...шынайылыққа шақырады
Абайдың өсиеті адастырмайды
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың; адамшылықтың қарызы үшін еңбек қылсаң – Алланың сүйген құлы боласың», деп тұтас елдің қамын күйттеп, рухани жоғын түгендеген Абайдың айтқанына ден қоятын уақытқа келдік.
Бүгінде қазақ елі рухани білімге сусап отыр. Сананы көтеріп, салауатты өмір салтын ұстанып, еліме адал қызмет етемін деген жастар мына ой жарыстыратын заманда көбейе ме десек, күн өткен сайын қатарымыз сирей бастағандай. Оған себеп, қазіргі таңдағы ұрпақтың, жастардың дені білімділікке емес, ақшаны тез табудың оңай жолына бет бұрғандай. Көйлегі көк, қарыны тоқ қоғамда, рухани сананың төмендігінен мұрнын шүйіріп өзінің шыққан тегін білмей жатқандар қаншама? Әрине, көпке топырақ шашпаймыз, десек те тек қоғамның әдемі қырын ғана айта бергеннен көзбен көрген шындықтың бетіне тура қарап, соны түзеуге тырысқанның өзі ғанибет емес пе?!
Осы мақсатта Сағи Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында ұйымдастырылған «Абай жолы» – ғасырлық туынды» онлайн-жобасында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» деп аталатын виртуалды кітап көрмесі ұсынылды. «Абай жолы» төрт томдығына, ондағы кейіпкерлердің шынайылығына, қазақ елінің жарты ғасырлық өміріне бір шегініп қайттық. Ертеректегі қазақ қоғамының жусан иісі өзгеше сезілді. Сол жусан иісінің, тамыры қиылып, қаңбақтай ұшпағанын тілесек, Абай айтқан өсиетті тыңдайық.
Назерке ЖОЛДИЕВА
...ой қозғайды
Абыз жайлы аңыз
Ақтөбе облысының аумағында сыры ашыла қоймаған, әлі де зерттеуді қажет ететін тарихи нысандар өте көп. Солардың бірі – Ақтөбе қаласынан жиырма шақырым жердегі Бекқұл баба кесенесі. «Қосқоңыр», «Қыз әулие», «Қос емшек» деп аталатын биік төбенің баурайында орналасқан. Деректер бойынша 1640 жылдар шамасында өмір сүрген.
Жаугершілік заманда елі шапқыншылыққа ұшырап, төгілген қаннан аяқ басып жүретін жер қалмапты. Сонан «ұрпағымның қаны төгілген жерді табаныммен баспаймын» деп, қонысын тастап көшіпті. Қыз әулие жатқан төбенің жанынан өткенде, жүрген бағытынан жаңылып, жүрген жеріне қайта-қайта келе беріпті. Бұның бір сырын ұққан Бекқұл төбенің баурайына түнейді. Түсінде Қыз әулие аян беріп: «жаныңа жалау болып алақаныммен аялап жатамын, осы жерден кетпе!», дейді. Ал Қыз әулиенің азан шақырып қойған аты – Қосқоңыр. Айдар Кетенің ұрпағы дейді жұрт. Жаудан елін қорғаған батырлығымен қоса, әулиелік қасиет қонған жан болыпты.
Бекқұл баба мен Қыз әулиенің басына барып, ауруына шипа іздеушілер жие кездеседі. Қорымның басына тілеухана салып, шырақшы болып отырған отбасылы Алтынбек пен Несібеліден сұрағанымызда, түрлі аурумен ауырып келгендер сауығып кетіпті.Оған дәлел ретінде қолындағы тіркеу журналын көрсетті.
Талғат ТІЛЕУЛЕСОВ,
Ақтоты САЛИЕВА
...базына білдіреді
Мен неден түңілдім?
Жақында Ақмола облысының Астрахан ауданында тұратын құдамыздың мерейтойына барып қайттық. Көрсеткен құрметтеріне, сыйына, қонақжайлығына өте разы болдық. Бірақ қу көңіл бір көтерілмей-ақ қойды. Бір отбасындағы адамдар түгелдей орысша сөйлейді екен. Дастарқанда құстың сүтінен басқанын бәрі бар. Тек қана қазақ тіліне ғана орын жоқ. Айтқан әндері ғана қазақша, халық әндері. Ол жағына өте разы болдық. Орысша оқыған, бірақ құдамыздың қазақша білетін, бірақ сөйлемейтін 17 жастағы немересі домбыраның тартудың шебері екен. Құрманғазының, Дәулеткерейдің күйлерін нақышына келтіріп тартқанда, өкпе-назым тарап-ақ кеткендей!
Ана тіліміздің алтын тағы неге бос тұр деген ой мені азамат ретінде бұрын да көп ойландыратын. Бір-бірімізді қазақша сөйлеуге үгіттеп отырғанымыздың өзі өте ұят нәрсе. Телеарналарда кейбір үлкен қызметтегі ағаларымыз бен апаларымыздың ана тілінде сөйлей алмай тұрғанын көргенде намысым келеді. Түңілесің. Өзге тілде бұлбұлша сайрағанда, неге өз тілінде сөйлегенде тағасы жоқ аттай табандап қалады?! Бір танысымнан неге қазақ тілін үйренбейсің деп сұрағанымда, былай деп жауап берді: Біріншіден, қазақтардың өздері үйреніп алсын, дейді. Екіншіден, қажеттілігі жоқ екен. Қысқа да нұсқа жауап. Осыдан ой түйдім. Ендеше қазақ тіліне қажеттілік тудыра алсақ қана басқалардың да үйренері сөзсіз-ау.
Шайгүл ҚАШАҒАНОВА,
мұғалім
...қынжылыс танытады
Қазақша сөйлеуге ұялады
Көп тіл білгенің дұрыс, ол жақсы. Бірақ бір-біріңмен ана тіліңде сөйлессең, одан да жақсы! Алайда қазақ тілінде сөйлеуге ұялатын масқаралықты кім көріпті?! Сіңілімнің онлайн-режімде жүріп жатқан емтиханын көріп, жарылып кете жаздағаным бар. Мұғалімдері тек орысша сайрайды. Өздері түгел қазақ. Шала орысшаларымен тілдері күрмелген студенттерге обал-ақ. Осыншама сорақылыққа тап болатындай не күн туды деймін дә. Өзім орыс тілінде бір кісідей сөйлей алатын адаммын. Бірақ басқа тілді қазақ тілінің алдына түсіргенді жек көремін. Өз тілімде сөйлеймін. Орыс тілін қажет жерде ғана қолданамын.
– Менің сіңлім қазақ тобында оқиды, қазақша білмейсіздер ме, әлде ұяласыздар ма? – деп әлгілерге батырып айта да аламын! Қазақ тілін қорғаудан қаймықпаймын. Бірақ сіңлім сөйлеткізбей қойды. Егер тап осындай жағдай өз басымнан өтсе, үндемей қала алмаймын. Қазақ тілінде талап қойыла бастаса, орыс тілі онымен қатар жүруге құқылы деп езеурейтіндер көбейді. Тіл. Жер. Ел тағдыры – өте өткір мәселе ғой. Бұл тақырыпқа бұрын қалам тарта қоймаған едім. Әзірге тек естелік-жазбаларымды қойын дәптеріме түсіріп жүрмін. Бірақ келешекте терең зерттеп, Қазақстаным үшін теңізге құйған тамшыдай үлес қосамын. Уәде!
Анар ҒИЗЗАТОВА