• RUB:
    4.69
  • USD:
    513
  • EUR:
    541.16
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Қыркүйек, 2020

Бірегей еңбек

788 рет
көрсетілді

Қазақ – Жұбан ақын айтқандай, шынымен-ақ, «мың өліп, мың тірілген» халық. Өлген емей немене, «басы барды еңкейткен, тізесі барды бүгілткен» арғықазақ заманындағы ұлы бабалардың бүгінге дейін жер-жаһанның айтулы ғұламаларын таң-тамаша қалдырумен келе жатқан мол мұрасынан көз жазып қала жаздадық.

Оның кілтін тауып, құпиясын ашқан біз де, кеңес заманында айтып-жазып келгеніміздей орыс ғалымдары да емес, алыс жұрттағы скандинав зерттеушілері болды. Бізге деген құрмет үшін емес, бастапқыда өз ата-бабалары тудырып, орта ғасырлардан-ақ ғылыми айналымға «скандинав руналары» деген атаумен белгілі жазулар ретінде қабылдағандықтан. Орхон жазуларын тапқан Ф.Страленбергтің швед, ал оны тұңғыш рет оқыған В.Томсеннің дат ғалымы болуы – осының айқын айғағы.

В.Радлов, П.Мелиоранский бастаған орыс ғалымдары тек Томсен жаңалығы ашылғаннан кейін ғана зерттеуге кіріскен. Дегенмен, бабалар мұрасын ұлықтауға ат салысқан шетелдік ғалымдардың бәріне алғысымызды айта отырып, осы мол мұраның қазақ топырағында зерттелуіне тоқталайық.

Көне түркі жазба ескерткіштері зерт­телуінің қайнар бастауында қазақ руха­ниятының данышпаны Мұхтар Әуезов тұрды. Бірақ Күлтегінді былай қойып, «Абай жолының» алғашқы кітабында өз есімімен аталатын Дулат ақынның ныс­пысын «Байкөкше» деп өзгертуге мәж­бүр болған ұлы жазушы белгілі себептер­мен ұлт тарихы, ұрпақ тағылымы үшін берері мол берекелі тақырыпқа тереңдей алмады. Бұл ұлы миссияны репрессияның бірнеше толқыны өтіп, саяси қуғын-сүргіннің ызғары басыла бастаған «жылымық кезең» саналатын 60-жылдары таудай жүкті арқалаған қазақ­тың томыртқадай шалы, профессор Бейсенбай Кенжебаев атқарды. Ол әлі қай­раты мұқалып, жігері жасымаған қос шәкіртінің бірін – Хандық дәуірдегі ақын-жыраулар поэзиясына, екіншісін – Көне түркі әдебиетін зерттеу­ге салды. Бұлар­дың алғашқысы –Алаш жұртына кеңінен та­нымал классик жазушымыз Мұхтар Ма­ғауин болса, екіншісі қайраткерлік пен қаламгерлік тізгінін қатар ұстаған білім­дар тұлға – Мырзатай Жолдасбеков еді.

Профессор Мырзатай Жолдасбеков осыдан жыл жарым бұрын «Ұлы дала әдебиеті» атты бірегей еңбегін жариялады. Іргелі туындының басым бөлігін көне түрк жазба ескерткіштерінің тілі, тарихы, зерттелуі, поэтикасы, оның қазақ әдебиеті мен жалпы түрк өркениетіндегі алар орнына арналған зерттеу еңбектер құрайды.

Бірден күпті көңілден шығуы мүм­кін мынандай сұрақтың басын ашып алғым келеді. Автордың осы тақырыпқа арналған алғашқы ғылыми мақалалары осыдан жарты ғасыр бұрын жарық көріп, кандидаттық диссертациясы да сол шамада қорғалса да, бұл – сол еңбектердің қайта басылуы емес. Тақырыбына адал ғалымның еркін ойға шектеу қойылған заманда айтылмаған, жазылмаған тың ойларымен, пікірлерімен мейлінше толықтырылып, әлемдік түркологияда осы тақырыпқа арналған кейінгі елу жыл ішінде жарық көрген еңбектермен салыстыра зерделенген толайым туындысы.

