Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында депутаттар сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды.
Шенеунікке сыйлық беруге тыйым салынады
Сенаторлар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қарады. Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев бұл заң жобасы өткен сессиядағы Палата отырысында бірінші оқылымда қаралып, жан-жақты талқыланғанын жеткізді.
«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мемлекеттік басқару жүйесіндегі негізгі басымдықтардың бірі екені белгілі. Президентіміздің Жолдауында да нақты тапсырмалар берілді. Сондықтан қазіргі таңда тиісті заң жобасына жүйелі түрде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері бойынша қосымша шаралар енгізіліп жатыр», деді Мәулен Әшімбаев.
Заңда мемлекеттік қызметшілердің отбасы мүшелеріне кез келген сипаттағы және құнды сыйлықтарды беруге тыйым салынбақ. Аталған заң жобасына қатысты баяндама жасаған Сенат депутаты Андрей Лукин жұмыс тобы тиісті талдау жасап, мүдделі мемлекеттік органдармен кездесулер өткізіп, нәтижесінде заң жобасына жаңа түзетулер енгізілгенін айтты.
«Заң жобасын екінші оқылымда талқылау барысында Сенат депутаттарының ескертпелері мен ұсыныстарын ескере отырып, Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізу қажеттілігі туындады. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 412-1-бабына (Қылмыс жасауға арандату) өзгерістер енгізу ұсынылады. Соған сәйкес, қылмыс жасауға арандату деп кейін әшкерелеу және қылмыстық жауапқа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның заңсыз әрекеттері жатады.
Бұдан басқа, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 1-бабының 2020 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізілген 2-1-бөлігіне сәйкес, Кодекске өзгерістер немесе толықтырулар енгізу Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді көздемейтін заңмен жүзеге асырылады. Осыған байланысты бұл заң жобасынан Кодекстегі осы түзетулерді алып тастау қажет», деді А.Лукин.
Үкіметтің 2019 жылға арналған Заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес, әзірленген заң жобасының мақсаты сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы заңнаманы жетілдіруге арналған. Заң жобасында 4 кодекске және 10 заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген. Құжаттың негізгі міндеті – сыбайлас жемқорлық көріністерінің жүйелі түрде алдын алу жөніндегі қосымша шараларды енгізу.
Мәселен, мемлекеттік қызметшіге сыйлық сыйлауға тыйым салынбақ. Сондай-ақ лауазымды қызмет атқаратын адамдардың отбасы мүшелеріне материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе қызмет көрсетуге болмайды. Екінші оқылымнан кейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты заң жобасы Мәжіліске қайтарылды.
Сондай-ақ Сенаттың жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қабылдады.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Мемлекет басшысы Жолдауында қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған маңызды мәселе деп атап өткенін еске салды.
«Жолдауда ұлттық саябақтар мен басқа да табиғат байлықтарын заңдық жағынан қорғау қажеттілігіне баса мән берілді. Осы ретте бүгін қабылданған заң қоршаған ортаны қорғау аясындағы бірқатар маңызды мәселені оң шешуге мүмкіндік береді. Оның ішінде Іле Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жеріне қатысты мәселелер бар. Бұл жөнінде Мемлекет басшысының нақты тапсырма бергені белгілі. Бүгін көпшілікті алаңдатқан осы мәселе де заң аясында шешімін тауып отыр. Сондықтан осы заң ел игілігіне қызмет етеді деп сенеміз», деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Қашықтан оқыту тиімді ме?
Сонымен қатар Сенаттың жалпы отырысында депутаттар еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына сауал жолдады. Мәселен, депутат Мұхтар Құл-Мұхаммед қашықтан оқыту кезінде туындаған мәселелерге тоқталды.
Депутат қашықтан оқытуға қатысты өзекті мәселелерге назар аударған. Сенатор отандық онлайн білім беру платформаларына ортақ кемшілік ретінде олардың жұмыс істеу жылдамдығының төмендігін айтты. Оның сөзіне қарағанда, интернет-трафиктің дәл сондай көлемімен шетелдік онлайн ресурстар мен қосымшалар анағұрлым тез жұмыс істейді. Осыған орай депутат жаңа онлайн білім платформасын әзірлеген кезде осы мәселенің ескерілгені орынды деп есептейтінін жеткізді.
Сондай-ақ қашықтан оқыту барысында, әсіресе шетелдік қосымшаларды пайдаланғанда балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жат бейнежазбалардың тарап кетпеуінің алдын алу, кезекші сыныптарды ұйымдастыру және білім алу үдерісіне мәжбүрлі түрде қатыса алмай отырған аз қамтылған отбасылар балаларының санына талдау жүргізу жұмыстарына баса мән берілген.
Осы айтылған мәселелерді ескере келе сенатор Мемлекет басшысының бірыңғай білім беру онлайн-платформасын құру туралы тапсырмасы нақты қандай мерзімде іске асырылатынын сұрады.
«Онлайн білім беру платформасын құруға мүдделі мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылы айқындалды ма? Процесті жылдамдатуға техникалық мүмкіндіктер бар ма? Бұл жұмысқа бюджеттен қосымша шығындар қарастырылған ба? Қашықтан оқыту аясында азаматтардың тегін орта білім алуы үшін конституциялық кепілдіктер қамтамасыз етілген бе?», деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сондай-ақ ұзақ мерзімді қашықтан оқытудың салдарынан білім беру деңгейінің төмендеуімен байланысты алдағы уақытта қандай шаралар қолға алынатыны және әртүрлі әлеуметтік топтардағы білім алушылардың арасындағы білім беру деңгейінің алшақтықтығын азайту бойынша Үкіметтің қандай жоспары бар деп сұрады. Депутаттық сауалға Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров пен сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед қол қойған.
