла алмай келеміз. Заман өзгерді дегенімізбен, адамзат баласының өзгере қоймағанына хакімнің осы бір сөзі дәлел болса керек-ті. «Көш – жүре түзеледі» ғой. Сол ұлы көшіміздің тізгінін ұстаған Мемлекет басшысы жыл санап олқылықтардың орнын толтырып келеді. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде. Ой жүзінде емес, заң жүзінде!