Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына биылғы Жолдауында қазіргі пандемия жағдайына қысқаша тоқталып: «...әлемнің жаңа болмыс-бітімі қалыптасып жатқан шақта біз реформаларға тың серпін беруіміз керек», – деп түйіндеді. Яғни әлем, адамзат қоғамы түбегейлі өзгерістерді бастан кешеді. Дүниежүзілік қоғамдастық үлкен өзгерістерге ұшырайды. Адамдардың дүниетанымы мен қарым-қатынастары өзгереді. Халықаралық қатынастарға жаңа көзқарастар келеді.
Мемлекеттер арасында да болжанбаған қарым-қатынас, оқиғалар болуы мүмкін. Ол жағдайға ден қойсақ – қазіргі АҚШ, Еуропа елдерінің Беларусь, Ресей, Қытай, Түркия-Грекия тағы басқа елдер арасындағы қайшылықтар мен біржақты әрекеттерді еске түсірсек те жеткілікті. Тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстан өңірлік, ғаламдық құбылыстардан тыс қалады деп ойлау ағаттық та болар еді. Сондықтан әрбір азамат санасында, мемлекетіміздің қауіпсіздігі мен тұтастығы басымды ұғым болуы тиіс. Өйтпесек ел болмаймыз.
Жолдауда «Біз азаматтарымыздың лайықты өмір сүруіне жағдай жасауға, олардың құқықтарын қорғауға, заң үстемдігін қамтамасыз етуге, жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге міндеттіміз», – деп кесіп айтылған сөз де әр азаматқа тапсырма. Тапсырма сөзіне екпін беруіміз – әр азамат заңды орындап, заңмен өмір сүру ережесін сақтауға белсенді қатынасуы тиіс. Қоғамның ежелгі ауруы – қабылданған заңға енжарлықпен қарауымыз, оны орындау маңызына мән бермеуімізде. Енді осылай жүре берсек талай жағдайда артта қаламыз. Ежелден ұлтымыздың талай асыл тұлғалары айтып келе жатқан: «Енжарлық пен құлықсыздығымыздан арылайық, айығайық» деген ұрандары бүгін де әр қазаққа ауадай қажет. Тұрмысымыздың салты, адамдық арымыз деген ұран. Сөз жоқ, осылардың орындалуына, өмір салтымызға айналуына мемлекеттің құзырлы орындары бастамашы, сонымен бірге әр адам өз жауапкершілігін, белсенділігін өзі бақылауы тиіс.
Президент: «Ең алдымен, мемлекеттік басқаруға, кадр саясатына, шешім қабылдау жүйесіне және оларды орындау жауапкершілігіне деген көзқарасты өзгертуден бастауымыз керек», деп Жолдауда мемлекеттік басқаруға жаңа көзқарас қалыптастырып, жаңа жүйе жасақтау қажеттігіне екпін берді.
Осы тапсырмаға сәйкес кейбір пікірімді ортаға салсам деп едім. Атап айтқанда, кадр саясатына тоқталсақ. Бұл салада, сөз жоқ, өткен ширек ғасырда талай нәтижелі реформалар жасалып, игілікті іс атқарылды. Мемлекетті басқарудың жаңа буыны өсіп, тәуелсіздігіміздің қуаттануына көптеген мемлекеттік қызметкерлер өздерінің лайықты үлестерін қоса алды.
Елбасы – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен жас талапкерлерге мейлінше жол ашылып, олар шетелдердің оқу орындарында білім алды. Тек «Болашақ» бағдарламасымен білім алғандар саны 12 мыңнан асып кетті. Әрине олардың бәрі мемлекеттік қызметке келу керек деген ойдан аулақпыз. Маңыздысы – қай салада болсын жақсы маман болуда. Мемлекеттік қызмет беделін көтеретін көптеген шара жүзеге асырылды. Агенттік, Мемлекеттік басқару академиясы құрылды. Арнайы заңдар қабылданды.
Алайда дәл осы мемлекеттік қызмет сапасы әлі күнге дейін қоғамның сұранысына толық жауап беру дәрежесіне көтеріле алмай келеді. Мемлекеттік қызметкердің мемлекеттік бейнесі толық қалыптасты деп айта алмаймыз. Әрине алдымен мемлекеттік қызметкер билік өкілі екені де рас. Сол билік өкілі кім, Президент атап көрсеткен – әділдік, адалдық, даму талаптарына сай келетін тұлға ма? Оның ел арасындағы беделі қандай? Ұйымдастырушылық, елмен сөйлесу, тіл табысу қабілеттері, білімі мен білігі, адамдарды тани білуі, жеке басының мінез-құлқы, ішкі, сыртқы мәдениеті, тағы басқа қыр-сыры сияқты көптеген көрсеткішке жауап іздегенде қанағаттанарлық жауап ала аламыз ба?
