Әлеуметтің әлеуетін көтеру, жұртшылықты жұмыспен қамту мақсатында елімізде көптеген бағдарлама қабылдануда. Ал, бағдарламаларда көрсетілген міндеттерді орындау, жоспарларды жүзеге асыру – жергілікті биліктің міндеті.
Халықтың басым көпшілігі аудан, ауылды жерлерде шоғырланғандықтан, бағдарламаларды мейлінше ел игілігіне жарату да басты мақсат болуы керек. Бірақ бүгінде Жамбыл облысында жағдай олай болмай тұр. Нақты айтсақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасын іске асыру, «Еңбек» бағдарламасының орындалуы мен мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жаңа жұмыс орындарын құру мәселесі кенже қалуда. Өкінішке қарай, өңірде тұрғындарды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша бірқатар кемшілік орын алған. Бір сөзбен айтқанда, бағдарламалардың орындалу қарқыны бәсең.
Жалпы, биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 831 жобаға 61,2 млрд теңге бөлінген. Алайда жылдың аяқталуына аз ғана уақыт қалғанына қарамастан, кейбір аумақта қолға алынған жұмыстар мардымсыз болып тұр.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Жорабек Баубековтің айтуынша, өңір бойынша бағдарлама аясында 15 894 адам жұмысқа орналасқан. Бүгінде жұмыс берушілер тарапынан 18 179 жаңа жұмыс орны құрылған.
«Жалпы, жаңа жұмыс орнын құру бойынша Тараз қаласы мен Жуалы ауданынан басқа аудандар жоспарды артығымен орындаған. Ал Тараз қаласында 1 792, Жуалы ауданында 22 жұмыс орны ашылмаған», дейді басқарма басшысы. Сондай-ақ Ж.Баубеков прокуратура органдарының мәліметінше, облыста аталған бағдарлама аясында 281 кемшілік анықталғанын жеткізді. Мәселен, 43 кемшілік әртүрлі себептерге байланысты кеткен болса, 204 кемшілік жалған жұмысқа орналастыру және 34 кемшілік мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзу фактілері бойынша орын алып отыр. Сонымен қатар бағдарлама аясында жұмыс берушілердің бос жұмыс орындары жайлы мәліметті базаға енгізуі де баяу жүргізілуде. Биылғы жоспар 5 664 вакансия болса, бүгінде 3 872 ғана вакансия, яғни – 68,4 пайызы ғана толтырылған. Бұл бір ғана «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасына қатысты емес. Мұндай кемшіліктер өзге бағдарламада да бар.
Қазіргі кезде мемлекет тарапынан қайтарымсыз грант алып, әрбір азамат өзін-өзі жұмыспен қамтуына болады. Бұл әрбір тұрғынға берілген мүмкіндік. Бірақ кейбір аудандар сол мүмкіндіктің өзін дұрыс пайдалана алмай отыр. Еліміздегі ең іргелі «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында қайтарымсыз грант алушылардың уақтылы салық органдарында тіркелуін, бірыңғай жиынтық төлемдерінің төленуін қамтамасыз ету өңірдегі қала, аудан әкімдіктеріне тиесілі жұмыс. Алайда бұл бойынша жұмыстар Тараз қаласында және Жамбыл, Жуалы, Меркі, Қордай аудандарында тиісті деңгейде жүргізілмеген. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасының екінші бағыты аясында шағын несие беру бойынша жұмыстар да ауылдарда 63,4 пайызға ғана орындалған. Облыстық көрсеткіштен Сарысу, Мойынқұм, Меркі және Талас аудандары төмен болып отыр. Тараз қаласында бүгінде 477 адам қайтарымсыз грант алған болса, сол грант алған азаматтардың 177-сі салық органдарына тіркелмеген немесе бірыңғай жиынтық төлем төлемеген екен.
«Жұмыс орындарының интеграциялық картаға енгізілу жұмыстары да бірқатар облыстық басқарма тарапынан өз деңгейінде жүргізілмей отыр. Ал қысқа мерзімді оқыту курсын бітірген азаматтардың тек 44,5 пайызы ғана жұмысқа орналасқан», дейді Ж.Баубеков.
Расында да, елімізде аталған бағдарламалар қабылданған кезде қарапайым халық аспанға бөркін атып қуанған. «Екі қолға бір күрек» таппай жүргендер жұмысқа орналасса, қайтарымсыз несие алып, өз кәсібін бастаса, мемлекет тарапынан беріліп отырған басқа да мүмкіндіктерді пайдаланып қалса – тұрғындарға ең қажеті осы болмақ. Бірақ бағдарламалардың бәсең қарқыны, кетіп жатқан кемшіліктер, орын алған олқылықтар көптің көңіліне күпті ой салатыны анық. Ауылды жерлерде қысқамерзімді оқыту курсын бітіріп келіп, алған сертификатын сақтап отырған қанша адам бар. Оларға мемлекет ақша бөліп отыр. Тараз қаласының өзінде 53 тұрғын қысқамерзімді оқыту курсынан өткенімен, 3 адам ғана жұмысқа орналасқан. Қалған 50 адамның жайы белгісіз. Енді осы салаға жауапты басшылар бағдарламалардың орындалу барысын қадағалап, нәтиже шығарса, өңірде жұмыспен қамтудың жаңа кезеңі басталатын ба еді?!
Жамбыл облысы