• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Пікір 10 Қыркүйек, 2020

Мемлекеттік қызметтің жаңа үлгісі

1511 рет
көрсетілді

Мемлекеттік басқарудағы жаңа модельдің бірі – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Бұл мемлекеттік басқаруға, кадр сая­сатына, шешім қабылдау жүйесіне, сондай-ақ оларды орындау жауапкершілігіне көзқарасты өзгерту үшін қолға алынған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында мемлекеттік басқарудың жаңа үлгісіне тағы да кеңінен тоқталды. Өйткені елімізде мемлекеттік қызмет жүйесін ретке келтіріп, қайта құрудың алғышарты бар.

Біріншіден, мемлекеттік бас­қа­рудағы жаңа модельге бай­ланысты сервистік мемлекет тұжырымдамасының бастап­қы бейнесі көріне бастады. Бұл – ауыл әкімдерін сайлау, инфра­құрылымдық, әлеуметтік баста­маларға аудандар мен ауылдық окургтердің бюджетінен қаражат бөлу үшін қоғамдық сараптама жүргізу, халық бюджеті ұғымын қолданысқа тереңірек енгізу. Сондай-ақ мәслихаттардың қоғам­дағы рөлін, құзыреттілігін күшейту, ашықтығын қамтамасыз ету, петиция институтын заңды түрде дамыту, осы арқылы өңір мен орталық арасындағы байланысты жетілдіру, өзін-өзі басқару институтының бейнесін жаңғырту, оның даму жөніндегі түбегейлі тұжырымдамасын әзірлеу.

Президент атап өткендей, «егер азаматтардың әл-ауқатын шын мәнінде жақсартқымыз келсе, олар­дың өздерін осы іске белсенді түрде тартқан жөн». Сондықтан мемлекеттік басқарудың жаңа моделі әр азаматтың мұң-мұқ­та­жын, халықтың үнін ескеруге бағытталып отыр. Осы орайда негізгі өзгерістер өңірлерден бас­тау алады. Мәселен, Атырау облысында келесі жылы 22 ауылдық округ әкімінің мерзімі аяқталады. Сол себептен, ауыл әкімдерінің сайлауын өткізу маңызды болмақ.

Ал сервистік модель аза­мат­тарға көрсетілетін қызметтердің сапалы әрі қолжетімді болуын көздейді. Президент сөзімен айт­қанда, «Адамдар емес, деректер жүгіру» керек. Демек, қағаз түріндегі құжаттардан бас тартылып, цифрландыру арқылы сұранысқа ие анықтамалар жо­йылады. Жалпы, цифрландыру саласында оң өзгерістер байқалады. Мәселен, Атырау облысында жер­гі­лікті атқарушы органдардың элек­тронды қызмет түрінің үлесі 97 пайызға жетті. Мұның ішінде көрсетілген қызмет саны – 1 047 094, ал электронды түрде көрсетілгені – 1 015 787. Алдағы мақсат – ортақ мәліметтер базасын қалыптастырып, ІТ саласын саласын жетілдіру. Себебі қол­даныстағы электронды қолтаң­баны алуға, оны қолдануға қа­тысты көптеген мәселе туын­дағаны белгілі. Мұны пандемия кезінде анық байқадық. Енді Жолдауда айтылғандай, био­метрия­ны кеңінен қолдану енгі­зіл­мек. Бұл электронды қызметті алуды жеңілдетуге жол ашады.

Екіншіден, Жолдауда мем­ле­кеттік менеджментті жетілдіру мәселесіне баса назар аударылды. Басқару өнерінде адамзат ойлап тапқан үш тәсіл бар. Бұл – жүйелік, процестік, жобалық.

