Ел үшін ең басты құндылық – тәуелсіздік. Егемендігі жоқ ел ешқашан рухани жаңғыра алмайды. «Елу жылда ел жаңа» деп халқымыз бекер айтпаған. Заманында Мұса пайғамбар, елі бодандықтан босап шыққан кезде, ешкіммен араластырмай, қырық жыл құмның ішінен алып өтті деген дерек бар. Бұл оның елін құлдық санадан арылтамын деген амалы болса керек.
Бодандықта болған заманда біз де рухани қайнарларымыздан алыстап қалған едік. Тәуелсіздік сол осалдығымыздың орнын толтыруға барынша мүмкіндіктер тудырып отыр.
Рухани жаңғырып, ел болып еңсе көтеруде ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі арнадан сусындап, сол құндылықтарды ұрпақтың санасына сіңірудің маңызы зор.
Тәуелсіздік ойлау жүйемізді қайта жаңғыртып, түп-тамырымен өзгертуде. Өткен дәуір идеологиясы келмеске кеткен соң, тарихи тамырларымызға балта шапқан жат ілімдердің зиянын ұғынып, оларды біртін-біртін объективті түрде тани бастадық. Данышпан Шәкәрімше айтсақ, «сау ақылға» салып қарауға бейімделіп келеміз.
Академик-жазушы Ғарифолла Есімнің «Ғұлама-Наме» атты шығармасын оқып, ішіне үңілгенімде оған анық көз жеткіздім. Автордың ұзақ жылғы ізденістерінен туындаған, қазақтың үш бірдей ғұламасының (Абай – Шәкәрім – Мұхтар) шығармашылығын, ойшылдық табиғатын зерделейтін трилогия, ой көзімен оқыған адамды хакімдіктің тереңдігіне, данышпандықтың сыршылдығына, кемеңгерліктің асыл арнасына бастайды. Үш тұлғаға арналған трилогияда ғұламалардың рухани сабақтастығын, үндестік байланысын аңғара отырып, тұтас туынды жасағаны шығарма авторының оларды тануға ерекше дайындықпен, асқан ұқыптылықпен келгендігін көрсетеді.
Ғарифолла Есімнің жазған дүниелерін жіберіп алмай, іздеп жүріп оқитын жанның бірі менмін десем, артық айтқандық болмас. Мен оның тәуелсіздік алған жылдардан бергі Абай, Шәкәрім, елдік сана туралы жазған дүниелерімен жақсы таныспын. Есімде қалыпты, сонау бір жылы «Абайдың жолы бар, оны Мұхтар Әуезов көрсетеуге тырысты, бірақ сонымен қоса Абайға баратын жол бар, сол жолды таппай Абайдың рухани әлеміне ене алмаймыз, оның жұмбағы да осында», деген еді.
Елімізде Абай туралы жазып жүрген қаламгерлер жоқ емес, құдайға шүкір баршылық. Бірақ сол Абайдың ішіне енетін кілтті, Абайға баратын жолды тапқандар саусақпен санарлық. Ғарекеңнің «Абайдың жолы және Абайға баратын жол бар» деген сүйекті сөзі «Ғұлама-Наме» трилогиясында герменевтикалық әдіс арқылы негізгі ұстанымға айналғаны көрініп-ақ тұр.
Ғарифолла Есім Кеңес заманындағы санаға сіңісті болған көзқарас бізге бағдар бола алмайды, сондықтан рухани жаңғыруымыз қажет деп үнемі айтып жүреді. Оның тәуелсіздік тек саяси түсінік емес, бастысы рухани тәуелсіздікте дегенінің талай куәсі болып жүрміз.
