Әлемді шарпыған коронавирус індеті салдарынан шекаралардың жабылуы мен шектеулер жағдайында отандық демалыс орындарына сұраныс артқаны белгілі. Демалушылар санының артуына қарай әлеуметтік желілерде қоқыс үйінділер түсірілген суреттерден көз сүрінеді. Жуырда осы мәселеге орай «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасында сала мамандарының қатысуымен арнайы жиын өтті.
«Өкінішке қарай, Ұлттық парктердің инфрақұрылымы туристердің осындай легіне дайын болмай қалды. Біз қоқыстарды тазалау арқылы мәселені шешуге болмайтынын бірнеше рет көтерген болатынбыз. Мәселеге жүйелі тұрғыда қарау керек – аймақтау және абаттандыру арқылы демалысқа жағдай жасау, келушілер ағынын басқару процестерін жолға қою маңызды. Сонымен қатар халықаралық практикада цифрлы мониторинг және бастауыш сыныптардан бастап білім беру практикалары кең қолданыс тапқан», дейді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Юлия Якупбаева.
Якупбаеваның айтуынша, қоқысқа қатысты барлық мәселені демалушылардың төмен мәдениетіне жауып тастауға болмайды. Егер демалыс аумағында табиғат аясына шығуға арналған арнайы орындар, ал жанында қоқыс жәшіктері тұрса, демалушылар қоқысты сонда тастайды.
Kazakh Tourism ҰК АҚ басқарма төрағасы Ержан Еркінбаев демалыс аумақтарында белгілер мен қоқыс жәшіктерінің жетіспейтінін ашық айтты. «Шарын шатқалында арнайы орындарды аймақтау бар, алайда «Тыныштықты сақтаңыз» немесе «От жағуға болмайды» деген секілді тақтайшадағы үндеулер іске аспай жатыр. Ағындарды бақылау – қажетті нәрсе, бірақ біз осы жазда бірнеше жерді аралап, цифрлы реттеуді дамытудағы басты кедергі – интернеттің болмауында екенін түсіндік. Мысалға, Көлсайда тәртіп бұзушылар мониторингі мен электронды билеттерді жүргізу қолжетімсіз. Онда мобильді байланыс жоқ әрі демалыс аймағында қолма-қол төлем қабылдау мүмкін емес. Аймаққа кіру үшін адам басына емес, көлік бірлігінен алуға қатысты заңнамаға өзгеріс енгізу қажет деп санаймыз. Осы шара қолға алынбайынша, ештеңе өзгермейді. Бізде ресми статистика бойынша ұлттық парктерге жылына 1 млн адамға дейін келеді, міне, осы көлемнің өзі қоршаған ортаға зиян келтіреді. Мәселен, АҚШ-та ұлттық парктерге жылына 318 млн адам барады, ал табиғатқа зиян келтіру деңгейі төмен. Бірінші кезекте елімізде мәдениет деңгейін көтеру керек. Қанша еріктілер мен қызметкерлер болса да, олар барлық қоқысты жинай алмайды», деді Ержан Еркінбаев.
Kazakh Tourism бюджетті қайта қарастыру шеңберінде туристердің мәдениетін көтеру бағдарламасын жүзеге асыру және желілерде таратуға болатын әлеуметтік жарнамамен бейнематериалдар түсіруді ұсынды.
«Шарын шатқалы» МҰТП директоры Елнұр Ахметов интернеттің болмауы проблема екенін, бұл жайт төлем (онлайн төлем жүргізу мүмкін емес), сондай-ақ келушілерге мониторинг жүйедеріне кері әсер ететінін айтады.
Қазақстан туристік қауымдастығының төрайымы Рашида Шайкенова және «Еуразия туризм қауымдастығы» ЗТБ Рысты Қарабаева ұйымдастырушылық тур туризм мәселесін шешеді деген ойда. Өйткені тур барысында демалушыларға нұсқаулық сабағын өткізуге болады.
Сонымен қатар Рашида Шайкенова экологиялық тәрбие бойынша іс-шаралардан бөлек, ұлттық парктердің дамуы үшін қоғамдық кеңестердің құрылуы маңызды болады деп санайды. «Kazakh Tourism Алматы және Алматы облысы үлгісінде қоғамдық кеңестерді құру тәжірибесін барлық ұлттық парктерге тарата алады», дейді Р.Шайкенова.
