• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Таным 11 Қыркүйек, 2020

Ақиқатты алтын табаққа салып, ақтарып беріп тұрған туындылар

645 рет
көрсетілді

Бұл дүнияны жағымды жаңа­лық­тар тазалайды және сондай дең­гейдегі жағымды жаңалыққа құш­тарлар оны баянды етеді. Баян­ды ететін себебі – бұл оның рухани байлығы. Әсіресе өнер­дегі жаңалық! Біз – көрермендер мен оқырмандар – әрбір биік деңгейдегі жаңа туындыны көріп немесе оқып қатты әсерленген кезде, көңіліміздің төрінде өзі­міз­ден өзіміз биіктеп, жаңа бір орби­таға шыққандай боламыз! Шық­қандай боламыз емес, шығамыз!

Драматург Роза Мұқанованың дра­ма­лық шығармаларының бәрін бұған дейін де оқып жүрмін, әрине. Дегенмен, оның «Фаризасы» мені қатты тол­қыт­ты. «Фариза» пьесасын оқып, одан кейін сахнадан көріп, Розаның драма­лық шығармаларындағы бір алтын желі­ні көрдім. Ол психологиялық-тра­ге­диялық, кейде комедиялық-тра­гедиялық желі екен. Бір-бірінің жал­ғасы іспеттес болып, бірін-бірі толық­тырып, бірі-бірінің жаңа қырын ашып, қаламгер қуатының дарияға айналып жатқандығын көрсетеді екен.

«Мен сені түсімде жазам Өлең! Мен сені сағынып жазам, Өлең!» дейді Розаның Фариза-ақын кейіпкері. Негізі бұл драмалық шығарманы Фа­риза Оңғарсынова туралы дегеннен гөрі, ақын­дық туралы немесе өлеңнің жарық­қа шығуының стихиясы дегенге келеді екен деген ойға келдім. Ақын­ның ішкі әлемін құрамдас элемент­терге бөліп тастап, шашып тас­тап көр­сетіп, сосын пьесаның соңын­да қай­та құрастырғанда, ақындық де­ген­­­нің не екендігіне енді ғана көзің жетеді. Жаратушы Иеміз ақын­дық­ты жарық дүниеге адам кейпінде жібер­генімен, оның ішкі ғарышына Мен­делеев кестесіндегі сияқты күрделі эле­менттерді қоса жіберетіндігін осы туын­дыдан айқын байқайсың. «Кім­менен жүр, қайда бар, қаншама азап шек мейлің, Жүрегіңнен бәрібір мен ешқашан кетпеймін», деп ақын өзінің ғашықтық әлемінің астарын шырқай айтқысы келіп еді, оған аяқастынан пайда бола қалған Кемпір-кейіпкер: – Жоқ!!! Еркек саған парыз емес. Өлең – ПАРЫЗ. Ғашық етіп өзгелерге әуре болма құр босқа, – деп үмітін бір-ақ кесті. Пьесадағы бұл Кемпір-кейіпкер Фариза ақынға қайта-қайта елес болып көрініп кетіп жүретін оның Тағдыры еді. Автор пенде ретіндегі Фаризаны емес, ақын Фаризаның жан дүниесіндегі ақындықтың психоло­гиялық-трагедиялық, лирикалық-прог­­рессивтік-философиялық сипат­тағы поэ­зияның өмірге келу драмасын көр­сетуді мақсат еткен. Ол автордың өзі ойлағандай дәрежеде биіктік, тал­ғам­­паздық, барынша шынайылық шыңында көрінді дей аламыз.

Ақынды адам кейпінде ғана көру – үйреншікті көру. Ал ақынды ақын ретінде көру – ол басқа траектория. Басқа параллельдер арқылы жүретін қисындар. Ақын өз болмысына «Өлеңді өзіңе ал да, мені өзіме қайтар» деп жанұшырады. Міне, нағыз ақынның нағыз шындығы осы. Өйткені өзі – өзі емес. Оны қинайтыны да осы жағдай. «...Атақ! Даңқ! Маң­да­йыма бұйырғаны осы-ақ па?». Фа­ри­за ақынның нағыз шындығы – ол ақын емес, кәдімгі пенде болғысы ке­ле­ді. Кәдімгідей тұрмысқа шығып, бала сүйгісі келеді. Әйел затының ең қа­сі­ретті де құдіретті трагедиясы – бала.

