• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Таным 15 Қыркүйек, 2020

«Туды есіне алушылар сиреді» (эссе)

377 рет
көрсетілді

Жазғытұрым, күз айларында мен Мәскеу түбіндегі қалың орманды еркін кезуші едім. Бұл серуендер бірнеше күнге немесе бірнеше аптаға созылып жүре беретін.

Мәскеу мені жиырма тоғыз жасымда алып ордасына шақырды. Қызмет берді, үй берді, ең бастысы бостандық берді. Бұл дүниеде бостандықтан қымбат не бар дейсіз?!. Ештеңе жоқ. Ең бастысы сол бостандықты өзің үшін, өнерің үшін, елің үшін, Отаның үшін қалай жаратуыңа байланысты. Шын мәнінде бостандық үшін махаббатты да, өмірді де талақ тастауға дайын болғаның қажет.

 

Бостандық саған Отаныңды, хал­қыңды, тіліңді берді. Осы үш таған Деш­ті-қыпшақтың да, қазақтың да үш киелі қасиеті болып табылады.

Ал өнер адамы үшін, қызу ой жеткізіп, терең зерделейтін үш тақырып бар.

Олар: Өмір! Махаббат! Өлім!

Осы үш теңдессіз ұғымдар өнердің ең басты қасиетнамасы.

Үйден шығарда пошта жәшігінен алған бірнеше хатты көзіммен сүзіп барып, біреуіне тоқтағам. Табиғат аясында табиғатпен ғана оңаша қалу керек. Табиғат өзін танығанды, ұққанды, көргенді, естігенді ардақ тұтады. Мен көп адаммен хат-хабар алыстым, солар­дың ішінде хаттарын оюдай ғып ойып жазатын екі ағам болды. Біреуі – Қадыр Мырза Әлі, екіншісі – Герольд Белгер еді. Бұл ағаларымның қатарына Ақселеу Сейдімбековті де қосар едім. Бұл адамдар өнерде де, өмірде де өздерін талмай іздеп тапқан жандар еді-ау!

Бүгін қазақ интеллигенциясы тура­лы қазақтар жазбайды. Қазақ интел­лигенттері жоқ емес бар, бірақ олардың ой-көзін ашып жазатын интеллигент жа­зар­мандар жоқ.

Орман ішіне ендей кіріп, биік ағаш­тың түбіне ыңғайланып отырдым. Рюк­загымнан қағаз бен қаламымды, суымды алдым. Сонан соң барып Қадыр Мырза Әлінің оймақтай қылып жазған хатын оқи бастадым. Қадыр ағам өзі аударып жатқан Шандор Петефидің біраз өлең­дерін жіберіпті. Ол міне...

Тұр, мадьяр! Басың көтер! Сынатпа!

Қасіретті қалың елді жылатпа!

Не ұлы бол, не құлы бол заманның

Ермін десең, қару ал да мін атқа!

Бұл жолы біз ант етеміз

Басқаша:

Ешқашанда құл болмаймыз!

Ешқашан!

 

Ашу-кектің алау-оты қоздасын!

Бес қаруды тат баспасын, тозбасын!

Оңбайды адам елі менен жұртынан

Жоғарырақ қояр болса өз басын!

Бұл жолы біз ант етеміз

Басқаша:

Ешқашанда құл болмаймыз!

Ешқашан!

 

Өлген жерден көтерілер төбешік.

Қала қоймас еліміздің үні өшіп.

Аттарымыз әулиеге айналып,

Тоймағанмен бұл ажалдың өңеші,

Бұл жолы біз ант етеміз

Басқаша:

Ешқашанда құл болмаймыз!

Ешқашан!

– О, Қадыр аға, – дедім сілкініп алып. – Жарадың, ағам, жарадың! – Менің да­уысымнан орыс орманы оянып, биік ағаш бастарынан сап-сары жапырақтар жерге төгіліп түсіп жатты. – Қандай жойқын лепті ақынды тапқан! Ал аудар­масы, неткен керемет. Рахмет, Қадыр аға!.. Рахмет!..

Осыдан он күн бұрын Мәскеудің Орта­лық Жазушылар үйінде Венгрия мәде­ниетінің күндері өткен. Шандор Пете­фидің өлеңдерін орыс ақындары оқыған. Керемет аудармалар еді. Ал қазақ тілінде мен оқып отырған Қадыр­дың аудармалары олардан да керемет. Жұл­дыз жырлар, жасын жырлар болатын!

Жап-жас мадьяр ақыны жүрек жұт­қан­дар санатынан еді. Мадьярларды жау­лаған, тонаған, еркіндігі мен бостан­дығына темір қамыт кигізген Венаға қар­сы Шандор Петефи шабуылға шығады.

