Өткен жұмада Шымкентте тағы бір мәселе қоғамдық талқыға түсіп, жұртшылық пікірі екіге жарылды. Даудың басы – қаладағы атшабардың (ипподром) орнына әкімдіктің көпқабатты үйлер салмақ болуы.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың Шымкентке сапары кезінде қала әкімі Мұрат Әйтенов BI Group компаниясының басшысы Айдын Рахымбаевпен бірге Бәйдібек би даңғылындағы ипподром орнында пайда болатын болашақ кешен тұжырымдамасын таныстырған еді. Сөз арасында шаһар басшысы инвестициялық жоба ұсынушылармен «сәтті саудаластық» деп әзілдеген-тұғын. Іле-шала әкімдіктің баспасөз қызметі BI Group компаниясы Шымкентке 135 миллиард теңге инвестиция салуға дайын екенін, ол қаржыға қаланың ең жайлы аумағында көпқабатты тұрғын үй орамы салынатынын сүйіншіледі. Осы хабар біраздан бері тыныш жатқан Шымкенттің қызуын көтерген қоғамдық талқылауға ұласты. Елдің алды болып Шымкент қаласының Бас жоспарын жасауға атсалысқан сақа сәулетшілер, құрылыс саласының білгірлері, әлеуметтік желі белсенділері өз пікірлерін білдірді.
Мысалы, «Шымкент қалалық сәулетшілер қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асқар Мамырбаев Шымкент қаласының қолданыстағы Бас жоспарына сәйкес, жоғарыда аталған аумақ демалыс және саяжайлар аумағы болып бекітілгенін, жан-жағы саябақ екенін айтып, солардың қақ ортасына әкеліп тұрғын үй кешенін салудың жөні жоқтығын алға тартты.
«Тек қолайлы инвестиция үшін ғана ма? Сол бір компанияның қалауына бола қаланың Үкімет бекіткен Бас жоспарын бұза саласыз ба? Ондай құқық қайдан берілген сізге? Әлде біз білмейтін арнайы заңдар бар ма? Онан да өзіңізге дейінгі әкімдердің миллиардтаған қаржыға инфрақұрылым тартқан 420 гектарды құрайтын «Shymkent City» тұрғын үй жобасын игеру қажет еді. Осындай ірі жобаларға неге жергілікті сәулетшілер тартылмайды? Қаланың сәулеті мен құрылыс жағдайын жергілікті мамандар жетігірек білсе керек. Қаланың болашақ тұрғындарының, ізбасар әріптестеріміздің алдында да жүзіміз ашық болғанын қалаймыз. «Кезінде бүлінген жобаларды неге сынға алып, түзетуге тырыспадыңдар» деген сөзге қалғымыз келмейді. Қаланың Бас жоспарынан ауытқу жағдайы бұрын да болған. Онда да үнсіз қалмағанбыз. Есесіне мемлекет қызметінде жүрген біразымыз қудалауға ұшырап, жұмыссыз қалғанымыз да болған. Ондай жағдай қайталанбайтынына сенгіміз келеді. Біздің жанайқайымыз жеке бастың қамы емес, қала сәулеті мен құрылысының жоспарға сәйкес атқарылуы үшін», деп жазды шаһар басшысына «Ашық хат» жолдаған А.Мамырбаев.
Шындығында, осыдан бірнеше жыл бұрын қаланың экс-әкімі Ғабидолла Әбдірахимовтың тұсында шаһардың солтүстік аймағында (Қаратау ауданы) жаңа қалашық – «Shymkent City» тұрғын үй жобасының іргетасы қалана бастаған еді. Аталған бірегей жоба Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында таныстырылғаны да есте. Міне, сол тұста BI Group компаниясы «Shymkent City» аумағында салынатын «Конгресс Холл» кешені құрылысының мердігері атанған еді. Алайда тарихи жобаның құрылысы бүгінде тоқтап тұр.
Осы орайда ел арасында соңғы жылдары «бұрынғы басшының жобасын жаңа басшы көп жағдайда қолдай бермейді немесе жоққа шығарады» деген пікір бар екенін де айта кеткен жөн болар.
Естеріңізге салар болсақ, сол жаңа қалашық аумағына ең әуелі инфрақұрылым тартылып, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасала бастаған. Әйтсе де қаржысы көп «қожайындардың» көзі қаланың шекті ауданынан гөрі тіршілік қыз-қыз қайнаған орталығына түсіп тұр. Жұрт осыған наразы. Қазіргі таңда халықтың шығарға жаны қалмай қорғаштап отырған Атшабар аумағы соның дәлелі.
