Өңірлерге инвестиция тарту, зауыттар ашып, кәсіпорындар құру бүгінгінің негізгі талабы. Бұл ретте аймақтың ахуалы жақсарып, жұмыссыздардың саны азаяр еді. Түрлі инвестициялық жобаларға мемлекет тарапынан қолдау да жеткілікті. Тіпті әр облыстың өзіндік бренді қалыптасып, нарық бәсекесінде де бағы жануы мүмкін.
Қазіргі таңда Жамбыл облысында жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 26 инвестициялық жоба бар. Аталған жобалар еліміздің «2020-2025 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында өңірдің Индустрияландыру картасына енгізілген. Осы жобалар шеңберінде аймақта 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Бағдарлама аясында өткен жылы 4,5 млрд теңгені құрайтын 4 жоба іске қосылып, 350 тұрақты жұмыс орны ашылған болса, биыл жалпы құны 84,9 млрд теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба жоспарланып, 1 424 жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл – әрине, жақсы. Мұндай жобалар өңірдің әлеуетін арттырып, экономикасын көтеруде өзіндік маңызға ие.
Алайда соңғы жылдары өңірде инвестициялық жобаларды іске асыру барысында түрлі мәселе орын алып, жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізу мүмкіндігі төмендеген. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтың айтуынша, аталған бағдарлама аясында 2015-2019 жылдар аралығында іске асырылған 31 жобаның 20 жобасы ғана жоспарланған қуаттылығын 50 пайыздан ғана жоғары игерген болса, қалған 11 жоба әртүрлі себептермен тоқтап тұр екен. Мәселен, жылдық қуаты 300 мың тонна болатын Талас ауданындағы «Жамбыл Недр» ЖШС жобасы 2015 жылы іске асырылғанмен, 2016-2019 жылдар аралығында толық қуатта жұмыс істемеген. Ал жыл басынан бері, тіпті тоқтап тұр. Басқарма басшысы аудан әкімдігі тарапынан жобаны іске қосу бойынша нақты жұмыс жүргізілмей отырғанын жеткізді. Сол сияқты Мойынқұм ауданындағы «Ертай» қорғасын-цинк концентратын өндіру жобасы да 2018 жылы іске асырылғанымен, осы күнге дейін аудан әкімдігі кәсіпорынның өндірген өнім көлемі туралы ақпарат ұсына алмай отыр. Сонымен қатар Жамбыл ауданында 2016 жылы іске асырылған «Оңтүстік халал тағамдары» ЖШС де қазір жұмыс істемейді. Тоқтап тұрған кәсіпорындар Тараз қаласында да бар. Ал Шу ауданындағы мия тамырын өңдейтін шағын зауыттың, Меркі ауданындағы қант зауытының жұмысы шикізат тапшылығына байланысты кідіріп тұр. Кезінде осы жобалардың бәрі іске асқанда өңірдегі әкімдіктер тарапынан сүйіншіленген. Кәсіпорындарға инвестиция тарту арқылы жергілікті тұрғындардың жұмыспен қамтылатыны айтылған. Бірақ «жанбай жатып сөнген» зауыттардың бүгінгі тағдыры әкімдерді ойландырмайтын сыңайлы.
«Егер қала, аудан әкімдері бағдарлама аясында іске асырылып жатқан жобаларға толық талдау жүргізіп, бақылауға алған жағдайда өнеркәсіп көлемінің өсуіне қол жеткізуге болар еді. Тараз қаласы мен аудан әкімдері әр жобаның іске қосылуына мән беріп қана қоймай, оның ары қарай шикізатпен қамтамасыз етілуіне де көңіл аударуы керек. Өндірілген өнімдерін өткізу және экспорттық ахуалына мониторинг жұмыстарын жүргізіп, толық жобалық қуатына шығуына ықпал ету мақсатында «Жол картасын» әзірлеуі қажет», дейді А.Сейсебаев. Оның айтуынша, бұл құжат жобаның уақытында іске қосылуына, жоспарланған өндіріс көлеміне шығуға, өзекті мәселелердің дер кезінде шешімін табуға ықпал етеді.