Біріншісі – жүйелік тәсіл. Пре­зидент көптен бері түрлі жағ­дайда туындап келген мәсе­лелерді ескеріп, жүйелі өзгеріс­терді енгізуді ұсынды. Оның ішінде Төтенше жағдайлар министр­лігін, Президентке тікелей ба­ғынатын Стратегиялық жоспар­лау және  реформалар агент­тігін, Бәсекелестікті қорғау және да­мыту агенттігін құру, басқа­ру жүйе­сіндегі өз мақсатын ақта­маған жауапты хатшылар инсти­ту­тын жою, мемлекеттік аппарат пен квазимемлекеттік сектор қыз­меткерлерін қысқарту мерзімін же­делдету секілді өзекті мәселелер бар. Биыл мемлекеттік қызмет­шілер қатары 10%-ға, ал келесі жылы тағы да 15%-ға қысқарғалы отыр. Сөйтіп, 2021 жылы бұл саладағы қызметшілерді 25%-ға қыс­қарту міндеті орындалады.

Екіншісі – процестік тәсіл. Басқару процесі жоспарлау, ұйымдастыру, мотивациялау, бақылау және бағалау кезеңдерінен тұратын болса, кем дегенде екі мәселеге барынша назар аударылады. Ең маңыздысы – жоспарлау. «Күнделікті мәселелерді шешуге көп уақыт және күш жұмсалады, деді осы орайда Президент. Міне, осы мәселеге орай арнайы құрылғалы отырған Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуын өрістетуге серпін береді.

Әрине, кез келген реформа бірінші кезекте адамдардың қолдауын, ынталандыру жолдарын таппаса, жүйелі іске асуы қиындайды. Мәселен, мемлекеттік аппаратты мотивациялауға негіз болатын жаңа жалақы жүйесі келесі жылдың 1 шілдесінен толық іске қосылады. Мұның өзі – оң бас­тама. Биыл Атырау өңірінде жаңа жалақы жүйесі факторлы-балдық шкала түріндегі пилоттық форматта қолданысқа енгізілді. Аталған жүйеге жергілікті бюджеттен 6,5 млрд теңге қаралып, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы 2,5 есеге өсті. Қанатқақты жобаны жетілдіруге қатысты әзірленіп жатқан бірнеше маңызды ұсыныс мұқият зерделенеді.

Үшіншісі – жобалық тәсіл. Президенттің мәлім еткеніндей, әр мемлекеттік қызметшінің жұмысында күнделікті процесс емес, нақты нәтиже басым болуы тиіс. Демек, саны жағынан бастан асатын көрсеткіштер мен индикаторларға толы мемлекеттік бағдарламаларды барлық азаматқа түсінікті, жинақы ұлттық жобалармен алмастыру көзделеді.

Үшіншіден, жаңа басқару моделі, мемлекеттік менеджментті жаңғырту секілді концептуалды мәселелерден бөлек, мемлекеттік қызметшілердің жол картасы айқындалып отыр. Әсіресе осы кезде кәсіби дағдысы мол, батыл ойлы, бастамашыл жаңа кадр­лар керек. Алайда  жоғары жыл­дамдыққа қойылған кадрлық жаң­ғырту дәстүрлі қалыптасқан бас­қару құндылықтарын жоғалтуға себеп болмауы керек.

Мемлекеттік қызметшілердің кәсіби, әдептілік талаптары төмен­демегені жөн. Осы орайда облыстық ардагерлер кеңесі жанынан құрылған тәлімгерлер кеңесіне үлкен үміт артып отырмыз. Қазір бұл кеңес өз жұмысын бастады. Бұдан бөлек, Әдеп жөніндегі кеңес пен уәкілдер, кадрлық комиссиялар жұмысын жаңа форматқа көшірді. Мұның нәтижесінде төменгі лауазымнан басшылық лауазымға 35 адам (67,3%) тағайындалды. Осы жылы тағайындалған мемлекеттік қызмет­ші­лерге 77 тәлімгер бекітілді. Кадрлардың сапалық құрамы бойынша 2 668 (91,8%) мемлекеттік қызметшінің жоғары білімі бар. Ал биылғы алты айда 224 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тарты­лып, былтырғы кезеңмен 19,7%-ға тө­мендеп отыр. Осының өзінен мемле­кеттік қызмет саласындағы реформаның, мемлекеттік қыз­мет­шілердің міндетін жауапкер­ші­лікпен атқаруға ұмтылысының бастапқы нәтижесі көріне бастады. 

 

Салауат МҮКСІМОВ,

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы