Коронавирус пандемиясының соққысы біздің елді ғана емес, күллі әлемді есеңгіретіп кетті. Тұтқиылдан келді де, тыныш өмірдің шырқын бұзды, сонымен қатар айтып келмеген апаттың мұндай түрінің алдында адам баласының қаншалықты қауқарсыз және қорғансыз екенін байқатты. Ең өкініштісі, бұл сұрапыл індет миллиондаған адамның өміріне қауіп төндіріп, талай шаңыраққа қайғы әкелді.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында коронавирус инфекциясы салған лаңнан кейінгі жағдайды былайша сипаттады: «Қазір әлем соңғы 100 жыл ішінде болмаған аса күрделі дағдарысты бастан өткеруде. Сарапшылардың айтуынша, жаһандық экономиканы қайта қалпына келтіру үшін кемінде 5 жылға дейін уақыт қажет». Ұға білген адам үшін бұл сөздердің астарында алапат салмақ жатыр. Яғни біз үшін қатаң сынақ енді басталғандай.
Ел ішіне ендей кірген індет осал тұстарымыздың біз ойлағаннан әлдеқайда орасан екенін көрсетті. Қарап тұрсақ, біздегі медицина саласындағы мәселе атаулы кадр тапшылығынан бастап қарапайым дәрілердің жетіспеушілігіне дейін тізбектеліп жатыр екен. Содан да болар, Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында еліміздегі медициналық инфрақұрылымды дамытуды аса маңызды шаруаның бірі деп атады.
Ең өкініштісі сол, пандемияның күшейіп тұрған кезінде ауылдық жерлерде тұратын қарапайым адамдар тіпті де қорғансыз қалды. Бақсақ, алыстағы ауылда дәрі-дәрмекті былай қойғанда, ауырған адамға жәрдем беретін медициналық мамандардың жетіспеушілігі және жоқтығы жаға ұстатты. Осының кесірінен облыс, аудан орталықтарынан жырақта орналасқан ауылдардардың қаншама тұрғыны өмірмен мезгілінен бұрын қош айтысып кетті десеңізші?!
Бұл өте үлкен және күрделі мәселе еді. Міне, осы жайттың жоғары жаққа жеткенін өз басым жақсылыққа баладым. Президент Жолдауда: «Шалғайдағы өңірлерге көлік арқылы дәрігерлік қызмет көрсету ісін қайта қалпына келтіру шараларын жүзеге асырған жөн. Денсаулық сақтау ісінің тиімді моделін құру арқылы үш жыл ішінде барлық ауылдық елді мекенді фельдшерлік-акушерлік пункттермен және дәрігерлік амбулаториялармен қамтамасыз ету қажет», деді.
Бүгінде әлем халқы коронавирус инфекциясының екінші толқынын үлкен үреймен күтіп отыр. Егер де, мамандар айтқан болжам расқа шықса, онда біз аты жаман тұмауға тосқауыл қоюға дайынбыз ба? Міне, жүрегі шайлығып қалған халықты қазір осы мәселе қатты алаңдатады.
Осы орайда тағы да ауылдық жерлерде тұратын азаматтардың жайын ойлап, алаңдаймыз. Ірі қалалар мен аудан орталықтары карантинге жабылар болса, ауыл халқының ауыр жағдайымен бетпе-бет қалары сөзсіз. Бұл тығырықтан шығар жолдың бірі – осы бастан дәрі-дәрмектің мол қорын жасап, оның қолжетімділігін қамтамасыз ету керек. Мысалы, коронавирус күшіне мініп тұрған кезде Қарағанды облысының Ақтоғай және Ұлытау аудандарында жылжымалы дәріханалар жұмыс істеді. Дәрі-дәрмек тиеген бұл автокөліктер алыстағы ауылдарды аралап, қолы қысқа қарапайым халықтың мұқтажын ашты. Іс жүзінде нәтиже берген осы тәжірибе өңірлерге кеңінен таратылса деген тілек бар. Сонымен қатар ел ішіне індет қайта кірер болса, темір жолды пайдаланып, денсаулық вагондарының да көмегіне жүгінуге болушы еді.
Қалай болған күнде де, COVID-19 алғаш келгенінде бетін ашқан кемшіліктермен күрес әсте тоқтамауы тиіс. Әрине, індетпен күресте алғы шепте жүріп, қауіпке қарсы тұратын медицина қызметкерлері. Мемлекет басшысы Жолдауда дәрігер мамандығын материалдық тұрғыдан нығайта түсудің маңыздылығын атап өтті. «Бюджетті таяудағы нақтылау кезінде екінші жартыжылдықта медицина қызметкерлерін ынталандыратын қосымша төлем үшін 150 миллиард теңге бөлуді тапсырамын», деді Президент. Сонымен бірге ол 2023 жылға қарай дәрігерлер еңбекақысының экономикадағы жалақыдан екі есе артық болатынын да мәлімдеді. Әлбетте, мұның бәрі медицина қызметкерлерінің мерейін өсіріп қана қоймай, оларға зор жауапкершілік жүктейді деген сенімдеміз.
Сөзімді түйіндер болсам, коронавирустың келесі толқынына тек жағдайы кешенді түрде жасалған медицина ғана тойтарыс бере алады. Бұл дегеніңіз – ең алдымен білікті маман, заманауи медициналық инфрақұрылым және қолжетімді дәрі-дәрмектің жеткілікті қоры.
Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық Қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы, Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің мүшесі
Қарағанды облысы