• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Пікір 15 Қыркүйек, 2020

Корпоративтік басқару қоғам үшін маңызды

586 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа Жолдауын көлемді бағдарлама деуге болады. Онда көтерілген мәселелердің барлығы да қоғам үшін маңызды.

Экономика саласында өз деңгейінде айтылмай жүрген мәселелердің бірі – корпоративтік басқару. Қ.Тоқаев атап өткендей, елімізде ондаған ұлттық хол­динг, мемлекетке тие­сілі мыңдаған кәсіпорын, квазимемлекеттік ұйым  жұмыс істейді. Алайда олар­дың жұ­мыс нәтижесі мен сапасы ту­ралы мәсе­ле бар және бір-екі­сінде ғана корпоративтік басқару жүйесі өз дең­гейінде. Бұл қалған ұйым­дар­да кор­поративтік басқару жүйесін дамыту керектігін көрсетеді. Оның экономикадағы орны маңызды, себебі халықаралық тиісті деңгейдегі корпоративтік басқару жүйесінің болмауынан кәсіпорындар мен ұйымдар қор биржасы арқылы қаржы тарта алмайды.

Мемлекет үшін маңызды мәселе­лер­дің бірі – қаржы сауаттылығының деңгейі. Мұны Мемлекет басшысы Жолдауда атап өтті. Халықтың қаржы сауаттылығын арттыру бағдарламасын одан әрі жетілдіру, оны кеңінен оқыту шаралары жүзеге асырылуы керек. Ұлттық банк, Қор биржасы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агент­тігі бүгінде бұл жұмыстарды атқарып жатыр, алайда облыстарда, аймақ­тарда қаржы сауаттылығы мәселесі әлі де төмен. Сол себептен ха­лық­тың кейбір бөлігі түрлі жауапкер­шілігі жоқ микроқаржы, ломбард­тарға алданып, сан соғып қалады. Бұл са­ланы көлеңкеден шығару – үлкен іс.

Соңғы жылдары монополияға қар­сы жұмыс көрінбей кетті, бұл Ұлттық экономика министрлігінің құра­мын­дағы бір комитет болып жұмыс атқа­рып жатыр. Сондықтан құзыры мен уәкілеттілігі кейбір мәселелерді шешуге жетпей жатады. Қ.Тоқаевтың монополияға қарсы агенттікті қайта құру керектігі туралы бастамасы және оны тікелей Президенттің өзі­не бағынышты етуі – құптарлық бас­тама. Бұл ретте, Президенттің квази­мем­лекеттік секторды қысқарту, мем­лекеттік қызметкерлер санын биыл 10%-ға, ал келесі жылы 15%-ға қыс­қар­ту жөніндегі ұсынысы да орынды. Осы үдерістерден үнемделген қаржы мем­лекеттік қызметкерлердің жұмыс сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. 

Президенттің ауылшаруашылық, қаржы-экономикалық сектордағы мәселелерді, өндіріс саласындағы проблемаларды және басқа да мәсе­лелерді талдап, қандай жетіс­пеу­шіліктер бар екенін, оны түзету үшін қандай қадамдар жасалу керек екенін ұсынуы, тапсырмалар беруі Жолдауға тиянақты дайындалғанын көрсетіп отыр.

 

Ғаділбек ӘКІМ,

әлеуметтанушы

 

АЛМАТЫ