• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Қыркүйек, 2020

Асыл түбі – иманнан

406 рет
көрсетілді

Ыбырай Алтынсариннің «Мұсылмандықтың тұтқасы» атты кітабында, Жаратушының пенделеріне әуелі парыз еткендерінің ең үлкені иман болса керек. Одан соң дін ғылымы тұрады. Осылайша иман мен дін ғылымын үйреніп, сол бойынша істелетін іс-әрекеттерді амал деп айтады деп көрсетеді. Әрбір жақсы адамдардың да асыл түбі иманнан, яғни бір нәрсеге шын жүрегімен иланудан келеді дейді.

Олай болса имансыз еткен жақсы­лықтың да пайдасы жоқ. Айналып келгенде, мұсылман баласының жүре­гіндегі иманы менен нәпсісінің ара-қатынасы оның мұсылмандық тұт­қасы. Ал жүрегінде иманы нәпсісінен төмен адамнан неше түрлі жаман әрекеттер шығады. Олар тұтқадан айырылады, Алланы да ұмытады.

Ал имандылықты жоюдың ең тиімді тәсілі – ел болашағы жастардың діни ұғымына іріткі салу. Сол арқылы адамның жүрегіндегі иманын азайтып, ертеден қалыптасқан ұлттық дәстүрлерден аластау.

Қазақ Ресейдің отары болған тұста да, Кеңес өкіметі кезінде де озбыр сая­саттың әсерінен орысшылдыққа бейім­деле бастады. Арақ ішу кең өріс алып кетті. Мұсылмандық дәс­түрге іріт­кі салынды. Тіпті келе-келе Кеңес өкі­метінің кезінде, партия мүшелігінде бар қазақ баласы­на марқұм болған аға­йын-туы­сы­ның басына барып Құран оқы­туға тыйым салынды.

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жыл­дарда дін мәселесіне көп көңіл бөлін­ді. Көптеген жас ислам елдеріне барып діни білім алып келді. Алайда «әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, қай елден білім алса, оқушының санасында сол елдің діни дәстүрі басым болды. Білім алып ел­ге келгеннен кейін, ол басқаларға сол өзінің алған білімі бойынша сол ел­дің діни дәстүрлерін де енгізе бас­тады. Енді арабтарға бейімделу басым болып кетті. Елдің біразы, әсіресе жас­тар елдің бұрынғы діни ұста­нымдарынан айырылыңқырап қалды.

Қазақ қашанда қазақ болып қалу керек. Ол үшін әр қазақ баласы ең бірінші өзінің ата-бабаларының тілін жете меңгеруі керек.

 «Адамзаттың баласы үшін өмір – мәңгі ұйқының алдындағы азда­ған серуен», дейді. Сондықтан да ол Алла­ның берген осы серуенін пай­дала­нып, артында материалдық дүние мен жаман сөз қалдырғанша, ер­тең артында қалған ұрпағы, елі, оның жасап кеткен жақсы істерімен мақ­тана отырып еске алып, оған дұға бағыш­т­айтын болса, онда марқұмның иманды болғаны.

Адамның өмірден өткенін естіген­де, туғандары үшін оның қайғысы «бірін­ші күні от, екінші күні шоқ, үшін­ші күні жоқ», дейді. Әрине өмір­д­ен өтпейтін пенде жоқ. Әркімнің әйтеуір бір күні серуені бітеді. Сон­дықтан да Құранда адам баласы сол күнді ұмытпай еске алып жүруі керек, сонда ол жаман істерге бармайды, дейді. Марқұмды өмірден өткен күні емес үшінші күні барып жерлеген және жерлеу күнінің алдындағы түн – қонақ асы деп атаған. Кей жағдайда адамдар аурудың салдарынан өлген адамдай болып жатуы да мүмкін ғой.

Ескі дәстүр бойынша марқұмның ең соңғы елмен қоштасу асы, ол бала-шаға, ең жақын жанашыр туыс­тары­­ның қатысуымен өтуі керек. Сон­­­дықтан да алыстағы туғандары мар­­құм­ның қонақ асынан қалып қоймасын деген оймен оның қонақ асы болатын күнін ерекше естірткен.

Қазір марқұм болған адамды қашан суға алғанша бір бөлмеге жай­ғас­тырады. Бұрындары олай болма­ған. Марқұмды ешқашан жалғыз қал­дыр­маған. Мәйітті шымылдықпен қор­шап қойып, оның жанында үлкен адам­дар марқұм туралы, басқа да жақ­сы әңгімелер айтып күзетіп отырған. Молдалар Құран аударған.