Алматы облысы туризм басқармасының жетекшісі Жанар Алшымбаева 4 бөлімнен тұратын туристік мүдде орындарына арналған экологиялық кейс жобасын ұсынды, олар: туристік ағынды басқару, қоқыс қалдықтарын басқару, туристік маршруттарды абаттандыру, саяхат мәдениетін қалыптастыру. Спикердің айтуынша, туристік ағымдарды реттеу үшін туристік трафикке субсидиялар қолдануға болады, егер Ұлттық парктердің бірінде келушілер көп болса, туристік ағынды осы механизм бойынша басқа паркке жіберіп отыруға болады.
– «Қоқыс депозиті» атты механизмді енгізу керек. Бұл дегеніміз – Ұлттық паркке келген туристер белгілі бір көлемде қаражат төлейді, егер турист артынан қоқысты жинап кетсе, аталған сома қайтарылады. Егер қоқыс жиналмаған болса, депозит сомасы сол қоқысты жинайтын жұмысшыларға төленеді, – деп атап өтті Ж.Алшымбаева.
Оралдық эколог Ринат Өтелбаев нақты талаптар қойылып, оларды орындауға мониторинг жүргізу қажеттілігін атады. Мәселен, кен орындарында пайдаланылатын процедураларға ұқсас нақты шаралар, егжей-тегжейлі жоспар қажет. Яғни толығымен түсінікті бизнес-процесс қажет, сонда ғана туристердің бұрыс әрекеттеріне қатысты проблемалар болмайды.
«Ұлттық парктерге кіреберісте адамдар толық нұсқаулық алып, ал аумақтың өзі аймақтандырылып, ақпараттық белгілер және билбордтармен жабдықталуы тиіс. Бұдан бөлек, аумаққа тұрақты тексеру жүргізетін арнайы қызмет болуы маңызды. Әрине, оған сәйкес бюджет қарастыруы керек», деді Ринат Өтелбаев.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы комитеті төрағасының орынбасары Ерлан Мұратов жиында көтерілген мәселелер министрлікке таныс екенін, көп мәселе бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты. Мәселен, Ақмола облысының үлгісінде барлық ұлттық парктерде мобильді байланыс және интернетті қамтамасыз ету, сондай-ақ Іле Алатауы ұлттық паркіне 200 қоқыс контейнері және 2 қоқыс жинаушы көлік беру бойынша келіссөздер бар.
Жиынды қорытындылай келе, Юлия Якупбаева мәселелерді шешуде Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, Kazakh Tourism, санитарлық дәрігерлермен бірлесіп, «Атамекен» алаңында келесі бағыттар бойынша бизнеспен бірлескен 8 кешенді шара дайындауды ұсынды. Олар: ұлттық парктер бюджеті құрылымына талдау жүргізу (соның ішінде қоқыс жинау және бақылау жүргізуге қаржының барын тексеру), ұлттық парктердің инфрақұрылымын түгендеу (маршруттарды абаттандыруға қатысты жоспарлар мен ұсыныстар), ұлттық парктер аймағында экологиялық және санитарлық талаптарды ұстануды әкімшіліктендіру (мониторинг) бойынша ұсыныстар, туристік ағындарды басқару бойынша ұсыныстар, экологиялық мәдениетті насихаттау және тәрбиелеу бойынша ұсыныстар, цифрландыру бойынша ұсыныстар (желілерді жүргізу; онлайн тіркеу; онлайн төлемдер; бейне бақылау және т.б.), қоқысты утилизациялау бойынша ұсыныстар (қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау және қоқысты сұрыптауды дамыту бойынша стимулдар) және айыппұлдар жүйесі және мемлекеттік қолдау бойынша ұсыныстар (ұйымдастырушылық тасымалдауды субсидиялау, жалғыз аяқ жолдарды абаттандыру және т.б.).
«Бизнес өкілдері және сарапшылар тарапынан жоғарыда аталған тармақтар бойынша ұсыныстарды күтеміз. Барлық ұсыныстарды жинап, әр тармақ бойынша құрылымдайық. Нәтижесі бойынша Мәдениет және спорт министрлігі, Kazakh Tourism және Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлескен жоспар жасалады», деп Юлия Якупбаева жиынды қорытындылады.