Тіл жайлы, оның ішінде азат елдің мемлекеттік тілі, термині туралы айтқалы отыз жылдан асты. Жылт еткен сәуле жоқ деуге болмайды. Тәубе, дейтін тұс баршылық. Бұрын ана тілін білмейтін кейбір бауырларымыз биік қызметке қолы жетіп, шенеунік болған соң тілі былдырлап, артынан түзеліп кетіп жатыр.
Ұлт тілін жетік білетіндер бұл күнде сиреп бара жатқандай. Тіл қазынасы қанында таза сақталған, кеудесі күй шертіп, тілінен бал тамған үлкендер кеміп барады. Мұны бүкпей айтуға тиістіміз. Оған келтірер дәлеліміз, теледидар мен радионы тыңдап, кейбір басылымдарды оқып отырғанда көзің жетеді. Ойы жұтаң, тілі орашолақтар именбей шыға келеді. Ондайлар тез тарайтын ақпарат құралдарын «жаулап» алды десе де болады.Қазір мақтангерлік мінберіне айналған «Көк сандық» – не болса соған күле салатын әртістердің еншісінде кетті. Сөз мәйегін түсінетін журналистер көбіне қағаберісте қалды. Мұндай жағдай тіл тірлігіне кері әсер етпейді деп кім айта алады? Әркім өз ісімен неге айналыспайды? Осындай жүйесіздіктер жүйкені жүндей түтетіні де ақиқат.
Осындай мәселелерді талқылаған бірнеше басқосулар болды.Оны Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің тапсырмасымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық орталығы ұйымдастырып келеді. Жаңа әліппеге көшу барысында салалалық терминдерді қалай игеру керек деген мәселе бойынша өткен жиында термин ісін А.Байтұрсынұлы үлгісінде жүйелеу қажеттігі алға тартылып, қандай терминдерді аламыз, оның қайсысын аударуға болады, қайсысын түпнұсқада сақтау, өзге де ұлт істерін ретке келтір – жаңа әліпбиге көшу кезінде аса қажет екені тілге тиек етті. Бұл ертеңгі жас ұрпақты адастырмайды. Ең бастысы, сол ұрпаққа қажет оқу құралдарындағы терминдерді бір ізділендіруді мүлтіксіз орындауымыз керек.
Ақиқатына келсек, қазіргі оқулықтардағы терминдер әртүрлі. Әр автор көбінде өз білгенін жазады. Бұл бірінші сыныптың бет ашар оқулығы «Сауат ашу» пәнінен бастап, жоғары оқу орындарында оқитын студенттерге арналған кітаптарда да жалғасып жатқанын кім жоқққа шығара алады? Мұның залалын оқушы мен студент тартуда. Ендеше,жаңа әліпбиге өту барысында алдымен оқулық жазу ісін жүйеге түсіру керек секілді. Онсыз ұрпақ алдындағы қарыз бен парызды өтеу былай тұрсын, өзара пікір таластырып жүріп, оларды ертең де дәл қазіргідей екіұшты жағдайға қалдырарымыз анық.
Алқалы жиындарда ғалымдар бұл туралы ой бөлісе келіп, керісе бермей келісе отырып, бастауыш сыныптан бастап, орта, кәсіптік, жоғары оқу орындарына, өзге де салаларға керек латын әліпбиінде жазылатын оқулықтардағы терминді бір ізге түсіруді атады. Сол секілді, салалық терминологиялық сөздіктер әзірлеуді де алға тартты. Мұндай қадам ертең орын алып қалуы мүмкін, жүйесіздіктен, әркім білгенін ұсынатын сүреңсіздіктен, автор болуға талпынудан құтқаратын,«Жазу түзету бірімізге емес, бәрімізге керек нәрсе ғой... «аққу,шортан,шаян» үшеуіне ұқсамайық!» (А.Байтұрсынұлы) дегізетін орынды бастама деп білеміз. Сол секілді кірме терминдер жайы да қозғалып, әлі күнге дейін ескі сарыннан арылмай фантас – деп жазудың орнына орыс үлгісімен артық болса да «т» әрпін қосатынымыз айтылып, «журналист, турист» сөздері дәйекке келтірілді.