Әл-Ағраф сүресінің сегізінші аятында «Сол күні дүниеде істеген істері­нің барлығы таразыға тартылары хақ, сонда кімнің таразыдағы сауапты істері ауыр басса, міне солар – азаптан құтылып, мақсат-мұратына жет­кендер» дейді. Тоғызыншы аятында «Ал кімнің сауапты істері бол­­­ма­ғандықтан таразысы жеңіл тарт­­са, міне солар – аяттарымызды жоқ­­қа шығарып, (өз-өздеріне) зұ­лым­­дық жасаудан қайтпай, ақыры өз-өз­де­рін зиянға ұшыратқандар», дейді. Алла­ның бар екені жасырын. Оны адамзат баласы жердегі, көктегі зат­тар­­дың қадыр-қасиетінен ажырата білу ар­қы­лы ақылмен таниды. «Алла бір, Пай­ғамбар хақ, Құран шын» де­ген қағи­даны санамызға түйіп, мұсыл­ман­дықтың тұтқасын қолдан шығар­ма­ған дұрыс шығар. Құран аяттары мың­даған жыл бұрын жазылса да, қазіргі ғылым оның әлі негізіне жеткен жоқ.

Марқұмды жерлеуге келген әр адам, марқұмға сұрақ-жауаптың кезі кел­­генде, оны қабір азабынан сақтау­ға көмектесу мақсатында, жаңа­ғы аяттарда айтылғандай таразының са­уап жағы басым түссе екен деген оймен; «Е! Раббым! Марқұмның күнә­ларын кешіріп, сауабын молайта гөр» деп дем беру арқылы оған өзі­нің бойындағы энергиясын беріп, бір шөкім топырақ салады. Ол топырақ мәйіттің жанында болады. Бұл ерте кезден қазақ арасында қалыптасқан марқұмның ағайын-туыс, жолдас-жораларының ізгі тілекпен келіп, мұсылман ретінде марқұмға жасаған ақырғы жақсылығы емес пе? Мұны әркім өзінің жан дүниесімен осылай сезінеді. Ескі жазбаларда, жаңағы топырақтың бәрін жинап, шүберекке түйіп, мәйіттің бас жағына қояды  деп жазған. Бұрындары осылай болатын. Әлі де, біраз жерлерде осылай жасайды. Біздің жақта топырақты әркім мәйіттің жанына өзі салатын. «Қазір оның орнында бас топырақ жатыр» деп топырақ салғызбайды, қабірдің сыртына салғызады. Бұл табыттың сыртына топырақ салатын христиандардың салтына қарайлағаны ма? Ал мұның сауабы қанша? Бас топырақ ол жай ғана топырақ қой.

Баяғыда әнші Мұхит жалғыз қызы Зәуреш қайтыс болғанда сырт жақта жүріп топырақ сала алмай, қабірін құ­шақ­тап жатып: «Сен едің отыз ұлдан қалған Зәуреш, бір уыс бұйырмады-ау то­пы­рағың», деп зар жыламай, қабір­дің сыртынан топырақ сала салмады ма? Осы қаншалықты дұрыс? «Мар­құмға топырақ салайыншы» деп бар­ға­н­ыңда, топырақты мәйіттің жанына емес, қабір сыртындағы үйіндіге тас­та­ғанда өзіңізді бір түрлі дұрыс іс жасама­ған, мар­құмның алдында кінәлі адамдай сезінесіз.

Құран сүресінде, «Менің сөзімді сау­даға салмаңдар» деген аят бар. Ал қазіргі имам-молдалар осы аятты дұ­­рыс қолданып жүр ме? Қараған­ды­да бір марқұмның қонақ асында ел­дің бәрі өз қайғысымен жүріп имам ескеру­сіз қалса керек. Сонда имам да­уы­стап: «Әй, әлгі маған бере­тін­де­рің­ді тездетіп беріңдер мен асы­ғып тұр­мын», – деп айқай са­лды. Осы имам­ның жүрегінде қан­ша иман­ды­лық бар? Ол өзінің оқыған Құраны үшін ақы сұрап тұр ғой. Оның әрекеті жа­ңа­ғы Құран аятымен қауыша ала ма? Қазақ, «дүмше молда дін бұзар» дей­ді. Бұл дүмшелік пе, әлде оның осы әре­кеті дұрыс па? Қазақ: «Молданың айт­­­қа­нын істе, істегенін істеме», дей­ді. Мұ­ны да молдадан әбден көңілі қал­­ған­нан кейін айтқан шығар. Қазіргі кей­бір мол­далардың айтқанының өзін байқап-байқап істемесеңіз шатасасыз. Сондықтан осы имамдардың өзін оның біліміне қарай емес, адамгер­шілі­гіне қарай сұ­рыптау керек шығар. Бейіт басында кей жерлерде бейіттің төрт құлағына деп төрт кісі өзі білген Құран аяттарын оқиды, кейбірінің тіл­дері орамға келмей жатады. Обал. Олар­ға тиісінше ақша береді. Осы та­быс көзі ме, әлде парыз ба? Жаны ашып бара жатса, кейін қалып тегін оқы­­май ма? Ол үшін ақша алмай-ақ. Қазір мар­құмды жерлеу рәсімінің өзін кей жер­де бизнеске айналдырып алды. Осы­ған қарағанда өзін «молдамын» деп жүр­гендердің біразының нәпсілері иман­дарынан өте жоғары тұрған сияқты.

Қателессем кешірім сұраймын. Ал сіздер осыларға қалай қарайсыздар?

 

Сәбит ТОҒАМБЕКОВ

 

Қарағанды облысы,

Қарқаралы ауданы,

Қасым ауылы