Ұлы Абайдың 175 жылдығына орай Қызылжарда ерекше ескерткіш жасалып жатыр. Ол Абай және Мұхтар Әуезов көшелерінің қиылысындағы бес қабатты үйдің қабырғасын тұтас алғалы тұрған ақынның бейнесі салынған панно.
Қала басшылығының қолдауымен оны іске асырып жатқан алматылық суретші Болат Әсербеков. Туындыны осылай жасауды ұсынған да сол. Портрет керамикалық плиталардан қалануда. Ол қыстың суығына, жаздың ыстығына төтеп береді. Оның үстіне бетіне шаң қонбайтындай етіп арнаулы маймен жылтыратады екен. Ақын портретінің айналасына қазақы өрнектер қаланбақ. Жұмысты жүргізіп жатқан Алматыдан арнайы келген құрылысшылар.
Айтуларына қарағанда, ұлы ақынның мұндай бейнесі еліміздің басқа ешбір жерінде жоқ. Рас, өскемендік шеберлер үйдің қабырғасын тұтас алған панно жасаған, бірақ ол ғимараттың ішінде болатын. Ал мынау сары аязы сақылдаған Арқаның төрінде, далада түскелі тұр.
Қазір жұмыстың монтаждау жұмыстары аяқталған. Енді шеберлер суреттің өзіне кірісіп кеткен. Егер алдымыздағы 10 күн ашық болса, Абайдың айрықша бейнесі толық жасалып, Қызылжар көркін арттыра түскелі тұр. Алайда аяқтан шалатын дүниелер де жоқ емес. Соның ішінде жарнамалық плакаттар мен осы үйдің қабырғасынан ашылған дүкенің кондиционері жұмысқа кедергі келтіруде. Бұл мәселе алдағы күндерде шешіледі дейді құрылысшылар.
Айта кететін жайт, Абайға біздің қаламызда ескерткіш алғаш рет 2005 жылы қойылған еді. Қаланың қақ ортасындағы саябақта бұл ескерткіш Абай мен Пушкинге арнап ашылған. Енді мына панно Абай бейнесін Қызылжар тұрғындарына жақындата түсері сөзсіз. Қазірдің өзінде халық оған таңданыспен қызыға қарап жүр.
ПЕТРОПАВЛ