
Американың Forbes журналы жасаған рейтинг бойынша Ресей президенті Владимир Путин әлемнің 2013 жылғы ең ықпалды саясаткері ретінде бірінші орынға шықты. Бүгінгі күннің нағыз сенсациясы болып табылатын бұл хабарды журналға сілтеме жасаған «Аргументы и факты» апталығы жариялады.
Бұған дейін шет елдік сарапшылар жасаған барлық рейтингілер саяси астары бар әрекет ретінде Ресей билігі тарапынан ұдайы сынға ұшырап келген болатын. Олардың қатарында жоғары оқу орындары мен ықпалды саясаткерлерге қатысты рейтингілер көбіне-көп ауызға алынатын. Міне, осындай жағдайда Путиннің озып шығуы шын мәнінде ешкім күтпеген оқиға болды. Ал екінші орынға Қытай лидері Си Цзиньпин орналасса, АҚШ президенті Барак Обамаға тек үшінші орын ғана бұйырыпты.
Осыған орай Ресей басылымы бұл Обамаға орныңды біл, кететін уақытың болды, деген ишара емес пе екен, дейтін сауал тастайды.
Сәкен Майлыбай.