Атшабарды сүріп тастап, орнына ауқымды құрылыс салу бастамасына наразы қала тұрғындарын «Urban Forum Kazakhstan» жобасы да қолдап отыр. Олар қазіргі таңда өздері дайындаған қарсылық хатына тұрғындардан қол жинап жатыр. «Құрылыс аймағы, қаланың жасыл белдеуіне, яғни ерекше қорғалатын табиғи аумақ болып келетін Дендро саябақ пен Зообаққа жанасып салынайын деп тұр. Демек, ондаған биік ғимараттың құрылысы саябақ аймақтарының бүкіл экожүйесін бұзады. Сонымен қоса қала үшін айтулы табиғи доминантта болып келетін Бәйдібек би төбесін көлегейлеп, қаланың бірегейлігіне қайтымсыз әсер етед», дейді жоба өкілдері.
Ал қала әкімдігі не дейді? Әкімдік тарапы дап-дайын инвестицияны пайдаланып, қаладағы тұрғын үй тапшылығын азайтып, құрылыс жұмыстарына жергілікті азаматтарды тарту арқылы жұмыссыздықты болдырмаймыз деп отыр.
«Бұл – өте үлкен жоба. Жоба іске асырылған жағдайда ондағы инвестиция көлемі 135 миллиард теңге, салықтық жеңілдіктер шамамен 15 миллиард теңгені құрайды. Құрылысқа жалпы 6 мыңға жуық адам тартылады. Ал құрылыс аяқталғаннан кейін әлеуметтік және коммерциялық нысандарда шамамен 2 500 тұрақты жұмыс орны ашылады. Мектеп, балабақша, білім беру орталықтары және тағы басқа нысандарды салу көзделіп отыр. Жалпы, бұл кешеннің қаланы одан әрі дамытудағы әлеуеті зор. Кешен Наурыз алаңын «Shymkent City» қалашығымен байланыстырады және бұл аумақ одан әрі тартымды бола түседі. Ипподромды көшіру 2018 жылы, Шымкенттің бас жоспары бекітіліп, қалаға республикалық мәртебе берілген кезде жоспарланған еді. Сол кезде жаңа ипподромның құрылысына шамамен екі миллиард теңге қажет болды. Егер жаңа әкімшілік-тұрғын үй кешенінің жобасы мақұлданса, ипподромды BI Group өз қаражатына салып береді», дейді қала әкімінің орынбасары Бауыржан Мамыталиев.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша BI Group әзірге тек өз тұжырымдамасын ұсынған. Барлығы егжей-тегжейлі пысықталғаннан кейін Шымкентте қала әкімінің қатысуымен Қоғамдық тыңдау өткізілмек. Егер әкімдік пен инвестор арасындағы жоба халықтың көңілінен шықпай, азаматтардың көпшілігі қарсы болса, бастам жүзеге аспайды. Дегенмен, қала билігі жұртшылықты аталған жобаның Шымкенттің ұзақ мерзімді даму бағдарламасы аясында қолға алынып жатқандығын түсінуге шақыруда.
Қырық жылдан аса тарихы бар Атшабарды көшіру туралы әңгіме бүгін ғана айтылған жоқ. Бұл туралы осыдан біраз бұрын жоспарланған. Белгілі бапкер, Оңтүстіктегі ат спортының жанашыры, «Құлагер» көкпар командасының жаттықтырушысы Ғани Ахметбаев осылай дейді.
«Осы салада жүрген маман ретінде әкімнің қабылдауында болғанымда жөндеу көрмей, тозығы жеткен Атшабардың жай-күйін айттым. Өз кезегінде қала әкімі BI group компаниясы өкілдерімен кездесіп, олардың Атшабар аумағындағы жобасына қатысты ұсыныстарын тыңдағанын жеткізді. BI group компаниясы әкімдікпен келісімге келіп, жоба қолдау тауып жатса, қазіргі Атшабардың орнына тұрғын үй құрылысын жүргізуге ниетті екендіктерін тілге тиек етті. Сонымен қатар шаһар басшысы инвесторлар қаланың бас жоспары бойынша белгіленген аумаққа жаңа заманға сай Атшабар салып беруге уәде бергенін айтты», дейді Ғани Ахметбаев.
