Уақыт шіркін зымырап, заман сырғып өтуде. Сол сынаптай сырғыған сағым жылдар санатында азды-көпті ғұмырының саналы жылдарын мәнді де мағыналы өткізген, адал еңбегін туған еліне, ауылы мен аймағына арнап, жұртшылықтың есінде ұзақ сақталатын азаматтар болады. Осындай өнегелі өмір кешкен ел ағасының қатарында Құсайын Бижанұлы да бар еді.
Ол кісінің әкесі Бижан ақсақал ел ішінде беделді, арғы-бергі тарихты қаузап, есте жоқ ескі заманның естеліктерін сапырып отыратын, қазақ халқының басынан кешкен небір кезең, оқиғаларынан хабары бар зерделі, шежіреші кісі болатын. Сондай қасиет оның ұлы Құсайынның да бойынан табылды. Сондықтан да болар, өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы ашаршылық зардабы енді сейіліп, одан кейінгі тұста еліміздің бетке ұстар зиялылары «халық жауы» деген жаламен ұсталып, ұлтымыздың ұяты болған арыс азаматтар атылып, айдалып кеткен шақта орнында бар оңалар дегендей, осы Құсекең тәрізді саналы жандар ағарту ісіне араласа бастады. Халық абыржып, кімге ілесерін, қайда барарын білмей абдырап қалған өліара шақта осындай перзенттеріміздің шығып, жөн сілтейтін кезі келген еді. 17-18-дерге енді келген, мұрты жаңа тебіндеген жас Құсайын жұртты көтерудің жолы – халықтың сауатын ашу деп білді.
Бала ұстаз алғашқы қадамын Кеген ауданындағы Ұзынбұлақ мектебінде өзінен бірер жас қана кіші балаларға дәріс беруден бастады. Көзі ашық, көкірегі ояу, табанды да ұстамды бозбаланың бағыт-бағдары дұрыс еді. Сондықтан да көп кешікпей білікті ұстаз ретінде саяси білім қызметіне жоғарылатылады. Алайда бүкіл халықтың басына түскен қиын тағдыр оның осы салада жарқырап көрінуіне жол бермеді. Батыста соғыс өрті бұрқ ете түсті де, тепсе темір үзетін азаматтар шетінен әскерге алына бастады. Солардың алғашқы легінде бозбала Құсайын да Отан алдындағы жауынгерлік парызын өтеуге аттанды. Бастапқыда осы аймақтан жиналған жастар Алматының іргесіндегі 18-ші запастағы полк құрамында әскери даярлықтан өтіп, артынан майданға аттанады. Міне, осы тұста басқыншы дұшпан тобы Сталинград түбіндегі шайқасты өршітіп, сол кескілескен соғыста дивизияға генерал Чуйков қолбасшылық етеді. Құсекең сол сұрапыл кезеңнің небір қиын сәттерін көзімен көріп, талай қыршын жастың қапияда көз жұмғанын өкінішпен айтып отырушы еді. Ақыры сол майданда өзі де жарақат алып, ұзақ жылдар зардап шекті.
1943 жылдың алғашқы күнінде, қаңтардың қақаған аязында қарсы шабуылға шыққан атқыштар полкы жаудың тегеурінді тосқауылына тап болады. Осы шайқаста Құсайын аға екі аяғынан бірдей жараланады. Оны майдандас достары жау шебіне тастамай, көшпелі санитарлық бөлімшеге жеткізеді.
– Менің жанымды алып қалған ленинградтық дәрігер еді. Алғашқы көмектен соң, Челябі қаласының іргесіндегі Сунгул госпиталінде емделдім. Қарт дәрігердің емі шипа болмағанда, екі аяғымнан бірдей айырылатын едім, – деп отыратын майдангер ағамыз.