Бала сүйе алмау трагедиясы қалам­гердің «Сарра» драмасында әрі қарай жалғасады. Сона-а-ау Пайғамбарлар дәуіріндегі Сарра мен Президенттер ғасырындағы ақын Фаризаның ішкі трагедиясы бірін-бірі ашып тұр.

«Фаризада» ақын көп жағдайда өзінің ішкі әлемін сыртқа шығара бермейді. Оның бәрі ішінде. Біз сах­надан сол «ішіндегіні» көреміз. Деген­­мен ішкі толқыныс пен ішкі қақ­ты­ғыстар кейде оған ырық бермей, ақынның мінезінен байқалып қалады. Сонда да, Фариза-кейіпкердің ішкі цензурасы мықты. Ал Саррада ішкі цензураның өзі цензура болмай қалады. Ол сыртқа атыла шығады. Бар бітім-болмысымен. Ол пайғамбар күйеуін барынша бақытты еткісі келіп, бірақ өзінің бала таппайтын бедеулігіне ашынып, енді күйеуін өзінен суытып, Ажар сұлуға көңілін аударту үшін ешбір әйел заты айта алмайтын шындықты айтады: «Жасына жетіп көрінгенмен ұрысқан, қабағы қатып тырысқан, дамбалы бұтына қатқан, өзі тумайтын құдай атқан, біздиген ғана бойы бар, адам таппас ойы бар, басы мүйіз, көті киіз кемпірдің керегі не? Кемпір, сұм-сұрқия ойы бар кемпір – Саррамын мен!». Неше жерден тозып отырса да қай әйел өзін осылай сипаттайды? Ешбір әйел айта алмас! Бірақ Сарраның өз қалауын қалай да жүзеге асыру үшін өзі туралы осылай айта алатындығына сенесіз. 

Фариза мен Сарра – екі түрлі тағдыр, екі түрлі ғарыш. Бірақ арғы код­тары бір. Екеуі де шыншыл. Фариза – кемел ақын, Сарра – кемел әйел. Сарраның қызғанышы – жарын сүйген күллі әйел затының қызға­нышы. Бірақ сол қызғанышты бала таба алатын әйел үшін құрбан етуі – бұл тек әйелдер ғана жасайтын ерлік. Алайда сол ерлікті жасауын жасады да, Пайғамбардың назары Ажар сұлуға көбірек ауып кеткен кезде баяғы қызғаныш қайта бас көтерді. Ал Ажар сұлудың сәбилі болатындығын білген кезде, баяғы қызғанышы қайта бас көтергені соншалық, «қайта шап­қан жау жаманның» дәл өзі болып, қайта шап­қан қызғаныштың құді­реттілігін осы Сарра бейнесі дәл көрсетті. Автор Сарра арқылы қыз­ғаныштың философиялық образын жасады. Қызғаныш сезімі әйел бейнесіндегі кейіпкерге айналып кеткендей. Сарраның қылығын емес, қызғаныштың қылықтарын көре бастайсың. Осылайша кейде Розаның бір кейіпкерінен тағы бір кейіпкер­ді көріп тұрасың. Ол абстракциялы кейіп­кер. Оқиғаның қиыннан осылай қиюласуы – қаламгер шеберлігінің тағы бір көрінісі. Сарра арқылы автор махаббаттану зертханасының қайнаған қызу жұмысын көрсеткендей. Жан дүние интернетінің элементтері мен кодтарын шеберлікпен ұсынады.

Қазір жаттанды кейіпкерлердің жаттанды сөздері, өтірік «трагедия­сы» сахнадан бірте-бірте ығысып барады. Олардың көрермені де театр залдарынан бірте-бірте шығып кетті. Сахнаға Сарралар, Фариза-ақындар, «Шатыр астындағы Мендер» келе жатыр. Көрермендер де залға қайта оралуда. Қазіргі көрермен мен оқырман­ның да психологиялық жүгі өте ауыр. Ақпараттық дауылдардан ық іздеген олар осындай спектакльдерге келіп, жетімсіреп қалған өздерін тапқандай күйге бөленері анық.

