• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 18 Қыркүйек, 2020

Жайылымдық жерге зәру

440 рет
көрсетілді

Жер адам баласы үшін қашаннан тіршілік көзі, күнкөріс қамы болған. Әсіресе ауылды жерлерде тұратын тұрғындар үшін жайылымдық жер мәселесі өзекті. Өкінішке қарай, күн шыға салысымен малын өріске өргізіп, қас қарайғанша алаңсыз бағатын күн жоқ бүгінде. Ебін тапқандар етектей жерлерді еншілеп алып, ауыл тұрғындарының мал бағып, шаруашылықтарын дамытуына кедергі келтіріп отыр.

Жайылымдық жер таппай тығы­рыққа тірелген қарапайым халықтың жанайқайы біраздан бері басылар емес. Ауыл тұр­ғындары өз елінде, өз жерін­де өгейдің күнін кешіп отыр­ған­дарына күйінеді. Оңға барсаң да, солға барсаң да алдыңнан ан­та­лап жердің қарауылдары шыға келеді. Иелерінің бұйрығы бойын­ша бұл жерлерге ешқандай мал жайылмайды.

Жалпы, Жамбыл облысының бірқа­тар аудандарында жайы­лымдық жер мәселесі өткір күйінде қалып тұр. Әлеу­меттің әкімдермен кездескенде де ай­т­а­тын, көтеретін мәселесі – осы. Мәсе­лен, Т.Рысқұлов ауданы­ның Құма­рық ауылында да жайылымдық жер мә­селесінің туындағанына талай жыл. Алайда кезінде жерді жекешелендіріп алып, кейіннен оны не өзіне, не өз­геге қимай «сары майдай» сақ­тап отыр­ғандар көп. Өзі ауылдың малын бағып күнелтетін Жандос Жа­зықов ауылды жерде мал бағып, жан сақтап отырған адамдар үшін мұның қиын екенін айтады.

«Қазір ауылда мал жаятын жер жоқ. Күнде таңертең шығыстан да, батыстан да жүздеген мал шығады. Енді бұлар қайда жайылады? Жердің бәрі жекешеленіп кеткен. Егелері ешкімді жолатпайды. Не өздері ол жерге мал бақпайды», дейді ол.

Расында да, көпшіліктің күйінетіндей жайы бар. Әлімсақтан күнкөріс қамы мал бағу болып келген ауыл тұрғындары енді қайтеді?!. «Аспаннан киіз жауса да құлға ұлтарақ бұйырмайды» дегендей, ұлан-байтақ қазақтың жерінен бүгінде мал жаюға жер табылмай отырғаны жергілікті жұртшылықтың көкейкесті мәселесі.

Сол сияқты Байзақ ауданы, Ақшолақ ауылы тұрғын­дарының да көрген күні осы. Жердің көбі жеке адамдардың қолына өтіп кеткендіктен, мұнда да жайылымдық жер­­­дің мәселесі туындауда. «Батыс Еуропа – Батыс Қы­тай» халықаралық көлік дәлі­­зі­­нің бойында орналасқан ша­­ғын ауылдың шаруаларын осы мәселе алаңдатады. Оған қоса, осы жолмен ми­нут сайын жүйткіген көлік­тер ауыл малдарының арғы бет­­ке өтуіне орасан қауіп төн­­­діреді екен. Бұл бір жа­ғы­­нан жолаушыларға да қауіп­­ті. Тіпті ауылда жол­дың арғы бетіне өтетін жер­ас­ты­ көпірінің бітеліп қал­ған­­дығынан тұрғындар мал­ды жолдың үстімен айдап өтіп, ақырында талай жол-кө­лік оқиғасы болған. Ал Ақ­шолақ ауылы әкімінің мін­де­тін атқарушы Ербол Бек­мұ­ратовтың айтуынша, ауыл тұр­ғын­дарына өткен жылы мал жаю мақсатында 350 гек­тар жер беріліпті. Бүгін­де оған қоса ауыл тұрғын­дары мал­­­да­рын егістік алқаптары­ның орын­­дарына жайып, күнелтуде.

Бұл – екі ауылдағы ғана жағдай. Жалпы, Жамбыл облысында 377 елді мекен бар болса, оның тең жартысынан астамында жайылымдық жер жетіспейді. Мәселен, Тараз қаласына қазіргі кезде 14 736 гектар, Жуалы ауданына 120 950 гектар, Байзақ ауданына 160 914 гектар, Жамбыл ауданы­на 41 140 гектар, Қордай ауда­ны­на

14 542 гектар және Мер­кі ауданына 146 638 гектар жа­йылымдық жер керек екен. Облыс орталығы мен 5 аудандағы жай осындай. Бұл ретте облыс бойынша 498,9 мың гектар жайылымдық жер жетіспейді. Ал ауыл шаруа­­­шылығына қолайлы өңір­­де 566 405 мал басының жа­­йы­­лымға шығатынын ескер­сек, жер мәселесінің қан­­­ша­лықты өзекті екенін көру­­ге болады.

Бүгінгі таңда облыста бо­сал­қы жер қорында 1 340 056 гектар жайылымдық жер бар. Оның ішінде 511 749 гектар жерді айналымға енгізуге болады екен. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев бұл жерлерді әрбір ауданның әкім­дері ауылдардың жетіс­пей­тін жайылым жеріне босал­қы жайылымдар есебінен конкурссыз бекітіп беруі керектігі ту­ралы айтқан болатын. Де­ген­­мен оның қаншалықты дең­гей­де жүзеге асатынын уақыт көрсетеді.

«Облыстың көптеген ауы­лында жайылымдық жер­лер­дің жетіспейтіні рас. Бұрын­ғыдай емес, қазір мал басы ұлғайған. Бірақ жайы­лым­дық жерлер өте аз. Жалпы, кезінде көптеген шаруа қожа­лықтарының иелері жерді өздеріне алып алған. Енді кейбіреуінің жері бар, бірақ малы жоқ. Біз бұл мәселенің бәрін де зерделеп жатырмыз», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқа­рушы Ерлан Құлкеев.

Шынында да кезінде есе­бін тауып, жайылымдық жер­­лердің көбін еншілеп ал­ған­­дарды анықтау жұмыс­тары жүргізілуі керек. Қазіргі кезде мем­­лекет қол­дауының нә­ти­же­сінде несие алып, мал ша­руашылы­ғымен айналысып отырған отбасылар көп. Олар алған малын қайда бағады, қалай күн көреді деген мәселе қазір өңірдегі екі ауылдың бірінде бар. Шөбі көктем келгенде жайқалып өсіп, жаз ортасынан ауа бере күн көзіне босқа күйіп кететін өзгенің иелігіндегі жайылымдық жер не өзіне, не өзгеге жоқ күйінде қалып тұр. Мұның бәрі де хакім Абайдың «Ерте барсам, жерімді жеп қоям деп, ықтырмамен күзеуде отырар бай» деген өлеңін еске түсіретіні анық. Сондықтан да мұндай мәселелердің шешімі табылмай, өңірдегі ауыл шаруа­шылығы саласының алға басуы қиын...

 

Жамбыл облысы