Таппай маған бола ма,

Ырза болар Ел-анам.

Халқым үшін бір күні

Кек аламын Венадан.

 

Жүректерге тілімдеп,

Жазам ана тілімде:

«Өлім» – мықты өлеңім

Сол болады түбінде.

Қадыр Мырза Әлі аударған Шандор Петефи өлеңдері мені мүлде бөтен қиырға, бөтен әлемге бастады да кетті. Көк шөптегі менің ақ қағаздарым мен қаламым жайына қалды. Менің жаным бүгін Шандор Петефидің найзағай отындай жарқылдаған жырларымен бірге жанып бара жатыр еді. Мадьярлардың тағдыры үшін жүрек бұлқынған, намыс қозған, рух атойлап көкке ұмтылған. Мадьярдың биік мұнаралары қаусап құлап жатқан. Ел тозған, ал мадьярлар өз жерінде құл болған. Жап-жас ақын жанын қайда қоярға білмей жанұшырған. Есі ауысқан. Жасын жырлары мадьярларды оятуға, қолдарына қару алып жауына қарсы аттануға көтере алмай, еңірей жылап дала кезіп жүре берген. Дәл сол кездері Шандор жыртылып тозған мадьяр туы туралы трагедияға толы жыр жазды.

Құла түзде құлазиды мұнара,

Заман жәйлі ойландырар бұл ара.

Болған оның қасиетті нышаны,

Хикаяға әлі толы құшағы.

 

Саналған ол еркіндіктің байрағы

Түздің желі соны жырлап сайрады.

Қанша жігіт осы тудың астында

Қарсы тұрды қалың жауға – тасқынға.

 

Мүмкін емес шын батырды шошыту.

Қаншама ердің басын қосты осы ту.

Он суартып, жүз қайраған шеберлер

Қылыштан да өткір еді ол ерлер.

 

«Талқандаймыз кісеніңді, торыңды

Өйте алмасақ, өлгеніміз орынды!» –

Естігенде, адам түгіл, шошыр аң

Күннен бетер күркіреді осы ұран.

 

Сол байрақсыз бұл күндері мұнара,

Іштен тынып жатыр еді бұл ара.

Еркіндіктің туы сөйтіп күйреді,

Туды есіне алушылар сиреді.

Бұл ту туралы реквием болатын.

1977 жылы Ресейдің қақ ортасында, қалың орыс орманының ішінде отырған отыз жасар қазақ жазушысы тұңғыш рет, қазақ ханы Абылайдың туын да, үстіне киген оқалы шапанын да іздемегеніне, тіпті оны аңсап, ойы­на алмағанына да таңғалып: «Осы біз не деген елміз? Осы біз халықпыз ба? Ұлт болып қалыптаса алмаған тобырмыз ба?..», деп күйінгеннен еңі­реп қоя берген. Қазақ елінің гимнін жазған Қайым Мұхаметхановтың «Біз қазақ ежелден еркіндік аңсаған», деп күңіренуінің сырын да терең түсінгендей болған. Шандор Петефидің мадьяры Венаның, қазақ халқы үш ғасыр орыстың империялық илеуінде тәнін ғана сақтап күн көріп жатқанын ойлап жаны түршіккен. Еркіндік. Теңдік. Бостандық. Барлығы – өлі сөз. Тірі сөз – Империя! Империяның темір бұғауы! Бұлтартпайтын кесапат күш! Орыс орманының ішінде отырған отыз жас­тағы қазақ қаламгері, он тоғызыншы ғасыр­да жаны күйген, жүрегі тозған най­зағай жырларын жарқыратқан жиырма бес жасар Шандор Петефиді енді ғана ұқты, түсінді. Шандормен бірге жаны күйреді. Жүрегі еңіреп қоя берді.

Жек көрсе де

Басқаның

Бәрі бірдей бүгінде,

Жалғызсырап, жасқанып

Венгриям жүгінбе!

 

Азып-тозып келгенге

Беріп едік қол ұшын,

Енді әкесі өлгендей

Жек көреді сол үшін.

 

Қай арада, қай күні

Танытпақ боп елдігін,

Енді біздің қайғыны

Бөлісуге келді кім?

 

Өкінеді түбінде,

Өкінеді өлгенде

Мадьярға бүгінде

Қол көтеріп келгендер

 

Тапқан екен жуасты!

Бар миықта кекесін...

Жасағандар қиястық

Таниды әлі көкесін!

