Маңғыстауда ауыз су тапшылығы – үйреншікті мәселе. Олай дейтініміз, «жоқ затты жерден қазамыз ба?» дегендей, бұл салада жайбарақаттық басым. Әкімдіктің есебін тыңдасаң тұшытылған теңіз суына қазір-ақ қарық бола қалатындай боласың, бірақ ол есепті ести-ести құлақтың жауыр болғанына біраз жыл...
Жаз мезгілі келісімен қыруар қаржыға отырғызылған ағаштары қурап, тұрғындары су сұрап абыр-сабырға түсетін аймақта биыл да жағдай өзгерген жоқ. Мейірі қанбаған қалпы ағаштар мүлгіп, қауғасын қаңғырлатқан күйі тұрғындар қаңғып жүріп жаз өтті... Өңірде су пайдаланудың көлемі өскен сайын су тұшытатындар мен тасымалдайтындар жағдайға төтеп бере алмай келеді. Жаз басталса білектерін сыбанып шығатын, айқайы қоса басталатын Түпқараған ауданының Сайын ауылы және Мұнайлы ауданының тұрғындары ғана емес, Ақтау қаласының тұрғындары да су тапшылығын сезінудей-ақ сезінді. Ақтауда жаз бойы ауыз суды түнгі мезгілде тоқтатып, таңертең қосып лаждаса, қаладағы 31 «а» шағын ауданның тұрғындары шіліңгір шілдеде суды тасып ішіп, сыздықтатып берілген суды ыдыстарға жинап амалдады.
«МАЭК-Қазатомөнеркәсіп» серіктестігі, «Каспий жылу, су арнасы» МКК сынды құзырлы орындарға шағымданғанмен нәтиже шамалы.
Мамандардың айтуынша, жазда суды пайдаланудың көлемі өсетіндіктен ауыз су тапшылығы орын алады. Облыста жаз мезгілінде беріліп отырған ауыз судың көлемі тәулігіне 150 мың текше метрді құрайды.
– Алайда бұл тұрғындар сұранысын толық қанағаттандырмайды. Толық қамту үшін қосымша 37 мың текше метр су қажет, – дейді Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Нұрлан Орынбасаров.
Ақтау мен оған жақын орналасқан Түпқараған ауданының бірқатар ауылы және Мұнайлы ауданы келім-кетімі көп, тұрғындар саны жылдан-жылға артып келе жатқан өңірлер, оның үстіне ауласына шағын бау-бақша өсіріп, азын-аулақ малы мен құсын қоса ұстайтын ауыл тұрғындарының жаз мезгілінде су көлемін көбірек тұтынатыны белгілі. Қозғалысы көп аймақтар үшін алдын ала қам жасамағандықтан, «суды пайдаланудың көлемі өсіп кеткесін қамти алмадық» деген – сылтау. Мысалы, 172 мың адам тұрғыны бар Мұнайлы ауданына «Каспий» су тұщыту зауыты тәулігіне орта есеппен 14 мың текше метр су жібереді. Бұл жалпы қажеттіліктің тек 40 пайызын ғана өтейді. Ал қалаға іргелес жаңа аудан Мұнайлыда халық саны жылдан-жылға артып келе жатқанын басшылар білмеді емес, білді. Соған орай әрекет етуді, су тұшыту көлемін арттыруды ертерек ойламағаны таңғалдырады. Керісінше, бізде ауыз сумен қамту ісінде айтылар әдемі нәрселер бар да, біткен ешнәрсе жоқ. Мәселеге орай қосымша су айдайтын насостар қондырып, құбыр арқылы алуға мүмкіндігі жоқ тұрғындарға су таситын көліктер арқылы жеткізіп беру ұйымдастырылған. Тек жеткізіп беретін су табылып тұрса деңіз...
Маңғыстауда ауыз су мәселесін шешуде ауызды қу шөппен сүртіп отырған жоқ, жобалар бар. Бірақ жобалардың жиналыстарда айтылып, жылдар бойы сағым арасынан қол бұлғаған елес күйінде қалып келе жатқаны қиын. Ести-ести құлақ құрғады, күте-күте халық шаршады... Бұдан 2-3 жыл бұрын жаңғырту жұмыстарына Ұлттық қордан 3 млрд 138 млн теңге бөлінген «Каспий» су тұщыту зауыты жұмысының екінші сатысы іске қосылды. Қайта жабдықтаудан өтіп, заманауи су тұщыту құрылғыларын іске қосқан кәсіпорында тәулігіне 30 мың текше метр су өңдеу межеленді. Сондай-ақ тұтынушыларды тұщы сумен тұрақты қамтамасыз ету және 2019 жылы Маңғыстау облысын толықтай тұщы сумен қамтамасыз ету үшін зауыттың жалпы қуаттылығын 40 мың текше метрге дейін жеткізу жоспарланды. Міне, 2020 жыл аяқталуға жақын, өңірдің сумен толықтай қамтамасыз етілуі тек әкімдіктегілер үшін қағаздағы есеп күйінде, елге ертегі күйінде қалды. Мұндай «бәленінші жылдың соңына дейін 100 % сумен қамтылады» деген сенімді сөз тіркестерін кез келген ауданның есебінен кездестіреміз, бірақ ол жылдар зырғып өте шықты, мәселе сол баяғы қалпында қалып келеді. Әкімдіктегілер «арық айтып семіз шығуды» ойлаған емес, «семіз айтып арық шығудан» шаршаған емес.
Сонымен, сөз саптауы «салу, жоспарланған, жасақталуда» сынды сүйкей салды сөздермен тиянақталатын ауыз су жобалары қандай?
Біріншісі, Ақтаудың іргесінде тұрған «Каспий» су тұщыту зауытының қуатын тәулігіне 40 мың текше метрге арттыру. Жалпы құны 10,5 млрд теңгелік жобаның ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттамасы) жасақталуда. Жоспар бойынша 2021 жылдың желтоқсан айынан бастап зауыт бір тәулікте 40 мың текше метр ауыз су шығара бастайды. Сондай-ақ «Кендірлі» курорттық демалыс аймағында тәулігіне 50 мың текше метр су тұшытуға қауқарлы зауыт салу. Құзырлы орындардың ақпаратына сүйенсек, қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын тұр. Мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізілген. Зауыт салынған жағдайда Жаңаөзен қаласының халқы ауыз судан тапшылық көрмейді. Жоба құрылысын «ҚазМұнайГаз» АҚ жүзеге асырып жатыр. Үшіншісі, «Қаражанбас» кен орнында тәулігіне 17 мың текше метр су шығаратын зауыт салу. Қазір жоба құрылысы жүріп жатыр. Зауыт 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында іске қосылуы керек. Бұдан соң кен орны «Астрахань-Маңғышлақ» су магистралынан тәулігіне алынатын 17 мың текше метр суға тәуелділіктен босайды. Демек, осы мөлшердегі суды облыс жұртшылығының қажетіне беруге мүмкіндік болады сөз. Жобалар төрттігін Қарақия ауданы Құрық ауылында тәулігіне 50 мың текше метр су шығаратын зауыт салу жобасы тиянақтайды. Қазіргі уақытта жобаның техникалық-экономикалық негіздемесі дайын, мемлекеттік сараптаманың қарауына енгізілген.
Жобалар жұтынып тұр, бірақ әзір «іске асса тұрғындар қауғаны шегеге іліп, су үшін сүреңге түсер уақытын отбасына қарайлауға арнаса, бау-бақша, ағаш-бұтақтың қураудан қалған тұқылы бастарын қайта көтеріп, желегін жамылар ма еді!» деп армандаумен жобалар тізілген қағазға қарап отырмыз. Қағаздағы «зауыт салынған жағдайда» деген екіұшты жолдарды оқығанда есепті беріп отырған құзырлы орынның өзі қиялдап отыр ма деген ой келеді. Судың сыбдыры тұрғындар жақындаған сайын алыстай түсетіндей. Сонымен, жобалар қашан іске асады – әлі қанша ағаш қуарып, қанша арық суалып, қанша тұрғын жыланып қанша жазды өткеруі керек?..
Маңғыстау облысы