• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Руханият 21 Қыркүйек, 2020

Қорқыныш табиғаты (Ғаламдық саяси болмысы һәм жеке тұлғалық психологиялық бейнесі)

607 рет
көрсетілді

Әлемді қорқыныш билейді. Ұлы мемлекеттер кіші елдерді жасырын қорқытып басқарады. Саяси құпия шантаж ғаламдық сипат алды: жоқты бар дейді, барды – жоқ. Келіспегені жанталасады, қарсыласып бағады, кейде күштінің бетін қайтарады, кейде әлсізі күйрей жеңіледі. Саясат – мықты ойышыныкі.

Жалпы, саясат – көздеген саяси мүд­­­де жолында жалған шындық сомдайтын өнер. Мақсатқа жетудің барша амалы жақсы. Біз белгілі бір елді саясатына қа­рап емес, мүддесіне қарап танимыз, де­мек, түсінеміз. Саясат өзгереді, мүдде қала­ды. Бірақ саяси мүдде жалпы мүддеден бө­лек. Әуелі халық мұратынан туған сая­си мүдде кейін дербес қатысушы­ға айналды.

Қауіп төніп тұрған қоғамды ағымдағы саясатына бағындыру әлдеқайда оңай, бірақ дүние жүзін бөлшектеген идео­ло­гиялық концепт күшейгеніне не әлсіре­геніне қарай жылдар өте келе қайта түзіледі.

Идеология – жеткізуші, тасымал­даушы құрал. Бірақ, саяси құндылықтар өзгеруі идеологиялық насихат мазмұнын жаңадан қалыптастыра бастайды. Саясат – мүдденің туындысы. Мүдде – мем­лекеттің қозғаушы күші. Тіпті қорғаушы күші де (өзін өзі сақтау инстинкті). Не­месе жаны. Мүддесі (арман-қиялы, мақсат-мұраты) анық, тұрақты, мәңгілік мемлекеттер ұзақ жасайды.

Мүдденің бір аты – жоспар. Біз – бірге атқарған ұжымдық жоспардың тетіктеріміз. Ұжымдық жоспар – бірлес­кен жоба немесе ұлттық бағдарлама. Мем­лекет ұлттық мүддені саясатқа айналдырады.

Жоспарсыз ел – жолсыз көлік. Қай­да бара жатқанын білмейді. Бірақ қабыл­данған, бекітілген жоспардың жүзеге асуын қадағалайтын бір құрылым бар, ол – мемлекет. Қолында – билік. Жұртты жұмыл­дыратын күшке ие.

Алайда ұлтты біріктіре алмаған ұран, демек, халық мүддесіне қайшы. Мем­лекет мүддесі мазмұн тұрғысынан халық мұратынан тұруы тиіс. Мемлекет мүддесі дегеніміз – ұлт мұраты.

Құрушы, басқарушы қызметін мемлекет органдарына жүктеген қоғам оны бақылап-қадағалауға құқылы. Мем­­ле­­кет күші халық тілегінен туындайды. Мемлекет – ұйымдастырушы. Сон­дық­тан мемлекеттік аппарат қолын­да орын­дауға мәжбүрлейтін хақ бар.

Кез келген жоспар – заң. Жүзеге асуы тиіс, бұл – мемлекет мүддесі. Де­мек, ұлттық мүдде. Қоғам мен мемлекет қа­­­рым-қатынасы өзара бақылап-қада­ға­лауға құрылады.

Заң орындалуы тиіс, оған мемлекет жауапты, орындатуға міндетті. Бір тараптан, заңбұзушылық жазалануы тиіс, бірақ заңды саналы түрде орындаған жақсы. Сонда қоғам өседі.

Жазаны атқаратын – мемлекет. Бар кілтипан осында: жазаның бір функциясы – қорқыныш.

Қорқыныш – қоғамдық сананың да, тұл­­ғалық сананың да бір-бір бөл­ше­­­гіне айналды. Қауіпті тенденция. Бір қор­қыныштан құтылып жат­са, бір қорқыныш келіп жатады. Қорқы­ныш бүгінгі қоғамда ағыл-тегіл. Қор­қы­ныштан құтқаратын – мәдениет. Оның ең үлкен миссиясы сол, мәдениет нәзік бола тұра қара күшке қарсы күреседі.

Мәдениет – қалың тарихтың жұқа қабаты.

Заң орындаушылық – мәдениеттің үлкені. Жазаны еске салудың қажеті жоқ. Сана – қоғамның тірегі, мәдениет – мем­лекет қазығы. Мәдениетіне қарап мемлекетін танитын заман келді.

Бұрын мәдениет техникалық табыс­тың көзі, қайнары, қозғаушысы болатын, қазір – нәтижесі. Мәдениет – мүдде. Түпкілікті ұлттық мүдде – мәдениет. Сая­саттың ар жағында мәдениеттер күресі жатыр. Бірақ техникалық табыс дүниені өзгертті. Поп-мәдениет жер-жерге оңай тарап, көшірме нұсқаларын түпкілікті біркелкілендірді. Жеңіл әуен, тез жатталатын сөз, ләззат көруге, рақат кешуге шақырған тақырып, жылдам жылтылдаған бейнекөріністер, төсек қаты­насына емеурін білдірген тұманды атмосфера, түрлі талғам тоғысқан ашық-шашық киім үлгісі – ұлттық шекара­ларды бұзып, сахналарға ұмтылды, саналарды жаулады, салт-дәстүрлерді, ұлттық әуендерді ығыстырды, жергілікті таным-түсініктерді тұғырынан түсіріп, технологиялық жетістіктер өзгерістер туына айналды.

