• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Қыркүйек, 2020

Сенатор: Қапыда тұтқынға түскен жауынгерлер ақталуы керек

283 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының депутаты Әлімжан Құртаевтың Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі А.Маминге жолдаған депутаттық сауалында қапыда тұтқынға түскен, жат жерде көз жұмған бірнеше жүз мыңдаған қазақстандық жауынгерлерді Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай ақтау мәселесін көтерді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Олардың бірі соғыс құрбаны, өмірінің соңына дейін туған жерінде ақталмаған Әлім Алмат болатын. Ол 1939 жылы қызыл әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы елге қайтар кезде соғыс басталып кетеді. Маусым айының соңында Ә.Алмат дивизиядағы 560 адаммен бірге тұтқынға түседі. Бірақ қазақтың біртуар перзенті Мұстафа Шоқайдың жары Мария Шоқайдың көмегімен тұтқыннан босап шығып, музыка училищесіне оқуға қабылданады. Талантты музыкант әуелі Париждегі консерваторияда оқиды, кейін түрік елшілігі арқылы Түркия азаматтығын алады. Сол елде қайтыс болды.

«Бұл бір адамның тағдыры. Мұндай адамдар жүздеп, мыңдап саналады. Қорғаныс министрлігінің берген мәліметі бойынша, Қазақстаннан соғысқа аттанған азаматтардың саны – 1 196 164 адам. Соның ішінде 322 462 адам майданда көз жұмған. Соғыстан оралғандардың саны – 595 153 адам, ал соғыстан оралмағандардың саны – 601 011 адам. Демек, Әлім Алматпен тағдырлас 600 мыңнан астам адам бар деген сөз.

Хатымызды әзірлеу барысында Ұлы Отан соғысына қатысушылардың нақты санын білмек болып, Қорғаныс және Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне сұрау салып, хат жаздым. Жаудың тұтқынында болған қазақ жауынгерлерінің ақталған және ақталмағандарының саны жөнінде ақпарат алу үшін құзырлы мекемелер сырғытпа жауап жазып, бір-біріне сілтеді. Ішкі істер министрлігінің жауабында архивтік құжаттардың құпия болып табылатыны айтылған. Сонда біз тұтқындардың тағдырын кімнен жасырып, құпия ұстаймыз? Кеңестің келмеске кеткеніне 30 жылға жуықтаса да, құлдық санадан арыла алмай, жат елде жоқтаусыз қалған боздақтарымыздың рухының алдында дәрменсіздік танытып отырмыз. Әлемнің барлық елдері жерінің тұтастығы, халқының азаттығы үшін күрескен жауынгерлерін ақтап, мемлекеттік актілер қабылдады. Сөйтіп, ақиқат пен әділдікті қалпына келтірді.

Қорғаныс министрлігі соғыстан қайтпағандардың саны 601 011 адам деген деректі жариялады. Жапон, неміс, американ халқы соғыста өлген әр солдатының сүйегін, топырағын еліне апарып, құрметтеп жерлейді.

Егер біз әділеттілік салтанат құрсын десек, соғыс тұтқындардың барлығын ақтау туралы арнаулы қаулы шығарып, мемлекеттік деңгейде объективті баға беруіміз керек», – деді сенатор Ә.Құртаев.  

Сондай-ақ, депутат бұл бағытта бізге үлгі боларлық істі көрші мемлекет, Ұлы Отан соғысының негізгі нысаны болған Ресей Федерациясы жүзеге асырғанына назар аударды.

«Ресейде 1995 жылы 24 қаңтарда «Ұлы Отан соғысы кезінде және соғыстан кейінгі кезеңде қуғын-сүргінге ұшыраған, бұрын әскери тұтқын және азаматтық тұлға болған Ресей азаматтарының заңды құқықтарын қалпына келтіру туралы» Жарлық шықты. Бұл Жарлық Ресей аумағында, негізінен алғанда, кеңес қолбасшылығының кінәсінен тұтқынға түскен жүздеген, мыңдаған құрбандарын ақтап, олардың ар-намысын қалпына келтіруге жол ашты. Олай болса, біздің де сұрапыл соғыста қаза тапқан, елге орала алмаған боздақтарымыздың есімі мен ерлігін ақтап, тарихи ақиқатты қалпына келтіретін күн жетті», – деді сенатор.

Ә.Құртаев осыған байланысты мынадай мәселелерді шешуді ұсынды. Ол соғыс тұтқындарына қатысты ресми мәліметтер тиянақталып, бір жүйеге келтіріліп, халыққа ашық қолжетімді болуы тиіс екенін атап өтті. Сондай-ақ, тұтқында қаза болған барлық жауынгерлеріміздің тағдырын толық зерттеп, аты-жөнін елге жариялау қажеттігін айтты.

Сонымен қатар сенатор өз Отанын жаудан қорғау жолында көз жұмған, жат елдерде қалған барлық соғыс тұтқындарын ақтайтын арнайы қаулы шығарып, мемлекеттік акті қабылдау туралы ойларын жеткізді. Одан бөлек, соғыс құрбаны, қапыда жау қолына түскен Әлім Алматтың өмірі мен өнер жолынан сыр шертетін, жас ұрпақ үшін тағылымы мол көркем фильм түсіру туралы да ұсыныс айтты.

Депутаттық сауалға Сенат депутаттары Ә.Құртаев, М.Бақтиярұлы, М.Жұмағазиев қол қойған.