Жаралы жауынгер тауар таситын пойызбен апталап жүріп, елге жетеді. Алматы вокзалынан түскен оған жерлесі кезігіп қалып, әкесі Бижанның қазір ауылда емес екенін, әскери мобилизациямен қалаға келіп, жұмыс батальонының құрамында, Алматы ауыр машина жасау зауытында жұмыс істеп жүргенін айтады. Сөйтіп балдаққа сүйенген жауынгерді жерлесі ескі «Захар» машинасымен зауытқа жеткізіп салады. Сол арада зауыт директорының орынбасары оған расымен де Бижан Сақарбаев осындағы цехта жұмыс істеп жүргенін, қазір түнгі сменадан шығып демалып жатқанын айтады. Барак тектес ұзынша салынған жататын бөлмеде екі қабатты төсектер тұрған. Онда Алматыға жақын елді мекендерден келген, мобилизациямен жұмысқа шақырылған егде тартқан ер-азаматтар тұрады екен. Осы арада жаралы жауынгер ұзын бөлменің екінші қабатындағы төсектен шыққан екі үлкен кісінің әңгімесін құлағы шалып қалады. Зор үнді қоңыр дауыстан Құсайын өзінің әкесі екенін таниды. Ол көршісінен: сенің қолың жеңіл ғой деп, құмалақ салып беруін өтініп, баласының жағдайын білуді, тағдыры қандай екенін сұрайды. Күн сайынғы әскери мәліметте айтылғанындай, жақында ғана Сталинград түбінде ауыр шайқас болып, әскер шығыны болғаны белгілі еді. Ал сонда оның баласы бар болатын. Оның үстіне өзі де түсініксіз түс көргенін, соны қалай жоритынын білмей отырғанын мұңая айтып отырған. Құсайын мұны естіген соң олардың әңгімесін бөлмей, әкесін көруге асығып әзер шыдаса да, сабыр сақтап, әрі қарай құмалақшы не айтар екен деп үнсіз қалады. Көршісі құмалағын шашып тастап, жорамалын жалғастыра береді. «Құмалақтың түсуінше жаңалық жақсы, сенің балаң аман-есен, алайда жарақат алыпты, мүмкін жақында келіп қалар» дейді. Бұл жорамал егде тартқан Бижан үшін жақсы жаңалық еді, өйткені жалғыз бауыры Сайбыр майданда қайтыс болып, енді ұлы үшін қатты алаңдаулы болатын. Сөйтіп ол құмалақшыға өткір пышағын сыйға тартады. Осы арада Құсайын: «Әке!» деп әрі қарай шыдап тұра алмай, әкесіне қарай ұмтылады. Мұндайды күтпеген әкесі орнынан тұра алмай абдырап қалады, аузына сөз түспей, көршісіне жалтақтай береді. Сәлден кейін есін жиып, биік нардан түсе сала, даусы да қатты шығып, жаралы жауынгер баласына ұмтылады. Оны құшағына алып, көз жасына ерік береді. Ақ бинтпен оралған ұлының аяғын құшақтап, еңкілдеп жылайды. Барактағы өзге де адамдар бұл көрініске толқып, жиналып қалады. Бақытты әкені сабырға шақырып, оларды тоқтатады. Сөйтіп Алматыда екі жауынгердің – бірі еңбек майданының, екіншісі Ұлы Отан соғысы сарбазының күтпеген кездесуі осылай болған еді.
Сол соғыстан осылайша жарақат алып, қос балдаққа сүйеніп оралған жігіттің бейбіт өмірі басталады. Алайда граната мен бомбаның, ауыр танкінің зор гүрілі, оқ пен оттың даусы естілмегенімен, ел ішінде де тыныштық жоқ еді. Бәрі тыным таппай тылдағы ауыр еңбекте жүрді. Жаралы жауынгер сәл тынығып алып қайтадан оқу-ағарту саласында қызмет атқарды. Алдымен мұғалім, кейін директор болды. Аудандық білім бөлімін басқарды. Жоғары білім алды. Іскер азаматтың басшылық, ұйымдастырушылық қабілеті байқалып, кейінірек бірнеше аудандарда партия комитетінің бірінші хатшысы болғаны оның еңбекке деген құлшынысының, елге деген ыстық ықыласының сан қырларын ашып көрсетті.
Балқаш көліне дейін, Іленің қос қапталын алып жатқан боз далада бір кездері өркеш-өркеш шағыл құмдар мен жабайы аң-құстар және сексеуілден басқа көзге ілінер нәрсе көрінбейтін. Мал баққан халық қалың тоғай ішінен шықпай, мына тұрған Алматыны да көп көрмей өтетін тұстары да болған. Өйткені алқап игерілмеген, жолы салынбаған заман еді. Балқаш ауданының бірінші хатшысы болған Құсайын Бижанов көп кешікпей Ақдала алқабын игеруді қолға алды. Тың жатқан жерлерге түрен түсіп, егіс алқаптары ұлғайып, бірнеше күріш шаруашылықтары бой көтерді. Тусырап жатқан өлкеге нәр беретін тынымсыз күндердің жемісін көріп, бүгінде Балқаш өңірінің тұрғындары Құсекеңді ыстық сезіммен еске алады. Бір кездері Малайсары, Тасмұрын асуларынан өтетін жол болмай, өгіз арбамен Алматыға Ақкөл, Көктал, Құйғаннан апталап, айлап жететін кезең де болған. Шаңы бұрқырап жататын арба жолға алпысыншы жылдардың орта тұсында асфальт төселіп, автокөлік жүре бастайды. Содан бері Балқаш ауданының түлеуі басталды. Ақдала алқабына нәр берген Тасмұрын каналы тартылып, тегістелген құм төбелер күріш егістігіне айналып шыға келді. Бұл тұтас ауданның жаңарған, түлеген тұсы.
– Бұрын мұнда азық-түлік, көкөніс атаулы Алматыдан тасылып жеткізілетін. Енді ондай қазынаны Алматыға бір кезде томаға-тұйық безеріп жатқан Ақдаланың өзі беретін болды. Ал осының бәріне тікелей ұйытқы болған халқымыздың біртуар азаматы Димекең – Дінмұхамед Қонаев еді ғой, – деп отыратын Құсайын аға.