Автор ұлы дала әдебиетінің хронологиясын мейлінше кеңейтіп, оның дәстүр жалғасын орта ғасырларда, одан кейінгі кезеңдерде, тіпті біздің заманымызда өмір сүрген ұлт әдебиетінің ұлы тұлғалары шығармаларымен салыстыра зерттеген. Кітаптың үшінші және төртінші бөлімдерінде көне түрк жазба ескерткіштері, оның поэтикалық жалғасы саналатын «Қорқыт Ата», «Оғызнама» дастандары және Қазақтың ұлы жыраулары – Сүйінбай, Жамбыл, Майкөт, Кенен шығармашылығының тереңнен тарқатылуы осының айқын айғағы.

Көрнекті ғалым бұл еңбегінде түрк халықтары әдебиетінің ортақ бастауларын зерттеумен шектелмей, оның арғы-бергі тарихы, мемлекет құруы, билік жүйесі, халықаралық қатынастары, әлем тарихындағы алар орны сияқты сан-салалы сұрақтарға байсалды жауап берді. Енді оны нақты мысалдармен дәлелдейік.

Біріншіден, бұл – барлық түрк халық­тары әдебиетінің түп атасы саналатын түрк фольклорына арналған іргелі ең­бек. Мұны үлкен оқымысты, академик Сейіт Қасқабасов өзінің осы кітап­қа жаз­ған алғы сөзінде: «Түркілік таным­дағы қа­сиетті Жер-су ұғымы, Өтүкен ал­қа­бы­ның киесі, Тәңірі, Ұмай культі тура­лы байыпты пікір айтады», деп орын­­д­ы атап өтеді. Шындығында, көне түрк ес­керткіштері – көк аспан, қара жер­дің жаратылуы, оның ортасындағы Тәңір қолдауымен түрк тайпаларының өмір сүруі, олар­дың таным-түсінігі жайлы би­б­лиялық сюжеттермен астасатын тұн­ып тұрған фольклорлық, мифтік аңыз-әңгі­мелер мен әфсана-хикаяттардың жиын­тығы. Автор еңбегінің алғашқы екі тарауында осы тақырыптарға тереңдей барып, оны сан қырынан жарқырата ашып көрсетеді.

Екіншіден, кітап көне түрк жазба ескерткіштерінің тілі, аударылуы жайлы жаһандық түркологиядағы іргелі еңбек болып шыққан. Профессор М.Жолдасбеков 2005 жылы түрколог Қ.Сартқожаұлымен бірге ғылыми жұртшылық тарапынан зор ықыласпен қабылданған «Орхон ескерткіштерінің толық атласы» атты ірі туындысын жариялады. Түрк руналары зерттеле бастаған ғасырдан астам уақыт ішінде оның ондаған аудармасы жасалғаны белгілі. Тәуелсіз түрк тілдес елдердің өзінде қаншама жаңа еңбектер жарық көрді. Автор арыда Радлов, Мелиоранский, беріде академик С.Малов, профессор И.Стеблева сияқты ғалымдардың аудармаларын сын тезінен өткізе отырып, олардың жаңсақ кеткен, атүсті қараған, түсінбей тәржімалаған тұстарына қатысты өз интерпретациясын ұсынады. Шындығында жоғарыда аталған ғалымдар әрі кеткенде түрік және татар тілдерін ғана жақсы білетін. Бүгінгі тілдік қорында көне түрк сөздерін мейлінше көбірек сақтаған қазақ тілі екендігін ескеретін болсақ, ескерткіштердің дәлме-дәл аударылуы жағынан ғалым М.Жолдасбеков ұсынған тың пікірлердің әлемдік түркология ғылымы үшін маңызы зор деп білемін.

Үшіншіден, автор тасқа таңбалаған ұлы мұраны поэтикалық тұрғыдан зерттеуге келгенде өзіне дейінгі ғалымдардың бәрінен оқ бойы озық тұрады. Тақырыпты еркін меңгерген М.Жолдасбеков ұлы дала әдебиетінің арғы-бергі замандағы айтулы үлгілерінен мол мағлұматтар келтіріп, Күлтегінге арналған дастанды, Алпамыс, Қобыланды батырға арналған жырлармен салыстыра талдап, парасатты пайымдаулар жасайды.

