Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев өзінің кезекті «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі ретінде «Заң үстемдігі орнықпаса және азаматтардың қауіпсіздігіне кепілдік берілмесе, әлеуметтік-экономикалық дамудың бірде-бір міндеті табысты жүзеге асырылмайды» деп атап көрсетті.
Мемлекет басшысы одан әрі қарай Жолдауда: «Азаматтардың мәселелерін тыңдап, көріп қана қою жеткіліксіз. Ең бастысы – дұрыс және әділ шешім шығару қажет.
Азаматтар мүддесіне қызмет ететін мемлекеттің жаңа стандарттарын әзірлеу үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Осы тұрғыда құқық қорғау және сот жүйелеріне негізгі рөл жүктеледі. Бұл салаға реформа аса қажет», деді.
Қазіргі таңда құқық қорғау органдары мен соттардың жұмысында ескінің сарынынан арыла алмай біржақты айыптау жағына көп басымдық берілуде. Нәтижесінде, адамдардың құқықтары бұзылып, негізсіз қылмыстық қудалауға түсіп, сот ісін жүргізуде тараптардың жарыспалығы мен тең құқықтығы қамтамасыз етілмей отыр.
Президент атап өткен проблемаларды, яғни сот және құқық қорғау органдарының жұмыс сапасын арттыруға, ондағы жемқорлықты болдырмауға кедергілердің ең негізгісі ретінде қолданыс аясындағы Қылмыстық-процестік кодекстегі конституциялық принциптер декларативті түрде қарастырылған, яғни олардың қолдану механизмдері мен тетіктері толық айшықталмағанын атап өткіміз келеді.
Мәселен, Қылмыстық-процестік кодекстің талабы бойынша қылмыстық сот iсiн жүргiзу айыптаушы және қорғаушы тараптардың жарыспалығы мен тең құқылығы қағидаты негiзiнде жүзеге асырылатыны атап көрсетілген.
Қылмыстық процеске қатысатын тараптар тең құқылы, яғни оларға заңға сәйкес өз ұстанымын қорғауға бiрдей мүмкiндiк берілген. Шынында да қорғаушы заңда көзделген тәртіппен, қылмыстық іс материалдарына міндетті түрде қоса тігілуге жататын, заң көмегін көрсету үшін қажетті құжаттарды, мәліметтерді, сондай-ақ өзге де деректерді жинауға және ұсынуға құқылы. Бірақ бұл аталған нормалар практика барысында толыққанды тең құқықтылық пен жарыспалықты қамтамасыз етпейді, керісінше көп жағдайда тергеу – сот практикасында бұл қағидаттар ескерілмей, құқық қорғау органдары тарапынан айыптау жағына басымдық беріледі. Өйткені аталған кодекстің басқа нормаларында қорғаушының өкілеттігін шектейтін ережелер бар. Сотқа дейінгі өндіріс барысында қорғаушы ұсынған қандай да бір құжаттар, деректер олардың іс материалына тіркелуі тергеушіге байланысты. Себебі тергеуші іс бойынша дәлелдемелер жинақтап, тіркейтін жалғыз лауазымды тұлға, ал қорғаушыда мұндай өкілеттіктің болмауына байланысты ол тек жинақталған құжаттар мен деректерін тергеушіге ұсынады. Сонымен бірге қорғаушы ұсынған деректерді тергеуші іс материалдарына тіркемеймін десе, оған оның өкілеттігі де жетерлік. Қорғаушы тергеушінің шешімдерімен келіспей, прокурорға не тергеу сотына шағымдануына болады, бірақ бұл жағдай практикада көп тиімді нәтиже бере бермейді. Себебі қорғаушының өтініші прокурор немесе тергеу сотымен қанағаттандырылғанның өзінде, тергеуші қорғаушының ұсынған деректерін дәлел ретінде тануға жарамсыз деп шешім қабылдай салуы бек мүмкін Яғни кодексте қорғаушының біршама өкілеттігі болғанымен оларды іске асыру барысы тікелей тергеушінің көңіл күйіне байланысты. Сондықтан тараптардың жарыспалығын, оның сапасын арттыру үшін, бірінші кезекте айыптаушы мен қорғаушы жақтың тең құқылығын шынайы түрде қамтамасыз ету қажет. Ол үшін қорғаушы тарапқа қылмыстық қудалау органдарынан іс бойынша мән-жайларды анықтап, іске маңызды деректерді жинақтауға дербестік беретін өкілеттік беру керек деп ойлаймыз. Сонда ғана жарыспалық принциптің сапасын арттыруға болады.
Алдын ала тергеу аяқталғанда, қорғаушы тараптың өздері жинақтаған дәлелдемелері негізінде қорғау актісін түзіп, бұл құжаттар тергеушімен міндетті түрде іс материалдарына тіркеліп, прокурорға жолдануы тиіс. Сот басты талқылауында айыптау актісін прокурор оқып, ал қорғау актісін қорғаушы оқып, сот тергеуі жүргізілуі қажет. Сонда ғана тараптардың тең құқықтығы мен жарыспалығын қамтамасыз етуге болады. Мұндай олқылықтар мен коллизиялар қолданыс аясындағы Қылмыстық-процестік кодексте, өкінішке қарай, жетерлік. Біз тек қана конституциялық негізгі принциптердің орындалу барысы туралы сөз қозғадық. Кешегі өткен бабаларымыздың Ұлы дала заңына сәйкес, төре бидің шешімі – даугер би мен жақтаушы бидің базынасы мен уәждерін тыңдап, тепе-теңдікті сақтай отырып, жүзеге асырылған. Қоғамдағы ең басты құндылығымыз – бітімгершілік пен келісім және тұрақтылық. Ал бұл құндылықтарды жоғалтпаудың бірден-бір кепілі – сот пен құқық қорғау органдарына деген қоғамның сенімі.
Мансұрхан МАХАМБЕТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Nur Otan партиясының фракция мүшесі