Мен орнымнан әзер көтеріліп, қараң­ғы тартқан орыс орманының ішінде сандалып жүрдім де қойдым. Есім ауыс­қандай. Жүрдек Мәскеу электрпойызына қалай отырғаным да есімде жоқ. Аштық туралы бастаған романым бар еді, ол да орманда рюкзак ішінде қалды. Сол романды мен қайтып іздемедім. Қай­тып жазбадым. Кей фрагменттерін Құдай қаласа, биыл жарық көрейін деп тұрған. Шәкәрім қажы туралы романға енгізгенмін. Қалған фрагменттері «Қа­зақт­ы қан қақсатқан аштық туралы он әңгіме» деген Реквием кітапқа кіреді. Тек Қа­дыр ағамның ойып жазған хаты мен Шандор Петефидің жиырма бір өлеңі жанқалтамда аман сақталыпты.

Кей-кейде, тәуелсіздік алған Қазақ­стан Республикасын кезіп жүріп Шандор Петефидің өлеңдері ойға орала береді.

Еркіндіктің туы сөйтіп күйреді,

Туды есіне алушылар сиреді.

Былтыр күзде, Будапештегі қыпшақ достарыммен бірнеше күн кеңес өткізген түнде Қадыр Мырза Әлінің ойға толы от жыры тілімді күйдірді. Бұл қазақ жыры. Қазақ пайымы. Қазақ ойы болатын.

Байлық! Байлық!

Байлық деген батпан сор,

Адамзатты тура жолдан қаққан сол

Ағыл-тегіл дүниең де жетпейді,

Әділеттің өзі жетпей жатқан соң.

Қасымда мадьярдың асқақ ақыны, қыпшақ досым Ференц Буда болмады. Ол болғанда бұл бір ауыз қазақ өлеңі, венгрше төгіліп кете берер еді-ау! Әттең, өкінішке қарай бүгінгі әлемде біздің адал достарымыз сиреді. Қазақтың жанын ұғатын, қасиетін таныған әулиедей тұлғалар бүгін бізді іздемейді, өйткені олар о дүниеде, әлемде мәнді жаңа дос­тарды біз де іздемейміз, өйткені достық атты киелі қасиетті біз қадірлеуден қал­ғанбыз. Қадыр Мырза Әлінің бір ауыз өлеңі ХХІ ғасырда жыртық көне жалау секілді асқақтай желбіреп тұр.

Байлық деген батпан сор,

Адамзатты тура жолдан қаққан сол.

Шандор Петефидің Отан, Халық, Тіл туралы толғаныстары, еш ақынның өлеңіне ұқсамайды; бөлек тебіреністі ой, бөлек пайымдау, бөлек сыр бөлісу.

Көне түрік ұрпағы, көне қыпшақ мадияр азаматы «Менің пірім – азынаған қара айғыр» деп сілкінгенде, ХХІ ғасыр­дағы біздің көз алдымызға дүниені дүр­ліктірген ғұндардың арғымақтары сонау Батыс Сібірден Еділ мен Донды тіліп өтіп бара жатқандай елестейді. Сағым ішінде қалың атты әскер асығып-аптықпай сән-салтанатымен маңғаз қозғалып бара жатады. Неткен көрініс!.. Неткен ғажап сурет!.. Жансыз сурет емес, жанды тірі әлем! Әйдәй, көне түріктер, көне Дешті-Қыпшақ даласын жапырып келе жатыр еді-ау!..

Еуропаның көркем өңірінде дүниеге келген Шандор Петефи сиқыр даланың құдіретті тіршілігін мейлінше екпінді, қуатты жырмен өрнектейді. Қанға сіңген, сүйекке біткен, текке тараған қасиет осы болар!

Бір ғасыр өткен соң қала жігіті, қазақтың ұлы ақыны Олжас Сүлейменов те дала мен арғымақты келістіріп суреттеген еді-ау!..

Екі халықтың жыр сабақтастығы Дала елінің ортақ тірлігін, салт-дәс­түрін сол даланың қадыр-қасиетін, ұлы бабаларымыздың рухани бірлігін ай­қындайды.

Отан туралы жазылған өлең көп. Солай болуы заңды да. Бірақ Отанын дәл Шандор Петефише бар дауысымен, жан-жүрегімен, таусылмас мейірлі тілегімен жырлаған ақын аз.

Қадыры жоқ бастың да,

Басты таспен уатасың.

Ұлы дабыл астында

Қалай тыныш жатасың?

 

Отан төзім тозбай ма,

Мен жылаймын, күлмеймін.

Өлгеніңді сезбей қап

Жүресің бе? Білмеймін!

