• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 24 Қыркүйек, 2020

Меркіде оқушылар Мәдениет үйінде оқуға мәжбүр

426 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылының басталғанына бір айдан астам уақыт өтсе де, Жамбыл облысының бірқатар ауданында әлі де пайдалануға берілмей отырған мектептер бар. Аудан, ауылдардағы білім ошақтарының құрылысы бәсең жүргізілуде.

Салынуы, күрделі жөндеуден өтуі тиіс мектептердің бәріне мемлекет тарапынан қаржы бөлінгені­мен, жауапсыз мердігерлердің кесірі­нен жағдай оңбай тұр. Бұдан бөлек, бірқатар аудан басшыларының да сол құрылыс компанияларынан жұ­мыс­ты дер кезінде талап етпеуі осындай күрделі жағдайға әкелуде. Жуырда ғана облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбековке, Т.Рысқұлов ауданының әкімі Ерболат Садырқұловқа, Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебековке және облыстық білім басқармасының басшысы Гүлнар Ходжабергеноваға жұмыстың нашар жүріп жатқанын айтқан болатын. Осы үшін аталған бас­шылардың біразына сөгіс те жария­ланып, ескерту де берілді.

Сондай-ақ әкімдік тарапынан кейбір жауапсыз мердігерлерді келесі жылы тендерге қатысу құқығынан айыру туралы да айтылған болатын. Сондай шешім қабылданса да, Тараз қаласынан бастап бірқатар ауданда мектеп құрылысына қатысты жұмыс әлі баяу жүргізілуде.

Мәселен, Меркі ауданындағы 4 мектепте жөндеу жұмыстары әлі күнге дейін жалғасуда. Бүгінде мердігер «КАСУБ-Тараз» ЖШС Ақермен ауылындағы А.Хасенов атындағы №11 мектепке күрделі жөндеу жұмыс­та­рын жүргізуде. Мұнда негізі 439 оқу­­шы білім алады. Алайда жөндеу жұ­­мыс­тарына байланысты кезекші сы­ныптардағы 43 оқушы ауылдағы Мәдениет үйінде оқуға мәжбүр болып отыр. Аталған компания жұмысты биылғы жылғы 25 қыркүйекке дейін аяқтау керек болған. Бірақ жұмыс бітпегендіктен, балалар осы күнге дейін ыңғайсыз жағдайда білім алуда. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Асхат Медетбековтің айтуынша, мердігер «КАСУБ-Тараз» серіктестігінен әрбір кешіккен күні үшін тұрақсыздық айыппұлы өндіріледі екен. Сондай-ақ ол құрылыс қарқынын жеделдету мақсатында да тиісті жұмыс атқарылып жатқанын жеткізді. Дегенмен, аталған компания қанша жерден айыппұл төлесе де, қазіргідей күздің қара суы­ғында балалардың Мәдениет үйін­де оқуы құптарлық жағдай емес. Гранитогор ауылында да 120 оқу­шы­ға арналған жаңа мектеп салынуда. Білім нысанының құрылысын «Темір-Строй Сервис и Ко» компаниясы жүргізуде. Жаңа ғимарат ағымдағы жылдың соңында пайдалануға бері­леді деп жоспарланған. Ал өткен ға­сыр­дың елуінші жылдары салынған ескі ғимаратта бүгінде барлығы 228 оқушы дәстүрлі форматта білім алуда. Сонымен қатар Ойтал ауылындағы №48 мектепте жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын екен. Қазіргі кезде құрылысшылар спорт және акт залдарының құрылыс жұмыстарымен айналысуда. Оқу ғимаратында кезекші сыныптарда 100-ден астам оқушы білім алуда. Аталған білім нысанын «ҚазМұнайГаз» ЖШС биылғы тамыз айының соңында тапсыруы керек болған. Ал шілде айында осы ауылдағы №12 мектеп дайын болуы тиіс еді. Бірақ «Дос және К Сервис» мердігерлік компаниясы нысанды енді ғана пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Жамбыл ауылдық округінің құрамындағы Жеміс-жидек елді мекенінде №44 орта мектепте 1 105 оқушы оқиды. Бірақ бүгінде кезекші сыныптардағы 100-ден астам оқушы да балабақшада білім алуға мәжбүр. Себебі аталған мектептегі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер «Ерк-Астана» компаниясы білім нысанын қазан айының басында ғана аяқтауға уәде беріпті.