Р.Мұқанованың «Шатыр астын­дағы Мен» пьесасы әлі сахнада қойыл­ған жоқ. Ұсынылмағандығынан емес. Ұсынылған. Заманында шығар­ма­лары бағаланбаған Стендаль «Мені 1900-жылдары тауып алады» деп жазып кетіпті. Шынында да ол өзі өмірден өткеннен кейін жарты ғасырдан астам уақыттан соң ғана таныла бастады. Әрине, «Шатыр астындағы Мен» пьесасы бұлай ұзақ уақыт сөреде жатып қалмас.

Бұл пьесаның кейіпкерлері – қазіргі сынға ұшырап жүрген кейбір ше­неу­ніктік көзқарастар мен ұста­ным­дар және соларға «бас шұлғудан» басқа іс-әрекетті білмейтін қоғамдық орта. Қатып қалған қағидаларға жатып қалған «еті өліп кеткендік» проблемасы – қай қоғамның да, қайбір дамыдым деген мемлекеттердің де бас ауруы шығар. Ол біздің қоғамда жоқ десек, өтірік айтқандық болып шығады. Өйткені адамзат адамзат болғалы бері «бас шұлғушылары жоқ» қоғам да, ондай мемлекет те болған емес. Болмайды да. Пьеса сол сырқаттың диагнозын дәл қойған және соған ем іздеп жүр.

Пьесада тоқыраған қоғамдағы билік психологиясы сөз алады. Кейіп­керлердің аттары да өз образдары­ның сипатын келтіреді: Анти-Шрек, Буфо, Ерло, Сапақ Саталович, Имова. Есімдерінің осылай аталуының өзі қоғамдық қатынастардағы қисын­сыздықтардан хабар беріп тұрғандай. Анти-Шректің «Ақымақ, мен саған таланттыларға билігіңді жүргізіп, ұршықша иіре бер дедім. Қолында билігі барларға емес... Қолында кіш­кентай билігі болса болды, тоңқаң­дап, басыңды сәждеге ұрғандай ұрғылай бер, ұрғылай бер. Маңдайың жа­рылғанша ұрғыла...». Анти-Шрек­тің сөздерінің астарынан мұның өз еркімен пайда болған ұстаным емес екендігі бірден түсініледі және бұл – жұқпалы ұстаным. Көзге көрін­бейтін вирустар болып, әркімнің сана­сы­на қонатындығымен де қауіпті. Оған осылай дегізетін басқа бір күш­тер категориясы және олар осы сөз­дерінің арғы жағынан сығалап, ызғар шашып тұрғандай. Ал Буфоның Анти-Шректің бұл сөздеріне берген жауабы жауаптан гөрі ішкі трагедиясы сияқты естіледі: «Дұрыс айтасың, менің ешкімім де жоқ. Мен кімді жөнге келтіргендеймін, бір бай­құспын. Қоқаңдауға болмайды маған, дұрысын айтқанда – жақпайды. ...Се­нің айтқаның рас. Әкімшіліктің қыз­мет­кері сияқты емеспін. Мен сенің көңіліңді аулайтын құбыжық сияқтымын». Өзін құбыжық сияқты сезінетіндер аз ба! Аз емес! Шын құбыжықтығынан емес. Күштілердің тісі батқандығынан. Тіпті жеке адам ғана емес, өзін құбыжық сияқты сезі­нетін мемлекеттер де бар. Өйткені олар­ға да күштілердің тісі батқан, батып та тұр. «Құбыжық» сияқты сезіну зонасы дамуды ноқталап, ілгері бас­пастың қазығына байлап тастайды. Жеке адамды да, мемлекетті де. Тіпті сол қалпында жүре берсе, шынында да, құбыжық сияқты қимыл жасауға көше бастайды. Буфо – сондай қимыл жасауға дайын болған кейіпкер. Буфоны жеке тұлға емес, тұтас бір қоғам деп қабылдауға болады. Анти-Шрек пен Буфоның бұл шағын ғана диалогы – үлкен ой саларлық диалог.