Мысалы, профессор Шерубай Құрманбайұлы, заң мәтіндеріндегі термин қолданысы жайлы өз байламын айтқанда,заң терминдері әр азаматқа түсінікті де анық, айқын болуы тиіс, деп заң мәтіндерінің стилі мен сөйлем құрылысы мінсіз болуымен қатар, бірізділікті сақтау шарт екенін алға тартты. Ол сол секілді, кей терминдердің әр заңда әр түрлі берілетініне қынжылыс танытып, оған «айналадағы орта», «қоршаған орта», «дерекқор, деректер базасы», «жалғыз терезе» қағидасы, «бір терезе» қағидаты «орнынан түсу», «отставкаға шығу», «аймақ аралық, өңіраралық», «өтінішхат, қол-хат», «сенімгерлік басқару, сенімді басқару», «сыныптама, сыныптау, жіктеме» – осылай әртүрлі болып жалғасып кете беретінін айтып, тіпті Терминком бекіткен терминдердің заңнамадағы қолданыста сақталмайтынын мысал келтіріп, «алып тастау» термині «алып қою», ал «қызметтік жазба» «қызметтік жазбахат» болып жүргенін, сол секілді, заңнама құжаттарында сөздердің бір ізділігі сақталмайтынын, жарыстыра қолдану барын, оған «өзгеріс енгізу, өзгерту енгізу» «хақылы, құқылы», «жауапкершілік, жауаптылық», деп әр алуан жазылып жүргенін, бұл аз десеңіз сөздіктер де де бір ізділіктің болмайтынына да мысалдар келтірді. Мәселен, «Заң терминдерінің сөздігінде» «зәрулік» деген сөз «Заңнамада жиі қолданылатын сөздер мен сөз тіркестері» сөздігінде «тапшылық», ал «Қаржы-банк терминдерінің сөздігінде» «кемістік, жетіспеушілік» болып жүргенін алға тартады. Заң терминдерінің бір ізге түспей, бір ұғымды әр түрлі атау жұртты шатастырмай қоймайды.
Заңгер Ернұр Уәли заң терминдерін жетілдіру, қазақ тіліндегі заң лингвистикасының сапасын арттыру жайын қозғап, жетістіктерді де айта келіп, қордаланған мәселелерді назардан шығармады. Ол ең алдымен терминдерді бірізділендіру керектігін, сол секілді синоним сөздерді реттеуді баса айтты. Мысалы, ең жиі қолданатын «довод» термині нормативтік актілерде «дәлел»деп қолданылса, хат алмасуда «уәж» делінетінін, «әуре сарсаңға салу» да «сарсаңға салу, сөзбұйдаға салу, созбалаңға салу» және «беспристрастность» термині бірде «бейтараптылық, алаламаушылық» болып жазылатынын еске салды. «Ответственность» деген сөз Қылмыстық кодексте «жауаптылық», Азаматтық кодексте «жауапкершілік», ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте тіпті екі түрлі «жауаптылық, жауапкершілік» деп аударылғанын атап, бекітілген терминдердің өзінде қарама қайшылықтың бар екеніне дәйектер келтірді. Бұл арадағы ең басты нәрсе, заң терминдерінің түсіндірме сөздігін шығарса деген талқыға ұсынды.
Белгілі журналист Дәуітәлі Омашұлы ұлттық заңнама терминологиясындағы өзекті мәселелерге келгенде нормативтік құқықтық актілер жобаларын қазақ тілінде әзірлеу қажеттілігін атап, кеңес өкіметі тұсында ұлттық терминологиямыз интернационалистік принципке сүйеніп, сөздің түбірі сақталып, жалғауы орысшаға бейімделгенінен мысалдар келтірді. Қандай терминді алу керек деген мәселеге ой жүгірткенде,ол өзге елдердің тәжірибесін тілге тиек етті. Мысалы «партия»деген сөзді орыстар француздан алғанын, француздарға латыннан келгенін айтып, орыстар тілдік қорының отыз пайызы латыннан келгенін,олар тіл заңдылығын сақтай отырып, өздеріне кіріктіріп жібергеніне дәйектер келтірді. Бұл тұрғыдан келгенде, олардан үйренеріміз баршылық
Жалпы, термин мәселесін түзеу ісін сөз еткенде, ұлттық ұғым бірінші кезекте тұруы тиіс. Сонда ғана тіліміздегі ала-құлалық жойылып, терминдеріміз бір қалыпқа түсері сөзсіз. Бұл іс жаңа әліпбиге көшу кезінде тиянақталмаса, соңы бүгінгідей әр алуан пікірлерге ұласып, кейінгі толқынға ауыр тиері шүбәсіз. Сондықтан да «Оқуға балалар дыбыс үйренеміз деп келмейді, оқу, жазу үйренеміз деп келеді. Мұны түсініп, біліп істесе,бұл үйретудің ауырлығын көп жеңілдетеді», деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, әр ісіміз келер ұрпақтың санасына ұлт рухының сәулесін түсіріп тұрса, ұлтымыз ұтылмайды, ұрпақ шатаспайды, өзімізге жүктелген жүкті дер кезінде атқарғандық болар еді-ау!.