Орыстың әйгілі ақыны һәм аудармашысы мәскеулік Михаил Курганцевпен етене жақын танысып, сыйлас, сырлас болуымызға да Шандор Петефи сеп­тігін тигізген болатын. Азия мен Түркі дүниесінің ұлы ақындарын орысша сөйлеткен Михаил Курганцев көп ақындардың өлеңдерін жатқа білетін, майын тамызып жатқа оқитын. Мадьяр ақынының өлеңдерін ерекше жақсы көруші еді. Мәскеудегі жазушылардың Орталық үйінде жеңіл шарап ішіп, өлең­дерін жатқа оқып отыратын ақындар көп болатын. Ол үй кезінде рухы ояу, намысы тірі жазушы­лар ұясы еді ғой, несін айтасыз! Қазір ол үй бар, тек ол үйден рух қашқан. Қазір ол үйге иелік жасайтын жа­зу­­шы­лар емес іскерлер, графомандар, байлар. Қазақтың біртуар жазушысы Асқар Сүлейменов Алматыдағы жазушылар үйінің «Қаламгерінде» көп ойлы сөз айтушы еді. Соның бірі: «Әдебиетті есті жазушылардан қорғап керегі жоқ, әдебиетті графомандардан қорғау керек»,­ дейтұғын. Не бір аталы сөздер айтқан қайран, киелі аталарымыз бен ағаларымыз бұ дүниеден өтті де кетті ғой. Оларды бүгін тиянақтап ойға алатын орта да жоқ. Бәріміз жал­тақпыз. Бәріміз қорқақпыз. Бәріміз өтірік сөйлейміз, өтірік күлеміз, өтірік сүйеміз. Кәпірге айналып болдық қой. Қазір айнаға қарауды қойдық. Қазақ өзінен-өзі жиіркенетін болды. Дәл осындай халге түсеміз деп кім ойлаған, Құдай-ау!..

Михаил Курганцев арыстан жүрек Петефидің Отан деп соққан дауылпаз жырын оқитын. Бұл өлеңді де Қадыр Мырза Әлі келістіріп-ақ қазақша сөйлетіп жіберіпті.

Қашанғы біз қуыршақ боп қаламыз?!

Жетеді енді! Сарбаз болсын баламыз!

Сыбызғылар қоя тұрсын сызылмай,

Керней үнін күтіп жатыр даламыз.

 

Кез келген жау алды бізді басынып

Отан оян! Шық қаруың асынып!

Тұтандыру үшін сені керек пе,

Жаратқанның жарқ-жұрқ еткен

жасыны?!

Шандор Петефи – венгр халқының ұлы перзенті. Ұлы ақыны. Жаужүрек сарбазы. Қара айғырын көкке секіртіп, қалың жауға алмас қылышын жарқыра­тып жалғыз шапқан жауынгері.

Орыстың Сібірінде моласыз қалған ақын да Шандор Петефи.

Әлем әдебиетінің саусақпен санарлық ұлыларының санатына енген жалғыз венгр де – Шандор Петефи.

Бүгінгі ұлтжанды қазақтар ХІХ ғасырдағы даланың ұлы ақыны Шандор Пете­­фидің жырларымен сусындаса, қал­ғып кеткен намыс, таптауырын болған рухымыз тағы бір сілкінер ме еді?!. – деген үмітке бой артамыз.

Венгр әдебиетіне Шандор Петефи жеті жыл ғана қызмет ете алды. Қалған өмірі Отанының намысын қорғау үшін майдан өтінде өтті. Астында арқыраған қара айғыры, қолында қанға малынған алмас қылышы... Халқының маңдайына жарық жұлдыздай жарқырап біткен ұлы ақын не бары жиырма алты жасында жасын түскен теректей қиылып түсті.

Өкінішті.

Жазылмай қалған жыр қанша еді?!.

Айтылмай кеткен ой қанша еді?!.

Түгесілмейтін асыл арман қанша еді?!.

Қазақтың үлкен ақыны Қадыр Мырза Әлі ағамыз Шандор Петефиді қазақша сөйлетті. Өз жырына да, өзгенің жырына да зор талаппен қарайтын ақын ағамыз баға жетпес жұмыс тындырған. Осы керемет еңбегі үшін қалың қазақ Қадыр Мырза Әлі ағамызға шексіз қарыздар деп ойлаймын.

Ұлы Шандор Петефидің жырларын «Аманат» журналының 200 томдық әлем әдебиеті кітапханасына енгізу көптен ойда жүрген еді. Бүгін сол ойды жүзеге асырудың да сәті түсті.

Ұлы даланың ұлы перзенті, бабалар мекенінің төрінен орын ал!

Төрлет!

 Өйткені ел де сенікі, төр де сенікі! – деп Отаны үшін жанын берген жаужүрек сарбаз, теңдессіз мадьяр ақыны Шандор Петефиге бүкіл жан жүрегімен тебірене бас иген. 

 

Роллан СЕЙСЕНБАЕВ