Айтып отырғанымыз – бәлендей жаңалық емес, көптің көкейінде жүрген, ежелден айтылып, қойылып келе жатқан талаптар. Мемлекеттік қызметкер кәдімгі қатардағы өзіміз сияқты адам болғанымен, оның атқаратын қызмет өкілеттігі ерекше – халыққа, қоғамға қажет қызмет. Сондықтан да оның мәртебесі бөлек. Бұл – халықтан ерекше деген емес, халқыңа қызмет ету сеніміне ие болған тұлға екендігін көрсетеді. «Әкім бол – халқыңа жақын бол» – деген сөз де тектен-текке айтылмаса керек. Халықтың жоғын түгендеп, мұңына құлақ асып, өз өкілеттігі аясында мәселе шешу, жұмысты ұйымдастыру құзыреті берілген. Өз құзыреті жетпеген жерде ел мұқтажын биліктің құзырлы орындарына жеткізіп, шешілу жолдарын қарастыру – лауазымды мемлекеттік қызметкерлердің абыройлы міндеті. Президенттің тыңдайтын мемлекет ұстанымы да осындай жұмыс процесін көздейді.
Өкінішке қарай, көп жағдайда мемлекеттік қызметке жаңа келген адамдар міндетінен бұрын, өзінің билікшілігін, үстемдігін ойлайды. Осыдан барып, өзімшілдік, менмендік мінездер туындап, кәдімгі паңдық (бюрократия) пайда болады. Әсіресе жергілікті билік тармақтарында мұқтаж адамдар, ауыл, аудан, қала тұрғындары лауазымды мемлекеттік қызмет өкілдеріне, өзінің мұң-мұқтажымен айлап, жылдап кіре алмай жүреді. Кездескен, сөйлескен қызметкерлер оларды атүсті тыңдап, мәселесіне қанықпайды, «көмектесейін, нақты, дұрыс жауап берейін, түсіндірейін» деген ниетте болмай, әйтеуір «құтыла салайын» деп сырғанақтап сөйлеседі. Әрине ондай бюрократтың қабылдауына риза болмаған азамат – облыс, республика орындарына, кейде Мемлекет басшысына дейін арыз-шағым жолдап, сабылуға мәжбүр болады.
Жекеменшік бизнесінен басшы мемлекеттік қызметке келген адамдармен бірге әртүрлі қызметтерге «менің өз адамымды қоямын», «команда» деген ұғымдар қалыптасып, бұрынғы жұмыс істеп жүрген адамды ешқандай құқығынсыз, заңсыз орнынан босатып жіберу кеңінен орын алып тұр. Министрлер де, әртүрлі дәрежедегі әкімдер де осылай етуді мансап көріп, жасайды. Біраз уақыт өткеннен кейін «өз адамының» бұрынғы адамнан еш артықшылығы жоқ екендігі де көрініп жатады. Белгілі қызметкер сол лауазымға лайықты болмаса немесе тағы басқа себептер болса ғана – мәселе көтеруге болады. Осындай жағдайлар әрине биліктің беделін түсіндіреді, бастысы – билік сенімнен айырылады. Бұл орайда соңғы жылдары Мемлекеттік қызмет агенттігі біраз бақылау жұмыстарын қолға алып жатқаны құптарлық іс, бірақ әлі жеткіліксіз. Лауазым ешкімнің құқын шектеуге құқық бермейтінін биліктегі адамдар естен шығармауы керек.
Сол сияқты мемлекеттік қызметкерлердің қызметке кіріскенде адалдыққа, әділдікке, мемлекетшілдікке ант беретінін де ұмытып кететіндері таңғалдырмай қоймайды. Яғни, олардың санасына сол жауапкершілік күші жетпеген. Әр жыл сайын жүздеген мемлекеттік қызметкерлердің жемқорлықпен жазаға тартылып жатуы да ел алдында бұл қызметті келемеж етеді.