Технология, техника, әсіресе, ғы­лым­да ұлттық белгі жоқ, мәдениет тұр­ғысынан – ғаламдық қауіптердің бірі. Комфортын татқан смартфондар дәмінде біз аңғармайтын у бар.

Дәстүрдің бәрі еңбекке құрылған, алайда, технологиялық ізденістер табыс­қа жетудің ұзын жолын қысқартады. Жаяудың орнына атты келеді, ат орнына – автомобиль, автомобиль орнына – по­йыз, пойыздың орнына – ұшақ, ұшақтарды ракеталарға ауыстырамыз.

Техниканы басқару оңтайлан­ды­рылды. Автомат электронды сатыға жет­ті. Енді адамның өзін машиналар қада­ғалайтын болды.

Ғылыми-техникалық және техноло­гиялық сан салалық революциялар Жер бетіне электронды мәдениет орнатты. Оның салдары көп.

Бірі – адамның өзгермегенін паш етті. Түрлі катастрофалар кезінде әуелі қоғамның ең нәзік, ең жіңішке, ең ұзақ қалыптасқан қабатын су шайып кетеді. Демек, мәдениет-өнерді қорғау керек, үнемі күзетте, назарда ұстаған жөн, адам санасы – адам мәдениетінің биік көрінісі, жоғары дамуына жеткен жоқ. Не белгілі бір бөлігі жете алмады. Себебі, жаза әлі күнге шейін бар.

Өкінішке қарай, қорқытпай заң жүз пайызға орындалмайды. Санамен емес, зорлықпен жеткен тәртіп. Социалистік ел­дер тәжірибесі сана бейқамдығын, кө­­ңіл алалығын, қоғам дәрменсіздігін көрсетті.

Бірақ қорқыту әрекеті кісілікті жақ­таушы категория емес. Ежелгі, ескі түсі­нік. Яғни қоғам көне заманғы шаралар­ды әлі күнге шейін қолданып келеді.

Қоғамды, ұжымды, адамды қорқыту, қоқан-лоқы жасау арқылы басқару адамзат топтасып өмір сүрген кезден бері, ес жиып, етек жапқалы астыртын да, жария да жүргізіле бастады. Мыңжылдықтар бойы.

Қазір күшейді, себебі тетік көбей­ді. Элек­тронды бұқаралық ақпарат құ­рал­дары көз ілеспес жылдамдықпен хат-хабар, ақпар-мәлімет тарататын тех­­ни­­калық-технологиялық қабілетке ие болды. Қорқыныш бұқаралық сипат алды. Бірін-бірі қорқытады.

Қорқыныш қауіп-қатерді үйіп-тө­геді. Қоғамда қорқыныш көп. Ғылым түр­ленген сайын қорқыныштың да түрлері көбейіп келеді. Адам мен машина арасы, қарым-қатынасы күрделене түсті. Терең қорқыныш бірте-бірте орнайды.

Басы – уайым, соңы – қайғы. Болмашы нәрседен болмысы қалыптасады. Емде­меген елеусіз дерт сезімнен көрініп, са­наға шабады, оны жаулағанда, дүние­таным өзгереді.

Бірте-бірте машиналардың өзі қауіп төндіре бастайды, біздің пост-заманда кез келген мәселе ғаламдық кеңістіктің проблемасына айналады. Өйткені элек­тронды әлемге енген күллі ақпарат қол­ды болады, екі жақ та пайдаланады.

Сонымен, қорқыныш не? Меніңше, дүлей апат. Біз қорқыныш апатына ұшы­радық. Ғылым, жоғары технологиялар дамыған сайын басымызға қара бұлт қаптайды, күн туады.

Қорқыныш қалың сор болды. Оны жең­бесе, ол, әрине, – қуаныштан үс­тем, еркіндіктен басым. Үрей елдің ішкі жан сарайын аласапыран етеді. Қо­­рық­қан адам оң шешім қабылдай алмай­ды. Ойлануға да, әрекет жасауға да қа­білетсіз. Бұл – төніп келе жатқан қатердің залалы. Немесе біздің реакциямыз. Дәлірек, көрсеткен қарекетіміз. Бір сәттік қауіптен зәресі ұшқан пенде кейін қорқа келе үнемі үрейленіп жүретін болады. Өзін өзі сақтау инстинкті ту­дырған психо-физиологиялық ахуал.

Қорқыныштың кісілік мақсаты да бар – адам жанын құтқарып қалу. Біз қорқудың арқасында қалыптасқан жағ­дайды тез арада бағалап, не істеу қажет­тігін шамалаймыз.

Яғни қорқыныш біз тұспалдаған не анық тақап келе жатқан қауіп-қатердің салдары.