Төртіншіден, бұл – ұлы дала әдебиеті ғана емес, оның тарихы туралы тағылымы зор еңбек. Аталған тақырып кітаптың «Орхон ескерткіштері туған дәуір, ондағы тарихи шындық» атты тарауында жан-жақты ашылған. Шындығында көне түрк жазба ескерткіштері туралы зерттеу жаза отырып, оны құрған, билеген, дәуірлеткен Бумын, Естеми, Мұқан, Құтлығ, Елтеріс, Қапаған, Білге қағандар, Күлтегіндей қолбасшы, Тоныкөктей данышпан, Йоллығ тегіндей жыраулар туралы айтпай кету мүмкін емес. Автор өз еңбегінде ескерткіштерде аты аталған тарихи тұлғалардың өмірі мен қызметі жайлы танымдық мағынасы зор қызғылықты деректерді молынан келтіреді. Бұл әдебиеттануға арналған ғылыми еңбектің энциклопедиялық сипатқа да ие болып шыққандығын анық аңғартады.

Бесіншіден, бұл – даңқты бабалары­ның өткен тарихына зор құрмет әрі мақ­та­нышпен қарауға тәуелсіздік тұсын­да ғана қолы жеткен қазақтардың бүгін­гі ұр­пағына мемлекеттанушылық тұрғы­сы­нан да алуан түрлі мағлұмат беретін кең тынысты туынды. Кеңес заманында түрк халықтарының мәдениеті мен тарихы үнемі тұқыртылып келді. Тіпті мың жылдық жазу тарихы бар қазақтардың «төңкеріске дейін 2 пайызы ғана сауатты болды» деген кемсітушілік пікір биліктің ресми позициясы ретінде қабылданды. Мұндай жағдайда қазақтардың арғы бабаларының Орхон мен Жайық арасын­дағы ұлан-байтақ далада алып империя құруы туралы әңгіме қозғаудың өзі артық еді. Өйткені осы тақырып бо­йын­ша ұзақ жылдар бойы канонды басы­лым саналып келген Малов пен Стеб­лева кітаптарында мемлекет деген ма­ғына беретін «ил» сөзі қасақана «тайпа» деп аударылды. Профессор Мыр­затай Жолдасбеков көк түрктер импе­рия­сының құрылу тарихы ғана емес, оның басқару жүйесі, мемлекеттің сая­си құрылымы, әскери әлеуеті, лауазым­дар иерархиясы, құқықтық қарым-қаты­настар, билік-бі­тік негіздері, өзге елдермен сауда-эко­но­микалық байланыстары, әлеу­меттік, от­­ба­сылық, мирасқорлық мәсе­лел­еріне де­йін кеңінен қамтып, терең­нен толғайды. Сон­дықтан қазақ мемлекет­тілігінің көне төр­кіндерін бағамдау жағынан да бұл еңбек­тің бүгінгі заман оқырманына берері мол.

Қайраткер-ғалымның кеңес заманы­ның өзінде-ақ зор ғылыми жаңалық ретінде бағаланып, қазақ әдебиетінің тари­хын тұтастай 10 ғасырға тереңдеткен іргелі еңбектері негізінде жазылған «Ұлы дала әдебиеті» автордың жарты ға­сыр бойы үздіксіз жетілдіріп, оны әлем­дік түркология саласындағы әрбір жа­ңалықпен толықтырып, түбі бір туыс­қан түрк халықтары әдебиеті мен ғы­лымын­дағы осы тақырыптас еңбектермен шендестіре қарастырған зерделі еңбек, толайым туынды болып шыққан.

Көрнекті ғалым ғылыми еңбекті бүгінгі оқырманның қабылдауына жақын­­дату үшін оған «тілге жеңіл, жүрекке жылы тиетін» беллетристика элементін де шеберлікпен қиыстырған. Ендеше, білімдар тұлғаның бірегей еңбегі ұлт әдебиеті мен өнеріне арналған мәртебелі сыйлыққа әдбен лайық.

 

Мұхтар Құл-Мұхаммед,

сенатор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі