Қазақстан халқына Жолдауында Президентіміз Қ.Тоқаев жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялау арқылы олардың әлеуетін пайдаланып, аймақтық азық-түлік хабтарына тарту мәселесіне баса назар аударды. Субсидиялау және салықтық жеңілдіктер бағдарламасы аясында ауылдық жерлердегі кооперацияны ынталандыру үшін тиісті шаралар топтамасын әзірлеу жөнінде нақты міндеттер қойды.
Мемлекет басшысы осы бір өзекті мәселеге бірінші рет назар аударып отырған жоқ. Себебі елімізде өндірілетін ауылшаруашылық өнімдері көлемінің жартысына, ал мал шаруашылығы өнімдерінің 66%-ға жуығы осы жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесіне тиесілі. Қазіргі кезде еліміздегі мал басының 47%- 60%-ы түр-түрі бойынша осы сектордың еншісінде.
Алайда аталған орасан зор биологиялық актив агроөнеркәсіптік кешеннің мемлекеттік қолдау жүйесінен тыс қалып, ешқандай технологиялық үдерістерге тартылмаған. Жеке қосалқы шаруашылықтарды жайылым мен шабындық алқаптармен қамтамасыз ету мәселесі әлі де болса өз шешімін таппай отыр. Әсіресе малдың қысқы жем-шөбін қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіншілігінің жоқтығы көптеген қиыншылық туғызуда. Оның үстіне оларды кооперациялау бойынша Үкімет тарапынан жүзеге асырылып жатқан шаралар да табысты болмады. Себебі нақты проблемаларды шешуге бағытталған істер кешенді сипат ала алмады. Осыған қарамастан ауыл тұрғындары өздерінің жеке қосалқы шаруашылықтарын өлместің күнін кешіп жүргізуге мәжбүр. Өйткені бұл кәсіп олардың басым көпшілігі үшін табыстың жалғыз көзі болып табылады.
Осы орайда, жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперациялаудың арнайы жобасын дайындау үшін барлық орталық және жергілікті атқарушы органдардың мүдделі өкілдерінен, соның ішінде Парламент депутаттарынан, бизнес-құрылымдары мен қоғамдық ұйымдардың өкілдерінен тұратын үкіметтік жұмыс тобын құру орынды болар еді және де бұл жобаға біз ұлттық идея ретінде қарауға тиістіміз, себебі ауылдық жерлердегі тұрғындар – негізінен өзіміздің қандастарымыз.
Сонымен қатар ғарыштық мониторинг деректері негізінде, игерілмей немесе тиімсіз пайдаланып жатқан жерлерді қайтып алу жөніндегі жұмысты жандандырып және оны ең алдымен жеке қосалқы шаруашылықтардың жер мәселелерін шешу үшін пайдалану қажет. Ал ондай жерлер бізде жеткілікті. Ғалымдардың жүргізген ғарыштық мониторингі бойынша еліміздің солтүстік және орталық аймақтарында жыл сайын 7%-дан 20%-ға дейін егістік жерлер пайдаланылмай жатады. Алайда оларды қайтарып алу жұмыстары өте бәсең.
Сондай-ақ егер құрылған кооперативтерге тиісті жұмыс істеуіне қажетті өндірістік инфрақұрылымдар салынып берілмесе, онда бұл жұмыста нақты нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Бұл мәселені шешудің екі жолы бар. Біріншісі, аймақтық әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациялары арқылы бюджеттік және де несиелік қаржы есебінен қажетті өндірістік инфрақұрылымдарды салып, оларды кооперативтерге лизингке беру немесе бөліп төлеу арқылы сату. Екіншісі, осы үдеріске әріптес ретінде шаруашылықтарды тарту. Олардың қолда бар өндірістік инфрақұрылымдарын пайдалану арқылы жаңа құрылған кооперативтердің қалыптасуын жеделдетуге қол жеткізуге болады. Кооперацияның мұндай моделі бар және оны С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті даярлап, бүгінгі таңда «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен бірлесіп Ақмола облысында жүзеге асырып жатыр.
Мемлекетіміздің осы мәселені қысқа мерзім ішінде шешуге барлық мүмкіндігі бар деп есептеймін. 188 млн гектарға жуық жайылымдық жері бар және осы көрсеткіш бойынша әлемде 5-орындағы мемлекет бола отырып, қосалқы шаруашылықтарды «ашқұрсақ» қалдыру кешірілмейді. Бұл мәселені шешу үшін саяси жігерлілік танытып, осы іске барлық деңгейдегі әкімдерді жұмылдырып, кооперациялау мәселесін олардың қызметін бағалау рейтингісінің көрсеткішіне енгізу қажет.
Егер біз жеке қосалқы шаруашылықтар мәселесін оңынан шешетін болсақ, өндірілетін мал шаруашылығы өнімдерінің көлемін кем дегенде 30%-ға көбейтіп, олардың сапасын тек қана ондағы мал басының азықтануын жақсарту және де заманауи технологиялық әдістерді енгізу арқылы арттыра аламыз. Бұл еліміздің ауыл шаруашылығындағы нағыз серпіліс болар еді. Өйткені аталған жоба басқа жобаларға қарағанда қосалқы шаруашылықтардағы мал басының пайдаланбай жатқан әлеуетін арттыруға негізделеді. Сондай-ақ ауыл халқының табысын, сәйкесінше өмір сүру деңгейін де көтеруге, ауылдық елді мекендердің айналасындағы жайылымдық жерлердің тозуын болдырмауға, ауылдың экологиялық жағдайын жақсартуға, қомақты қаржыларды көлеңкелі айналымнан шығару арқылы салық базасын кеңейтуге апаратын зор мультипликативтік нәтижеге қол жеткізеді. Мұның барлығы, сайып келгенде, ауыл экономикасының жаңғырып, жандануының қуатты құралы болмақ.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты