ERG (Еуразиялық топ) отандық тауар өндірушілермен әріптестікті нығайтып, қазір бар өндірісті жаңғырту мен жаңа өндіріс ашу ісіне инвесторлар тартуда. Тек 2019 жылы компания 2 мыңнан астам отандық орта және шағын бизнес өкілдерінен жалпы сомасы 280 млрд теңгенің тауарларын, жұмыс пен қызметтерін сатып алған. Ал импортты алмастыруға бағытталған жаңа бағдарлама сатып алулардағы отандық тауар, жұмыс пен қызмет үлесін арттыруға сүбелі үлес қоспақ.
Компания кәсіпорындарының алдағы бес жылдағы ұзақ мерзімді қажеттіліктерін қалыптастыру қамындағы бағдарламаның алғашқы кезеңін аяқтады.
– Бұл топтың барлық кәсіпорындарының ұзақ мерзімді қажеттіліктерін түгел қамтып, импортты алмастыру мүмкіндіктерін бағалау үшін тиісті сомаларын көрсете отырып жасалған, – деді Еуразиялық топтың сатып алулар әдістемесі және контроллинг жөніндегі директоры Анатолий Демидов. – Бұл тізбектегі тауарлар біздің елде өндірілмейді немесе қажетті көлемде, тиісті сапада өндірілмей отырған тауарлар. Осы тауарлар тізімі бойынша өтінімдер келіп түскен жағдайда, топ ұзақ мерзімді немесе оффтейк келісімшарттарын жасау мәселесін қарастыруға даяр.
Келесі кезеңде бағдарламаға қатысуға түскен өтінімдер жиналып, қарастырылады. Келіп түскен барлық өтінімдерді арнайы жұмыс тобы қарастырады. Ол жіті сараланған соң, келісімшарт жасасу туралы түпкі шешім қабылданады.
ERG кәсіпорындарының қажеттілігі тізімінде (2021-2025 жылдарға қажеттілік) жалпы сомасы 800 млрд теңгенің 250 атаулы тауары бар. Келешекте бұл тізім жаңартылып, ұлғая түспек.
Бұған қатысты толымды ақпарат, қажетті құжаттар тізімі мен байланыс мәліметтерін ERG-дің сатып алулар порталынан көруге болады.
ERG отандық үлесті арттыру бағдарламасын жүзеге асыруға барынша мақсатты түрде, жоспарлы әрі тиімді қатысуға талпынады. Топ отандық жеткізушілермен әріптестік аясын жылдан-жылға кеңейтіп, жақсы нәтижеге қол жеткізіп келеді. Мәселен, тауар, жұмыс пен қызметті сатып алулардағы отандық үлес 2016 жылы 50% болса, 2019 жылы 60%-ға жетті. Бұл көрсеткішті әлі де жоғарылату мақсатында жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр.
Жыл сайын компания қазақстандық өндірушілерден жалпы номенклатурасы 7 мыңнан астам тауар сатып алады. Олардың арасында жанар-жағармайдан бастап, дайын өнімге дейінгі алуан түрлі өнім бар.
Бұдан бөлек, ERG жыл сайын өз жеткізушілері арасында Supplier Award байқауын ұйымдастырады. Онда қазақстандық өндірушілер жеке аталымда марапатталады. Осылайша компания отандық бизнеске қолдау көрсетеді. Әрі жыл сайын ERG жалпы сомасы 2,5 млрд доллардың өнімін сатып алатын болса, соның әрбір төртіншісі Қазақстанда сатып алынады.