Белгілі бапкердің айтуынша 2013-2014 жылдары Атшабарда бірнеше ат өлген. Себебі Атшабар ойпаңда орналасқан. Қала деңгейінен 8 метр төмен. Бұл дегеніңіз – Атшабарда жазда өтетін жарыстар мен көкпарға кері әсер етеді. Жел тимейді. Атшабар қазандық секілді. Ыстық күнде ауа ауыспағаннан кейін көкпарға түскен аттың, бәйгеге шапқан жүйріктің тыныс алуы қиындайды екен. Соның салдарынан дем жетпей құлау, тіпті өліп кету жағдайлары да тіркелген.
Осыдан соң ат спортының, көкпардың ардагерлері жиналып, сол кездегі басшыларға ұсыныс жасаған. Өкінішке қарай, мәселе қаржыға тіреліп, осы уақытқа дейін созылыпты. Ал BI group құрылыс компаниясының ұсынысы олардың ойын дөп басқан.
Алайда бұған мүлде қарсы пікір де бар. Табиғат жанашырлары Атшабар орнына тұрғын үй кешенін салу қала экологиясына кері әсерін тигізеді деген ойда.
«Кейбір мүдделі адамдар «Атшабар ескірді, сасық, аттар өліп жатыр», деп орнына тұрғын үйлер құрылысын жүргізейік дейді. Жарайды делік, дәл сол логикамен ертең қаланың қақ ортасындағы Абай саябағы тозған кезде, «Абай саябағы тозған, тозған саябақ кімге керек» деген желеумен алпауыт құрылыс компаниялары аталған саябақты өз есебімізден қала сыртына салып берейік, ал оның территориясына «әлеуметтік (қымбат) ЖК» салайық деген ұсыныстар болса ше?!. Атшабар аумағына тұрғын үй салу тиімсіз. Бәйдібек би даңғылында қазірдің өзінде көлік ағыны шамадан тыс. Күні ертең Shymkent City пайдалануға берілгенде не болмақ?. Бұл өз кезегінде аймақтың экожүйесі үшін қосымша стресс болады», дейді заңгер, табиғат жанашыры Мақсат Елібай.
Тағы бір ескеретін жайт, қазіргі ескі Атшабардың ұзындығы – 1600 метр. Бұл қазақи аттарға, төл спортымызға сай келмейді. Мәселен, аламан бәйге 30-35 шақырымға созылады. Ал ұзындығы 1600 метр жерде 35 шақырымға ат жарыстыру деген оңай шаруа емес. Қазіргі ипподромда аламан өткізу қиын. Қарапайым 16 шақырымдық топ бәйгені өткізгеннің өзінде ат 10 рет айналуы керек. Ал жаңадан салынатын Атшабар шеңберінің ұзындығы 2,4 немесе 3 шақырым болады деп жобаланған көрінеді.
Дегенмен, ескі Атшабарға бойы үйреніп қалған қала тұрғындары шаһар шетіндегі жаңа алаңнан гөрі осы аймақ ыңғайлы деп санайды. Тіпті, шаһардың осынау тарихи орнына ғимарат салмай-ақ, туристік орталыққа айналдырып, ұлттық құндылықтарды насихаттауды сұраған тұрғындардың қарасы қалың.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына сай халықтың пікірін тыңдап, сол негізде талдап, саралап, шешім қабылдау жергілікті биліктің міндеті. Ендеше, BI group компаниясының заманауи тұрғын үй қалашығын салу туралы жобасына қарсылар мен қолдаушылардың уәжін саралай отырып, қала әкімдігі бұл қоғамдық талқылауға бір нүкте қояды деп үміттенеміз.
Түйін:
Атам қазақта «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген қанатты сөз бар. Шымкенттің арғы-бергі тарихында осы нақылдың мәнін түсініп, пайымына барған қоғам қайраткері Асанбай Асқаров болса керек. Оңтүстікті басқарып тұрған жылдары салдырған Дендросаябақ бүгінде қаланың ауа тазартқыш өкпесіне айналған. Қала берді Зообақ, Атшабар әліге дейін шаһар тұрғындарының қолайлы демалыс аймағы атанып келеді.
Анығында, қаланың бұрынғы бас жоспары бойынша Атшабар аумағы да Шымкенттің жасыл аймағына жатады екен. Демек, онда ешқандай құрылыс жұмыстары жүргізілмеуі тиіс. Өкінішке қарай, соңғы жылдары осы жасыл аймақтың біршама бөлігі қалталылардың меншігіне өтіп кеткен. Бір ғана мысал, 2007 жылы сатылып кеткен Шымкент Зообағының шағын аумағы туралы даулы мәселені жұртшылық тағы да талқыға салуда.