Ғарифолла Есім шығармашылығының басты ұстанымы – сырттан келген жат ілімдер мен қазақтың төл мәдениетінің ара жігін ашып тану. Бұл ұстаным әсіресе қазақ ойшылдарының туралы айтып, жазып жүрген дүниелерінен айқын көрініп тұрады. Оның бір айтқаны тағы да есімізде. «Кеңес дәуірінде сырттан келген ілімдермен орнығып алған категориялық ойлау арқылы қазақтың төл дүниетанымын біз ешқашан өз мәнінде тани алмаймыз. Біз оларды өз арнасынан іздеуіміз керек. Тамырсыз нәрсе ебелек тәрізді. Жел қай жақтан соқса, соның ығында кете береді. Кеңес заманында сырттан келген ілімдер біздің санамызды жел тұрса, басы ауған жаққа домалай жөнелетін қаңбаққа айналдырды, содан санадағы желбуаздық пайда болды, біз Абай, Шәкәрім, Мұхтарларды ұрпаққа таныту үшін осы өткен заман қалыптастырған ішкі цензурамыздан арылуымыз қажет. Сонда ғана олардың хакімдігін, данышпандығын, кемеңгерлігін түсіне аламыз», дейді.
Автордың «Ғұлама-Наме» еңбегі осындай шығармашылық ұстанымнан туындаған дүние екендігіне оны оқыған әр оқырманның көз жеткізетіні күмәнсіз. Абай жолы қандай жол деген сұраққа «Ғұлама-Намеден» келесідей жауап табамыз.
«Абай жолы – қазақ болу жолы!
Абай жолы – әлемді қазақ болып қабылдау жолы!
Абай жолы – немеренің немересі қазақ болып, Абай тілінде, яғни қазақ тілінде сөйлесіп, ұғысып Ұлы далаға иелік ету жолы!
Абай жолы – Қазақ үшін мәңгілік жол!
Абай Жолы – Еркін Ер қазақтың жолы!»...
Осыдан асырып, басқаша қалай айтуға болады?! Абайды тану – қазақты тану деген қорытындыға келесің. «Ғұлама-Намеде» біз үшін, біздің өсіп келе жатқан ұрпағымыз үшін терең ойлы, тағылымды пікірлер ұшан-теңіз.
Автор неге қазақ халқы Абай жолымен жүруі керек деген сұраққа да ізденіс жасаған. Қазақ Абайдың жолымен жүруі қажет, себебі «Хакім Абай әлемде ешбір ойшыл айта алмаған биік идея ұстанған дейді. Ол қандай идея? Ол: «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым» деген идея. Расымен де, қазақты мәңгілік ел болуға бастайтын идея осы емес пе?! Бұл тіптен қазақ үшін ғана емес, әлем үшін сұранысқа ие болып тұрған идея десе, артық болмас. Осы идея хакім Абайды адамзаттың ұстазы дәрежесіне көтеріп тұрғанына қалай таңғалмайсың.
Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың «Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы» 2019 жылдың 30 мамырдағы №55 Жарлығына сәйкес 2020 жылы хакім Абайдың 175 жылдық мерейтойын жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде мерекелеуді қамтамасыз ету мақсатында қаулы қабылданды. Қаулыға сәйкес Мемлекет басшысы өзі айтып өткендей «той тойлауға емес, ой ойлауға бастайтын» кешенді шараларды жүзеге асыру жоспарланған болатын. Осы бір мерейлі жылы Абайдан бастау алып, Шәкәрім мен Мұхтарда жалғасын табатын ғұламалық дәстүрді талқылап, түсіндіретін «Ғұламе-Наме» сынды шығарманың жарық көріп, оқырманға ұсынылуы сол Президент айтқан той тойлау емес, ой ойлаудың көрінісі болып отыр.
«Ғұлама-Наме» әр қазақтың үйінде тұрса, Абай салып кеткен асыл арналы рух, ғұламалық дәстүр өскелең ұрпаққа бағдар ұстанатын, рухани баға жетпес қазына болары сөзсіз.
Абай жылын қалай қорытындылаймыз деген сұрақ туындайды. Бәлкім осы жыл қорытындысы аясында жоғарыдағы «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деген хакім идеясын әлемдік үлгі ретінде ұсыну қажет шығар. Ол оған толықтай лайықты.
«Ғұлама-Наме» – ойдың қазынасы. Үш кітаптан тұратын трилогияның алғашқы бөлігі қасиетті қазақ даласында ғұламалық дәстүрдің қалыптасуына ықпал еткен ойшыл тұлғаларға арналған. Анахарсис, Қорқыт ата, Әбу Насыр әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн сынды ойшылдардың тағылымды идеялары ғұламалық құбылыстың көрінісі ретінде сипатталған. Трилогияның бірінші кітабы жоғарыда айтып өткен Абайдың жолы, оның хакімдігі жайлы. Екінші кітап Абай дәстүрін жалғастырған Шәкәрімнің даналық ойларына арналған. Үшінші кітап – асыл арнаның жалғасы, Абайдың жолын әлемге танытқан кемеңгер жазушы Мұхтар Әуезовтің ойшылдық табиғатын ашқан туынды.