Үстіміздегі жылы Мемлекеттік қызмет агенттігі Президенттің бастамасымен үш жүз жас жігіттер мен қыздар арнайы бағдарламамен іріктеліп алынып, олардың көпшілігі қызметке қосылды. Президент бұл жұмысқа жоғары баға берді. Бірақ сол жастардың негізгі бөлігі – Нұр-Сұлтан, Алматы, облыс орталықтарында шоғырланып қалды. Дәл осындай іріктеуден өткен жастарды көбірек өңірлерге, аудан, қалалардағы мемлекеттік орындарда, тым болмаса бір-екі жыл ел-жұртпен араластырып жұмыс істетіп, бейіміне қарай кадрлыққа резервке есепке алып, алдымен облысқа, одан кейін мемлекет астанасына қызметке келтірсе – жан-жақты жетілген қызметкерлер болар еді.
Осы бағыттағы конкурс – таңдаулар жергілікті жерде де адалдықпен, әділдікпен ұйымдастырылса – әр деңгейдегі, әсіресе аудан, қала дәрежесіндегі мемлекеттік қызметшілер сапасы да жақсара түсері анық. Менің бұл сөзіме: «бізде барлық деңгейдегі қызметкерлер конкурспен таңдалады» деген уәж айтылуы мүмкін. Иә, конкурспен таңдалатыны рас. Мәселе, сол конкурстың адал өткізілмеуінде. Кейбір облыстық, қалалық әкімдіктерде, министрліктерде конкурстар кадр саясатының мейлінше ашық, әділ, демократиялық әдіс-тәсілдердің айғақты көрінісі болудың орнына, керісінше, нағыз сыңаржақты, бюрократиялық «аспап» болып, мүдделі адамдардың сенімсіздігін тудырып, қоғамда теріс пікір қалыптастырып отыр. Мәселен, құрылыс салаларында кейбір алыс, шалғай аудан, ауылдарда бюджеттен қаржы бөлініп, мектеп, аурухана немесе тағы басқа әлеуметтік нысандардың құрылысын Алматыдағы, Нұр-Сұлтандағы бар-жоғы белгісіз «үш қайнаса сорпасы қосылмайтын» компаниялар жол-жөнекей ұтып алып, қазақтың сарказммен айтылған «Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген мақалды еске түсіретіндей, конкурста даярлығы, еңбек тәжірибесі озып тұрған адамдар жайына қалып, мүлдем «шикі» үміткерлер өтіп жататыны жай күдік тудырып қоймайды, естіген, білген адамдардың наразылығын өршітеді. Тағы да сол баяғы жемқорлық, парақорлықтың мәселе шешіп тұрғанын көрсетеді. Содан бүкіл ізгі ниет далаға кетеді. Мемлекеттік қызмет агенттігінің мықтап қолға алып, түбегейлі реформа жасайтын шаруасы – осы мемлекеттік қызметкерлердің әділ конкурсы болса керек.
Президенттің Жолдауындағы: «Бізге жаңа кадрлар, яғни кәсіби білікті, озық ойлы және бастамашыл мамандар аса қажет. Мемлекеттік қызмет қол жетпейтін жабық кастаға айналмауға тиіс» – деген тапсырмасын орындау үшін бейімді адамдарды, әсіресе жастарды іріктеп, таңдап, мейлінше отандық, мемлекетшілдік мектептен өткізуді жолға қоя алсақ, мемлекеттік қызметкерлердің деңгейін жаңа сатыға көтеру арқылы, жалпы мемлекеттік қызметтің сапасына да, беделіне де жаңа мазмұн бере аламыз.
Ауыл, аудан, қала, облыстар әкімшіліктерінде өз аумағындағы барлық лауазымды қызметтерге кем дегенде екі немесе үш адамнан кадрлардың лайықты үміткерлері (резерв) жасақталуы тиіс. Олар өз орталарында танымал тұлғалар болуы керек. Шын танымал адамдар өз төңірегіне, өзіндей, тіпті өзінен де таланты артық, күнделікті ортақ мүддеге де, барлық жұмыста да шын мәнінде тірек бола алатын, мәселе шеше алатын, адал тұлғалар жинап, топтастырады. Кейбір әкімдіктерде, мекемелерде бірінші басшылар әлдеқалай өзі орнында болмай қалған жағдайда (демалып, ауырып қалуы мүмкін, іссапар, т.с.с.) бүкіл жұмыс тоқтап қалады. Бұл – мешеулік, білімсіздік, тіпті мәдениетсіздік. Ешқашан, ешқандай жұмыс, тіршілік тоқтап қалмауы керек. Бізде мемлекеттік қызмет этикалық кодексі де бар емес пе? Неге оны ұмыттық?