Сіз не дейсіз?
Шыңғыс Мұқан,
Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары:
– Ипподромды көшіру туралы мәселе осыдан екі жыл бұрын мәслихатта бекітілген екен. Алайда 2-4 млрд теңге қаржы қажет болған соң бұл кейінге қалдырылған. Жалпы, Атшабардың санитарлық талапқа сай еместігі, яғни 50 шақты жылқы ұстайтын болса, оның арақашықтығы сақталуы қажет дейтін талап тағы бар. Атшабардың жанындағы 52 гектарды алып жатқан зообақтың бүгінде 30 гектары ғана қалғанын, 22 гектар жер кезінде сатылып кеткенін де естен шығармағанымыз жөн. Сондықтан ат шабатын аймақ тарлық етеді екен. BI Group компаниясының басшылығы өзінің тұжырымдамасын ұсынғанда әкім оларға «4 млрд теңге болатын жаңа ипподромды салып беруге келісесіздер ме?» деп сұраған. Алғашында ойланғанымен, кейін бұл шартқа келісті. Одан соң тұрғын үй салынатын аумаққа мектеп, емхана керек екенін ескертіп, «мұны да салып бересіздер ме?» деп сұрады. Компания бұл талаптарға да келісіп отыр. Одан бөлек, сол жердегі тұрғындар серуендеп жүретін «Тұлпар» көлінің аумағын абаттандырып беруді де міндеттеді. Әрине мұның барлығы да компанияның ұсынысы. Шешім толық шыққан жоқ. Сондықтан әзірге байбалам сала беруге болмайды, қоғамның пікірі ескеріледі.
Өмір Шыныбекұлы,
тарихшы, өлкетанушы:
– Салынғанына 40 жылдан асқан ипподром моральдық тұрғыда да, физикалық тұрғыда да ескіріп, бүгінгі күннің талабына жауап бере алмай отыр. Ежелгі өзеннің кеуіп кеткен арнасында орналасқан ипподром теңіз деңгейінен шамамен 485 метр, ал әлгі кепкен өзеннің жағалауының биіктігі теңіз деңгейінен 525 метр биікте, яғни ипподром орналасқан жерден 40 метрдей биікте тұр. Өзеннің арнасы шығыстан батысқа қарай созылып жатыр.
Енді Шымкентте соғатын желдердің бағытын анықтап көрейік: Мәселен, солтүстік-шығыстан («Шақпақ» желі) және оңтүстік-батыстан соғады... Яғни екі бағыттан да өзен арнасына көлбеу соққан жел жылқылардың тезегі мен терінің иісі, күн суытқанда көмір жағатын жеке тұрғын үй секторынан шыққан түтінді дәл осы қазаншұңқырға жинайды. Бұл аттарға да, адамдарға да зиян. Егер санитарлық-эпидемиялық талаптарымыз еуростандартқа көшсе, мына жердегі санитарлық-тазалық жағдайы оған жауап бере алмайды. Сондықтан ипподромды басқа жерге көшіру – заман талабы.
Түбі ипподроммен іргелес тұрған зообақтың да жерін дендросаябаққа беріп, зообақты жел тиетін тегіс жерге көшіру керек. Осыған қатысты екінші мәселе, қаламызға келіп жатқан еліміздегі аса ірі BI Group құрылыс компаниясы осы жерді үй салу үшін сұрап жатса беру керек.
Бақытжан Әшірбаев,
Қазақстан Сәулетшілер одағының вице-президенті:
– Шымкенттің бас жобасын бұзған адам заң бойынша жауап беру керек. Ал Бас жоспар бойынша, Шымкентте
3 мың гектар жерде көпқабатты үйлердің соғылуына жер дайындалып қойылған. Егер сол жерлерде көпқабатты үйлер соғылса, 24 миллион шаршы метр баспана салынбақ. Демек, онда миллионнан астам тұрғын қоныстанады деген сөз. Мүмкін қазіргі әкімдерге Атшабар (ипподром) керек емес шығар. Көп қаражатты талап етеді. Бірақ сол Атшабарды саябаққа айналдыруға немесе бұрынғыдай этноауыл күйінде қалдыруға болатын еді.
Шымкент