Өзі өнегелі ісімен ел ішінде беделі артқан ардагер ағаның осыдан біраз жыл бұрын болған әңгіме желісі жетпісінші жылдардың соңына қарай мерзімді баспасөздің негізгі тақырыбына айналған Бартоғай су қоймасына ауысқан-ды. Құсайын Бижанов осы тұста Шелек аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болатын. Ырыс арнасына айналған канал 150 шақырымға созылып, екпінді құрылыс деп танылғаны бар. Өйткені ол облыс шаруашылықтарында егіннің шығымдылығын арттыру, көкөністі көбейту, бау-бақшаны ұлғайту қажеттілігінен туды. Соған негізгі өзек болған мол судың көзі Шелек өңірінде, Бартоғай шатқалында еді. Сондықтан да бүкіл ауыртпалық Шелек құрылысшыларына түскен болатын. Ал оны ұйымдастыру, ұйытқы болу тізгінін басшы өз қолына ұстады. Алматы облысының бірнеше ауданы аумағынан өтетін үлкен Алматы каналы аңызақ даланың шөлін қандырып, бұл күнде жазираға қарай жосылып жатыр.
Шелек ауданы Алматы облысындағы экономикасы ілгерілеген аймақ болды. Құсайын Бижанов осы өңірді басқарып тұрған жылдары нағыз кемеліне келіп, іскерлік қабілеті қалыптасып, толысқан шағы еді. Іскер басшының Димекеңді Шелек өңірін аралатып, әйгілі Асы жайлауына апарып, малшы шопандардың еңбегімен, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің қол жеткен табыстарымен таныстырып, сол тұстағы республика басшысын риза еткені бар. Оның үлкен абырой-беделге ие болған тұсы осы кезең. Ауданда мал шаруашылығы барынша қарқын алып, егістік алқаптар ауқымы арта түсті. Шалғайдағы ауылдарға асфальт жол төселіп, алыс елді мекендерге жан бітті. Халықтың әл-ауқаты жақсара түсті. Экономикасы көтерілген аудан Бүкілодақтық ауыспалы Қызыл туды бірнеше мәрте иеленді. Құсекеңнің осындай іскерлік қабілетін, жұртты еңбекке жұмылдырып, тәртіп пен жинақылыққа бейімдеген қасиеттерін жұртшылық бүгінде ыстық сезіммен еске алады.
Ардагер ағаның ел мен жерге деген сүйіспеншілігі оның өрісі биік рухани танымынан туындағандай. Арғы-бергі әңгіме барысында мұзбалақ ақын Мұқағалимен, әйгілі сазгерлер Нұрғисамен, Шәмшімен болған кездесулерін, жолдас-сырлас сәттерін ерекше сезіммен айтып отыратын.
Жалпы, Құсайын Бижанов Нарынқол, Балқаш, Шелек аудандарында басшылық қызмет атқарған кездерінде шаруашылық жетекшілері оның іскерлігі мен табандылығы арқасында беделінің биік болғанын үнемі айтып отыратын. Бүгінде ел ішінде сол тұстағы кей министрлердің өздері Құсекеңе келіп сәлем беріп, тәжірибесі мол аудан басшысынан ақыл-кеңес сұраған сәттерін тілге тиек етеді. Азаматтың еңбегі бағаланып, Ленин, Октябрь революциясы, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы, «Қызыл Жұлдыз», «Отан соғысы» ордендерімен марапатталады. Екі мәрте Жоғарғы Кеңестің депутаты, Орталық Комитеттің мүшесі болған. Қазақстан Үкіметінің қаулысымен Құсайын Бижанов есімі ауыл атына, ономастикалық комиссияның шешімімен өзі қызмет атқарған бірнеше ауыл көшелеріне, мектепке берілгені ол кісінің еңбегінің жемісіне деген құрмет болса керек.
Кезінде Құсайын Бижановпен қызметтес болған қоғам қайраткерлері – замандас, құрбы-достардың да қатары сиреген. Олардың санатында Бәйкен Әшімов, Асанбай Асқаров, Әріпбай Алыбаев, Заманбек Батталханов сынды азаматтар бар. Олар кезінде Құсекең туралы естеліктер жазып қалдырды. Өмірінің соңғы жылдары өскелең ұрпаққа тәлім боларлық шығармалар жазып, жастар тәрбиесіне назар аударып, отансүйгіштік рухта, жас жеткіншектерге патриоттық тәрбие беру ісіне көңіл бөліп, түрлі кездесулер өткізіп жүрді. Оның қаламынан шыққан шығармалары: «Өмір өрнегі» және «Нұрлы жол» атты жинақтарда жарық көрді.
Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңіске 75 жыл толса, соғыс және еңбек ардагері, қоғам қайраткері Құсайын Бижановтың туғанына жүз жыл. Сонау жиырмасыншы жылдардың күзінде дүниеге келіп, одан бергі кезеңдердің небір қиын-қыстауын бастан өткерген, елінің өркендеп өсуіне сүбелі үлес қосқан, сөзі өтімді, ісі өнімді болған Құсайын Бижанов, міне, осындай есімі есте қалған азамат.
Саясат БЕЙІСБАЙ,
журналист