Бұдан кейін сөз алған Нұртөре Жүсіптің Үкімет басшысына жолдаған сауалында кітапханалар мен мәдени орталықтар жөнінде ұлттық бағдарлама қабылдау керек екенін жеткізді. Оның айтуынша, ұлттың зияткерлік әлеуетін арттыру, бәсекелестік қабілетін күшейту, әлеуметтік және шығармашылық белсенділігін арттыру ісінде кітап оқу өте маңызды.
«Интернет, Facebook, Instragram, телеарна, радио арқылы алынған ақпараттар толыққанды білім негізін құрай алмайды. Сол себептен әлемнің көптеген елінде кітап оқу ісіне мемлекеттік әрі қоғамдық қолдау көрсетіліп жатыр. Осы бағытта ұлттық бағдарламалар қабылданып, отбасылық және балалар оқуына айрықша көңіл бөлініп отыр. Мұндай бағдарлама бізде неге жоқ? Осыған орай Қазақстанда әкімшілік құрылымдар мен кітапхана қызметіне, мәдени-ағарту мекемелері мен қоғамдық ұйымдарға бағытталған ұлттық бағдарлама қабылдау керек деп есептейміз», деді Н.Жүсіп.
Сенатор Ләззат Сүлеймен Стратегиялық жоспарлау және реформалау агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетовке депутаттық сауал жолдап, еліміздің демографиялық дамуына тоқталды. Оның айтуынша, жастардың еңбек нарығына тартылуын ұлғайту, жұмыссыздық деңгейін барынша азайту керек. Сонымен қатар жастардың денсаулығына басымдық беріп, бала тууды қолдау саясатын жетілдіру қажет екеніне тоқталды.
Азық-түлік бағасы тұрақсыз
Сенатор Ақылбек Күрішбаев Үкімет басшысына және Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің төрағасына депутаттық сауал жолдап, азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға қатысты көптеген сұрақ туындағанын атап өтті.
«Біріншіден, сауда орталықтарын таңдау принципі түсініксіз. Неге кейбір таңдаулылар ғана жеңілдетілген несиеге ие болады? Екіншіден, азық-түлік тауарлары бағасының елеулі құбылуы кезінде оның ең төменгі шегін алдын ала болжау өте қиын. Өйткені ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы тек маусым бойынша ғана емес, әрбір жылда өзгеріп отырады» деді депутат.
А.Күрішбаев бұл схемада сауда орталықтары тек отандық ауылшаруашылық тауарларын алуға міндеттелмегенін, сол себепті қазақстандық фермерлер өз өнімдерін өткізе алмай бюджет қаражаты шетелдік өндірушілерді қаржыландыруға жұмсалып жатқанын айтты.
«Тұрақтандыру қорының бағаны реттеуге, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға деген пәрменділігі де күмән келтіреді, себебі онда сыбайлас жемқорлық көріністері басым. Менің ойымша, бұл мәселемен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі шындап айналысуы керек», деді сенатор.
Сонымен қатар сенатор бағаны реттеу жөніндегі мемлекеттік шаралар барлық тұрғындарға пайдалы болуы үшін, осы қорға сатып алынатын азық-түлік тауарларының көлемін ұлғайтудың маңызын жетізді.
«Егер аталған мақсаттарға бюджет қаражатын көбейту мүмкіндігі болмаса, тікелей аз қамтылған отбасылар санатын қолдауға көшкен дұрыс. Ол үшін халықтың аз қамтылған топтарына арнап, әлеуметтік азық-түлік тауарларынан қор қалыптастыру қажет. Азық-түлік тауарларын сатып алуды және оларды сақтау, тасымалдау, өткізу жөніндегі қызметтерді фьючерстік келісім-шартпен конкурстық негізде тек отандық тауар өндірушілермен жасау қажет. Бұл мақсаттарға ұзақ және жеңілдетілген бюджеттік несиелерді қарастыру тиімді», деді А.Күрішбаев.
Депутат Ерік Сұлтанов Премьер-Министр Асқар Маминге депутаттық сауалында ауыз су мәселесін қозғады. Сенатор келтірген мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 1,2 млн адам ауыз су тапшылығы зардабын тартып отыр. 2,5 мыңнан астам ауылдық жерде әлі күнге дейін сапалы ауыз су жоқ. Бұның негізгі себебі – бюджеттік бағдарламаның дұрыс бақыланбауы және 2019-2020 жылдары бюджеттен бөлінген қаражаттың игерілмеуі.
«Бюджеттің тапсырыс берушісі де, әкімшісі де саналатын Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитеті қызметінің сын көтермеуі де себеп болып отыр. Еліміздің солтүстігі мен Қостанайдағы жағдай бұған дәлел», дейді депутат.
Е.Сұлтанов Солтүстік Қазақстан облысының су құбырларының 67 пайызы немесе 1955 шақырым толығымен тозғанына екпін берді. Соның нәтижесінде өңірде төтенше жағдай туындап отыр. Жағдай осы қалпы қала берсе, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарының 200-ден астам елді мекені сусыз қалуы мүмкін.
Сенатор Дәурен Әділбековтің сауалы шағын және орта бизнесті қолдау шараларына арналды. Депутат шағын және орта бизнеске несие беру мен мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру тетіктеріндегі олқылықтарға тоқталды.
Оның айтуынша, қолданыстағы заңнамада әкімдіктердің бос ауыл шаруашылығы жер учаскелерін конкурстарға шығаруына қатысты сүйенетін нормалар жоқ. Яғни әкімдіктер қандай бос жер телімі бар және оның қашан конкурсқа шығарылатынын өздері шешеді.