COVID-19 дағдарысынан әлем қандай сабақ алуы тиіс және пандемияның саяси салдары – Назарбаев Университеті Жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің қауымдастырылған профессоры, доктор Жан-Франсуа Каронның жаңа кітабы дәл осы мәселелерге арналған. Оның «COVID-19 дағдарысынан кейінгі әлем туралы очерк» атты еңбегін халықаралық жетекші Springer баспа үйлерінің бірі жариялады.
Доктор Каронның кітабы бірнеше эсседен тұрады, онда автор либерализмнің сын-қатерлері мен жаһандануды басқару мәселесінде дағдарыс ашқан жаңа мүмкіндіктер туралы айтады. Профессор өз еңбегінде COVID-19 дағдарысына байланысты Қытай мен Батыс елдері арасындағы қатынастардың динамикасына да көңіл бөлді.
«Әлем көзге көрінбейтін және ұстатпайтын жаумен соғысуда, бұл барлық елдерді теңдессіз шараларды қолдануға мәжбүр етті. Әрине, бұрын мұндай жағдайлар да болған сияқты, адамзатқа төнген кез келген қатер терең саяси толқуларға, тіпті әлемдік тәртіптің өзгеруіне әкелуі мүмкін», дейді доктор Жан-Франсуа Карон.
Springer баспасы доктор Каронның жұмысын «COVID-19 дағдарысының саяси салдарын және халықаралық экономикада болуы мүмкін жүйелік өзгерістерді қарастыратын алғашқы кітап» деп атады.
Бұл жұмыс саясаттанушылар мен философтар үшін де, жалпы жұртшылық үшін де, пандемиядан кейін әлем қандай болатындығы туралы ұдайы ойлайтын адамдар үшін де қызықты болады.
Айта кетелік, доктор Жан-Франсуа Карон Назарбаев Университетінің Саясаттану және халықаралық қатынастар кафедрасының қауымдастырылған профессоры. НУ-да жұмыс істемес бұрын, доктор Карон Монктон университетінде (Канада), сондай-ақ Лаваль, Шикутимидегі Квебек университеттерінде, Брюссельдің еркін университетіндегі Еуропалық зерттеулер институтында сабақ берді.
Доктор Каронның зерттеулері көпұлтты мемлекеттердегі бірлік пен саяси тұрақтылық мәселелерін зерттеуге, этномәдени әртүрлілік контекстіндегі ұлттық сәйкестілікті бағалауға, сондай-ақ қазіргі әскери этикаға бағытталған. Оның монографиялары «Саясат», «Саясат тарихының хабаршысы», Ұлтшылдық және этникалық саясат, Ұлттық сәйкестілік, Канадалық халықаралық зерттеулер журналы, Мәдениетаралық зерттеулер журналы және Әскери этика журналы сияқты әртүрлі журналдарда жарық көрді.