Мәселен, Жуалы, Т.Рысқұлов, Меркі және Жамбыл аудандарында индустрияландыру картасы бойынша кейінгі 3-4 жылда жұмыс тіптен жоқ болып отыр. Аудан әкімдіктері кәсіпорындардың статистикалық мәліметтеріне талдау жүргізумен ғана шектелуде екен. Бірақ Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбеков осы жылғы қаңтар-тамыз айларында инвестиция көлемі 8 млрд 170 млн теңгені құрағанын, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 пайызға орындалады деп жоспарланып отырғанын айтты. Сондай-ақ ауданда 2020-2025 жылдар аралығында жалпы құны 14 млрд 386,5 млн теңгеге 11 инвестициялық жоба іске асырылып, 175 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланғанын жеткізді.
Сол сияқты Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловтың айтуынша, ауданда 3 жоба нақтыланып, қолға алынуда. Жоба құны 1,2 млрд теңгені құрайды. 162 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. Жуалы, Жамбыл аудандарында да болашақта іске асатын жобалар бар. Дей тұрғанмен, осы төрт ауданның да әлеуеті жоғары. Тоғыз жолдың торабында орналасқан Меркі ауданының шипалы суы кезінде елімізге кеңінен танымал болды. Сондай-ақ Жуалы ауданында өндірілетін ірімшік, өсірілетін картоп та Қазақстанға белгілі. Жамбыл ауданында орналасқан «Амангелді газ зауыты» мен балық шаруашылығы да осал жобалар емес. Т.Рысқұлов ауданында егілетін алма, шие дегендеріңіз де инвесторларға дайын жоба. Бұдан бөлек аталған аудандардың ахуалы жақсы. Өкінішке қарай кезінде айтылған, соңынан іске асырылған жобалар көп уақыт өтпей жатып-ақ тоқтап қалады. Оған себеп көп. Көбінде шикізаттың жетіспеуі басты мәселе. Мәселен, облыс әкімдігі тарапынан аудан әкімдіктеріне аталған мәселеге орай 98 тапсырма берілгенімен, оның көпшілігі орындалмаған. Бұл тапсырмалардың біразы Тараз қаласының әкімдігіне де тиесілі. Қала әкімінің міндетін атқарушы Қайсар Сарытайдың сөзіне сүйенсек, «Іс-шаралар жоспары жасалуда». Бірақ жоспарлар жасалып, тіпті жобалар іске қосылып жатқан жағдайдың да ақырының осындай болып жатқанын уақыт көрсетіп отыр.
Жобаны іске асырып, толық қуатына шығару үшін тек жоспар жасалып, қаражаты мен жұмыс істейтін адам санының есептеліп қоюымен ештеңе шешілмейді. Өндіріске де, шаруашылыққа да қолайлы Жамбыл облысының әрбір ауданында инвестицияның игілігін көруге мүмкіндік мол. Бүгінде өңірде химия өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені, металлургия, фармацевтика, машина жасау салаларында жобалар бар. Ал енді мұндайда оның жүзеге асуы қалай болады, болашақта бүгінгідей біраз жобалар тоқтап қалмай ма деген сауалдың туатыны анық. Оның бәрін әрине, уақыт көрсете жатар. Қазіргі кезде «Тараз» ӘКК» ҰК» АҚ бастамасымен өңірде «Кәсіпкерлер мен инвесторларға қызмет көрсету» орталығы жұмыс істейді. Мұнда азаматтар 3 бағыт бойынша кеңес ала алады. Аталған мекеменің басқарма төрағасы Олжас Қаржауовтың айтуынша, корпорация бүгінде кеңес беру жұмысына өз мамандарын тартып отыр. Егер бұл бастама өз нәтижесін берсе, онда өңірде тағы да жаңа жобалар жүзеге асып қалуы мүмкін.
Жамбыл облысы