Мұндай мәселе аудандарда ғана емес, облыс орталығында да бар. Өңірде жұмыс жүргізіп жатқан мердігерлер­­дің дені өндірістік кестеден кешігіп келе­ді. Техникалары мен жұмысшылары­ның саны да жеткіліксіз. Сол сияқты құрылысқа қажетті материалдардың уақытында жеткізілмеуі де мәселені қиындата түсуде. Осы уақытқа дейін облыс әкімдігінің тарапынан қала және аудан басшыларына, сонымен қатар мердігер компанияларға тап­сырма берілгенімен әлі нәтиже бол­май отыр. Мәселен кейбір жаңа мек­тептердің құрылысы, басқа да білім ошақ­тарында жүргізіліп жатқан күрделі және ағымдағы жөндеу мен санитарлық тораптардың жұмысы келісімшарт бойынша қыркүйек айының алғашқы күніне дейін аяқталуы тиіс болған. Бірақ қазан айы келсе де нәтижелі көр­сет­кіш болмай тұр. Жалпы, қазіргі таңда облыс бойынша жаңадан салынып жатқан 9 мектептің құрылысы бітпеген. Тіпті кейбір жұмыстың 50 пайызы да аяқталмаған. Одан бөлек тағы 9 мектептің санитарлық торабы әлі дайын емес. Ал 13 мектептің күр­делі жөндеу жұмыстарының әзірге біте­тін түрі жоқ. Облыстық білім бас­қар­масының басшысы Гүлнар Ход­жабергенованың айтуынша, Тараз қаласын­дағы №1 мектеп-гимназияның 300 орындық қосымша ғимаратының құры­лысы биылғы шілде айының соңын­да аяқталуы тиіс болған. Бірақ қау­қарсыз құрылыстың салдарынан қазір мұндағы жұмыстың жарты­сы ғана орындалған. Сондай-ақ Тараз қаласындағы саңырау және на­шар еститін балаларға арналған «Мейі­рім» мектеп-интернатына тиесілі 80 орын­дық қосымша ғимараттың құрылысы да өндірістік кестеден қалып келеді. Мұның бәрі де оқушылардың сапалы білім алуына кедергі келтіріп отыр.

Өңірде мектеп құрылыстарын жүр­гізіп жатқан мердігер компания­лар­дың өкілдері жұмыстың кешеуілдеп жатуы­ның себебін адам күшінің жетіс­пеуімен байланыстыруда. Бірақ облыс басшылығы тарапынан мәселенің аталған мердігерлердің бір мезгілде бір емес, бірнеше нысанды өздерінің шамасына, техникасының санына қарамай алып алуынан туындағаны айтылуда. Соның салдарынан құрылыс нысандарының жұмысы уақытынан кешігуде. Сонымен қатар құрылыс жұмысын көрсетілген мерзімде аяқта­маған мердігерлерге әкімдердің шара қолданбайтыны да осындай жағ­дайға жеткізген. Сондай-ақ техникалық қа­да­­ға­лаушылардың да өз жұмысына сал­ғырт қарайтыны айтылып келеді. Өңірдегі мектеп құрылысының кешігуі бір емес, бірнеше мәселеге байланысты болып тұр. Бүгінде балалар бірінші тоқ­санды қашықтан оқып жүр. Егер оқу­шылар дәстүрлі оқытуға көшетін болса, онда бәрін Мәдениет үйіне де, балабақшаға да сыйғызу мүмкін емес. Күрделі мәселе сонда туындайды.

 

Жамбыл облысы