Бірақ кетпейтін, өшпейтін қорқыныш бар, ол қауіп сейілгеннен кейін де біздің көңілімізді алаңдатып тұрады.

Алаң көңілде ақыл жоқ, ертеңіне көзі жетпейді, есін жия алмаса – созылмалы дерт. Тыныш жағдайында ғана сана – анық, дәл, түбегейлі.

Беймазалық күй – ырқыңа көнбейді, шырқыңды бұзады. Бойымызға сіңген, санамызға орныққан үрей бірте-бірте біздің өзімізді бағындырып, басқаның көмегінсіз жүріп-тұра алмайтын жағ­дайға жеткізеді.

Қорқыныш науқасқа айналады. Дерт­тің әрі физиологиялық сипа­ты (жүрек соғы­сының жиілеуі, тынысы­ның тарылуы, көздің үлкеюі, қан қы­сымының артуы, терлеу, жаурау) әрі пси­хо­логиялық бел­гілері (жағдайды түсі­нуден қалу, ступор, өршіп бара жат­қан зиян-залалды танымау, паника, үрейлену, күйгелектену) көріне бастайды.

Әр адамның кез келген мәселеге де­ген реакциясы да әртүрлі. Бірінің есі шықса, бірі бірқалыпты, біртоға міне­зінен айнымайды.

Оқта-текте байқалып тұрса, бұл адам денсаулығына да, өміріне де қауіпті емес, алайда теріс әсері ұзақ болса, адам бір­тіндеп сырқатқа ұшырайды.

Үрей дерті меңдеп, адамның мазасын ала берсе, ақырында құса, өкініш, күйініш – депрессияға ұласады, түнде қорқыныш билейді, түсіне енеді, невроз пайда болады, меланхолияға беріледі. Дүниені жат көреді.

Сондықтан қорқыныш сезімін сейіл­тіп, ем-дом жасау керек.

Депрессиялық өмір сүру жолын Мар­­­­­тин Хайдеггер үш кезеңге бөледі: ре­­­­дук­­ция (объектіні өткен шақта қарас­тыру), конструкция (жаңа ғалам піші­нін қалыптастыру) және деструкция (екі кезеңнен жақсысын алып, тоқай­ластыру).

Әдетте, қорқыныштың түрі көп: шын немесе өзі ойлап тапқан қорқыныш, қор­ғаныс хақында немесе тежеуіш ре­тінде, нақтылы объект не ситуация ту­ғызған, қатты үрейден қалыптасқан, ке­­ңіс­тіктен қорыққан – клаустрофобия, аго­рафобия.

Тез өтпелі, ұзақ әрі тұрақты, сосын бала қорқынышы, сәби шақтан қалған кеселдер, әлеуметтік ауыртпашылықтан (тұрмысы нашарлық, білімсіздік, жұ­мыс­сыздық, төмен жалақы, басқа да жеке өміріне байланысты күйзелістер) өріс­теген, дамыған, құлазыған күй, биоло­гиялық топтағылар, үрей кейпіндегілер.

Жалпы, әр адамның бойында тумысынан белгілі бір қорқу түрлері болады, жалғыздық қорқынышы, жеңілістен бой тартатыны, ыңғайсыздық сезімін туғызатын хал-ахуал, жай-күйді кешу­ден қашқан қорқыныш. Бір рет қорқыныш дерті жанына батқан адам екінші рет бұл сырқатты көрмеуге, басынан өткермеуге тырысады. Айналып жүреді.

Адам – әлеуметтік орта қалыптас­тырған тұлға. Ол үнемі өз көзқарасы, ережесі, тәртібі бар басқа жандармен қарым-қатынасқа түседі.

Кез келген адам төлтума табиғатын, жеке басының ерекшеліктерін басқаға ашуға, көрсетуге қаймығады, себебі, қоршаған ортасы түсінбей қалуы мүмкін.

Қолға алған жобасын жүзеге асыруға қорқып жүріп алатын адамдар да бар. Әуелі қорқынышты не туғызатынын бі­лу керек. Себебін тапсақ, өзінен де құтыламыз.

Қорқыныш – қауіптің өзі емес, оның анық немесе болжамды тақап келе жат­қаны. «Қорыққанға қос көрінеді», дейді қазақ, өте дәл айтылған. Қос-қостап кө­рінген нәрседе қорқыныш көп.

Жеңудің амалы – салқынқандылық сақтап, қалыптасқан жағдайды бағалап, жылдам шешім қабылдай білу. Қорқы­ныштың образын бөлшектеу қажет, сонда мәні ашылады, мағынасын түсінсе, күресу де оңай.

Батырлық – қорқыныш сезіміне ие болу. Тіпті оны басқару, билеу, дегеніне көндіру. Қорықпайтын пенде жоқ, се­бебі қорқыныш организмнің өмірімді қайтсем сақтаймын деген ұмтылысы, жанталасы, сезімі.

Қоғам қауіпсіздігі мүшелері қорық­пайтындай дәрежеге жетуі тиіс. Сонда бақытты өмір сүреміз.

 

Дидар АМАНТАЙ