Қазіргі заман көрермені ширыққан дүние болмаса, болбыр образдар мен сентиментальды, жылауық сөздерге, жыбырлақ көріністерге аса илана да қоймайды, әсер алмайтыны, сірә анық. Өйткені қазіргілердің сана­сы цифрлы-визуалды ортада жү­ріп ширыққан. Аз сөзден, шағын көрініс­тен көп әсер алғысы келіп тұрады. Тез тістеп, жылдам жұтады. Асау образдарды жаны сүйеді және шындықтың жарқырай көрінгенін қалайды. Біздің көрермен мен оқырман алдамшы сөзге алданып та болды, мардымсызға малданып та жүрді. Бұл күнде олар талғам биіктігі жағынан «қамал алып», оқырман «орда бұзып», талап деңгейі, көңіл қалауы шырқай өсіп кетті. Демек, өнер туындыларына да дәл осындай талап бар.

Көрермен мен оқырманға Сарра­ның ішке сыймай сыртқа атылған маха­баттық-қызғаныштық цунамиі, Фари­заның от шаша бұрқыраған ақын­­дық-әйелдік жанартауы, «Шатыр астындағы Мендердің» шытырман, даңғырлақ жүгірістерінің астарындағы әлеуметтік ауыртпалық, «Мәңгілік бала бейнедегі» адам қолы­мен жасалған қасіретке табиғат­тың аса қатал қайтарған Ләйла қыз бей­несіндегі жауабы, «Мысықтар патша­лығындағы» күлмейтін қоғамның жабық әлемінің ой саларлық образдар әлемі керек. Р.Мұқанованың драмалық шығармалары – сол «керектердің» бәрін алтын табаққа салып, ақиқатын ақтарып тұрған туындылар.

Осының бәрі не үшін керек өзі? Адам мен қоғамның өзін өзі тани түсуі үшін керек. Өнердің ең негізгі мақ­­саты – адамға өмір сүрудің жаңа б­ағы­­­тына жол сілтеу. Рухани азық­тан­­­дыру. Аристотельдің «трагедия жан ­­­дүниені тазартады» деген тұжы­ры­мы рас сияқты. Өйткені траге­дия­­дағы психологиялық-фило­софия­лық сарындар санадағы қатып қалған, өз­геріс­терге өсім бермейтін зона­лардың шең­берінен шығуға көмек­теседі. Өнер тек тамсанып оқып, таңыр­қап көріп қайту үшін емес, идея­лар ке­­ше­ніне жол ашу үшін керек. Ой-сана­ның байлаулы аттай шыр айна­лып жүргені емес, қиял кешенінде сапар­лап, қоғамдық қатынастардағы құрақ-сұрақтардың жауабын іздеуге ынталан­дыру үшін керек.

Кезінде Әбіш Кекілбаев «Розаның кейбір туындылары планетарлық мәнге ие» деп баға бергені есімде. Р.Мұқанова шығармалары қазақ драматургиясына айрықша жаңалық әкелген туындылар. Оның «Фаризасы» Мәскеуде «Современник» театрында қойылды. Ресей көркемөнер акаде­миясының вице-президенті А.Люба­вин қойылымды әдейі қазақ тілінде көргендігін айтыпты. Ол «Sputnik» арнасына берген сұхбатында: «Керемет. Аудармасыз-ақ барлығы түсінікті. Себебі махаббатты аударудың қажеті жоқ. Спектакльдің соңында көз жасыма ерік бердім», деп А.Любавин ағынан жарылды. Ал бұл спектакльді көру үшін К.Параскевопулос есімді көрермен Грекиядан арнайы келген екен. «Менің туған жерім Қазақстан. Балалық шақтағы бақытты сәттерімді есіме алдым», деп шынайы сезімін жеткізіпті. Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» пьесасы сахналарда 25 жылдан бері жүріп жатыр. 2002 жылы режиссер С.Нарымбетовтің осы пьеса бойынша түсірген «Қыз жылаған» фильмі көптеген халықаралық фести­валь­дарға қатысып, жүлдегер болды. Ослода өткен Қазақстан киносының күн­дерінде осы фильм туралы норве­гия­лық құқық қорғаушы У.Гелис «Өте қуатты, жан дүниені қозғайтын әрі тәрбиелік те маңызды туынды» деп бағалаған еді.

Роза Мұқанованың драматургиясына осылай нағыз бағасын беретін кез келді. Ол Абай атындағы Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған екен. Мұндай деңгейдегі сыйлыққа әбден лайықты дер едім.

 

Оңайгүл Тұржан,

ақын, филология ғылымдарының кандидаты