«Ғұлама-Наменің» біз аңғарған тағы бір ерекшелігі, автор осы ғұламалар ойының көлеңкесінде қалып қоймай, олардың ой иірімдерін алға тартып, оқырманды ойлантып тастап отыратындығында. Сол арқылы автор ғұламалардың терең ойын оқырмандарға жаңаша қырынан ашып беріп отырады. Шәкәрімнің «ноқтасыз ой» ойлау, «сау ақылды болу», ар білімі жайлы терең де тағылымды идеялары бүгінгі қоғамға ауадай қажет екендігіне көз жеткізесің. «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» деген өсиеті ұрпақ үшін ұстанымға айналатын пікір.
Үшінші кітапта Мұхтар Әуезовтің кемеңгерлігі жайлы сөз еткен автор «Кемеңгерлік деген не? Кімді кемеңгер деп айтамыз. Сөз танушы адам – кемеңгер. Мұхтар Әуезов Абайдың сөзін таныған» деп жазады. Ал біз сол Абайдың сөзін толық тани алып жүрміз бе деген ойға қаласың.
Қазақтың қай ойшылын алсаңыз да олардың даналық идеялары көркем ойлау, метафораға толы. Сондықтан оларға жалаң логизм, схоластикаға ұрындыратын құрғақ рационализм атымен жат. Метафоралық, көркем ойлау халқымыздың сана болмысына етене жақын.
«Ғұлама-Намені» оқырман ретінде қолға алғанда, ойпырмай қалай болар екен деген ой туғаны анық. Себебі трилогияда мазмұндалатын Абай, Шәкәрім, Мұхтар сынды тұлғалар сөз иелері, ойларын асқан көркемдікпен өрген қаламгерлер. Олай болса сөз иесіне сөз арнаудың өзі қиынның қиыны емес пе?!
Трилогияны оқып отырып аңғарған тағы бір дүнием – автордың ғұламалардың сөзін танып алып барып қолына қалам алғаны.
Ойды танып барып айту, сөзді танып барып сөйлеу кешегі данышпан би-шешендерімізге тән, ұмытылып бара жатқан қасиетіміз еді. Ғарифолла Есім осы бір аталы қасиетті жаңғыртушы қаламгер. «Ғұлама-Наме» мені осындай ойға жетеледі.
Даналыққа құштарлық әркімде болуы мүмкін. Бірақ даналыққа құштар жандардың барлығы данышпан емес. Данышпандық өзің де сол ой биігінде ойлана білуді білдірсе керек.
«Ғұлама-Наме» бізді көп ойландыратын дүние. Кітапты оқи отырып ғұламалық деген не өзі деген ойға қалдым. Ғұламалық ол уақыт өткен сайын ескірмейтін, жаңара беретін идея екен, тозбайтын асыл ой екен.
Олай болса «Ғұлама-Наме» – арнасын тапқан, асыл ойға құрылған туынды.
Ел газеті «Egemen Qazaqstannan» 2020 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясының хабарламасын көзім шалды.
2020 жылғы Қазақстан Республикасының Абай атындағы əдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлығын беру жөніндегі комиссиясының аталған сыйлықты алу үшін алдын ала іріктеуден өткен жəне конкурстың келесі кезеңіне жіберілген шығармалар тізімінен Ғарифолла Есімнің «Ғұлама-Наме» туындысын көріп, қуанып қалдым.
Ғарифолла Есімнің «Ғұлама-Наме» шығармасы күрделі тақырыпты, ауқымды идеяларды қамтыған, рухани жаңғыру жолында қоғамға берері мол, хакім Абайдың биылғы мерейлі жылында оқырманға жол тартып отырған құнды дүние. Сондықтан да мен оны мемлекеттік сыйлыққа толық лайықты шығарма деп бағалаймын.
Еділ МАМЫТБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты