Облыстың алты ауданында үй құстарының жаппай қырылуы тіркеліп отыр. Соның ішінде Жарқайың ауданында лабораториялық зерттеулер нәтижесінде қанаттылардың қырылуы құс тұмауына байланысты екені анықталып отыр.
Облыстық ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының басшысы Болат Әбдірахмановтың мәліметіне қарағанда, бүгінге дейін 500-ге жуық құс өлген. Бұл есепке енгені ғана, орман-тоғайдағы, кісі көзінен жырақтағы құс өлімі оқиғаларының қаншалықты екендігін дөп басып ешкім айта алмас.
Астрахан, Атбасар, Зеренді, Егіндікөл, Бұланды, Жарқайың аудандарында осындай оқиғалар тіркелуде. Жарқайың ауданының Шойындыкөл елді мекенінде індеттің себебі лабораториялық зерттеулер арқылы сарапталып, құс тұмауы екендігі белгілі болып отыр. Ауданның бас ветеринарлық-санитарлық инспекторы ауылдық округ әкімінің атына карантин енгізу туралы ұйғарым жолдапты. Әкімнің шешімі шығарылып, әділет органында тіркеуден өтуде. Тіркелген соң карантин жарияланбақ. Ауру жұқтырған құстарды жинап, республикалық эпизоотикаға қарсы отрядтың мамандары өртейді. Карантин жарияланған аудандарда тұмау белгісі бар құс біткен толығымен жойылады. Жою барысында құстардың жасы, түрі көрсетілген хаттамалар толтырылады. Бұл құжат келген шығынды заңды түрде өтеуге негіз болмақ. Ал сау құстарға вакцина егіліп, мамандардың бақылауына алынбақ. Карантин аймағы арнайы блок-бекеттермен қоршалып, сақтандыру шаралары жүргізіледі.
Мамандардың айтуына қарағанда, құс тұмауы жыл құстарынан жұққан. Сақтық шаралары үшін құс фабрикаларының маңайында жабайы құс қонатын бұта, тал болмауы қажет екен.
– Алты ауданда 7 құс фабрикасы бар, – дейді инспекция басшысы Манат Әбдірахманов, – үй құстарымен қоса есептегенде облыста 7,2 млн құс бар. Қазір құс тұмауының алдын алу үшін вакцина қолдануда. Бурабай, Аршалы, Целиноград аудандарындағы 4 құс фабрикасы ресейлік вакциналарды сатып алып, 1,8 млн құсқа егілді. Өзге аудандарда да осындай жұмыстар жүргізілуде.
Ақмола облысы