Әлдебір себептермен мемлекеттік қызметкер деп Агенттік олардың классификациясын тізіп қойса да, негізінен әкімдіктер, министрліктер, басқа да мемлекеттік, республикалық дәрежедегі басшы қызметкерлер мен аппарат қызметкерлерін айтамыз. Олардан басқа да сан-салалы мекемелерді басқаратын да, атқаратын да жүздеген, мыңдаған мемлекеттік қызметкер бар. Барлығы мемлекет бюджетінен қаржыландырылады. Олардың жауапкершілігі қоғам назарынан тыс қала береді. Сан-салалы департаменттер, құрылымдар, ауруханалар басшылары, оқу орындары, құрылымдар, мекемелер, шығармашылық ұжымдар, мәдениет қызметкерлерінің тұлғалық деңгейіне қарай, атқарған жұмысына қарай мемлекет қызметінің беделін не көтереді, не түсіреді. Осындай мекемелер басшылары кейде бүкіл ұжымды жалғыз өзі билеп, төстегісі келеді. Өзіне жағынған адамды қолдайды, шындықты, әділдікті, тіпті күнделікті жұмыс барысында өз пікірін айтқан адамды қудалайды. Ондай мәнсапқор басшылар адам, қызметкер құқымен тіпті де санаспайды, одан хабары да жоқ. Бүкіл мекемені өзінің мүддесіне бағындырғысы келетін шонжар басшылар облыстарда, аудандарда, қалаларда толып жүр. Кейбір басшылар сол баяғы «өз адамым» деген шірінді, озбыр санасымен өзіне өзі сияқты орынбасар, бухгалтер бекітеді немесе бекіткісі келеді, әкімдіктер оған келісім береді. Мамандардың, жұмыскерлердің қамын, олардың тұрмыс жағдайын ойламайды, ойлағысы да келмейді. Қызметкерлер болсын, басқа адамдар болсын егер мансабы басшыдан төмен болса, олармен «үстемдік» тұрғысынан сөйлеседі. Аузын ашса – жұмыстан шығарады. Жұмысынан айырылғысы келмеген адам озбыр басшының айтқанын орындап күнелтеді.
Мемлекеттік қызмет агенттігі мемлекеттік қызметке қызметкерлер таңдап, іріктеп орналастыруды, олардың арасын тазартуды да жүзеге асыра алса, көп жағдай, атмосфера оңалар еді.
Жолдау талабы аяқсыз қалсын демесек, құзырлы, өкілетті билік орындары республика бойынша үстіміздегі жылы 10, 2021 жылы 15 пайызға шенеуніктерді қысқартуды жүзеге асыру үшін мемлекет бюджетінен қаржыландырылатын барлық құрылымдарды, мекемелерді, квазимемлекеттік компаниялардың басқарушы, қызмет етуші, сондай-ақ министрліктер жанындағы толып жатқан институттарды, республикалық мемлекеттік кәсіпорындарды (РГП) түгел сараптаудан өткізуі тиіс. Олар мемлекет тәуелсіздігіне, мемлекеттік қызмет сапасына қалай қызмет етіп жүр? Осы жағдайлар егжей-тегжейлі сарапталуы қажет.
Министрліктер аясында қызметін ешкім білмейтін неше түрлі консультациялық құрылымдар бар. Облыстарда министрліктердің облыстық департаменттерімен қатар, облыс әкімдігіне бағынатын дәл осындай департаменттер тағы бар. Депутаттар өз сауалдарына үкімет тарапынан, анығырақ айтсақ – министрліктерден бюрократтық тілмен ешнәрсені нақты шешкісі келмейтін пейілмен жазылған стандартты жауаптар алатыны да әлденеше рет көтеріліп келеді. Қалыптасқан игі дәстүр, тиімді, орынды жұмысқа ешқандай сөз жоқ. Алайда қойылған бір сұраққа жауап хатқа министрліктің бірнеше департаменті, бірнеше орынбасары (вицесі) виза қойып, қағаз дөңгелетіп, әлемдік тайталастың шаңын қауып отырғанымыз жоқ па? Осындай таптаурын жағдайда жұмыс жасап жүрген жас қызметкерлер не үйреніп жүр?
Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында жаңа жағдайдағы ғаламдық өзгерістерге тек білімді, білікті жаңа заманның талаптарын түсініп, мемлекеттің абыройын көтеріп, еңбек ете алатын адамдарға, оң өзгерістерге бетбұрыс жасайтын реформаларға жол бастады, құптап, нақты нәтижеге қол жеткізу әрқайсымыздың ұлттық парызымыз.
Қуаныш СҰЛТАНОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Nur Otan партиясының фракция мүшесі