Пандемия отандық фитнес-индустрияны да әлсіретіп тынды. Қызметін уақытша тоқтатуға мәжбүр болған нарықтағы ірілі-ұсақты ойыншылардың жартысынан көбі шығынға ұшырады. Жалпы жаһандағы жағдай аталған индустрияның бағытына да өзгерістер енгізді.
Мемлекет демесе...
Қазақстан фитнес-индустрия операторлары қауымдастығының басшысы Татьяна Салатинаның айтуынша, бұл сала коронавирус пандемиясы кезінде шығынға белшеден батқан. Қауымдастық мамандарының болжамынша, нарықтағы ойыншылардың жартысынан көбі тарап кетуі мүмкін. Ал қалғаны шығынға батқан күйі жұмысын жалғастыра бермек.
– Мемлекет коронавирустың екінші толқынына дайындалып жатыр. Демек, алдағы уақытта тағы да қатаң шектеу шаралары енгізілуі мүмкін. Сондықтан біржола тұралап қалмас үшін фитнес-индустрияға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуі керек, – деді ол бізге берген сұхбатында.
Т.Салатинаның пікірінше, алда қандай жағдай орын алса да, қауіпсіздік шараларын қатаң сақтай отырып, фитнес-клубтардың жұмыс істеуіне рұқсат берілуі керек.
– Мемлекеттен қаржылай қолдау күтіп отырғанымызды жасырмаймыз. Әдетте ірі фитнес-клубтардың ғимараты жалға берілмейді. Олар көп жағдайда несиеге алынған. Бірнеше ай бойы жұмыс істемей қаңтарылып тұрса да, меншік иелері банк алдындағы міндеттемелерін орындауы тиіс. Қазір жұмыс жанданып, адамдар жаттығуға келе бастады. Бірақ олардың қатары тым сиреп кетті. Мұндай жағдайда несиені қалай өтеуге болады? Сондықтан мемлекет біздің жағдайды түсініп, пайызсыз несие ұсынса немесе бұған дейін алынған кредиттердің пайыздық мөлшерлемесін төмендетсе дейміз. Мұның бәрі ірі клубтарға қатысты. Ал шағын клубтар негізінен ғимаратты жалға алады. Олар үшін жалға алу құнын айтарлықтай төмендетсе, көп көмек болар еді, – деді Т.Салатина.
Бұл бір ғана мәселе. Бұдан бөлек клубтардың коммуналдық шығындары мен қызметкерлерге төлейтін еңбекақысы бар.
Сенбінің салдары
Дәл қазіргі жағдайда таяқтың ұшы шағын клубтарға қаттырақ тиіп отыр. Олардың бір бөлігі онсыз да «көлеңкеде» жұмыс істеп келген еді. Бірінші кезекте солар жұмысын тоқтатты. Одан кейін заңды түрде тіркелген шағын клубтар нарықтан ығыса бастады.
– Ірі клубтар нарықтағы негізгі ойыншылар болып саналады. Олар негізінен ұзақмерзімді келісімшарттар бойынша жұмыс істейді. Қазір мұндай клубтар абонементтерін ұзартып қана отыр. Жаңа клиенттермен толығып жатқан жоқ. Біздің болжам бойынша, жағдай осылай жалғаса берсе, нарықтағы шағын және орта клубтар жұмысын біржола тоқтатады. Мұндай қиындық біздің елде ғана орын алып отырған жоқ. Тұтас әлемдегі ахуал осындай, – дейді қауымдастық басшысы.
Ірі клубтардың да жағдайы аса мәз емес. Біріншіден, олар ережелерді қатаң сақтау арқылы жұмыс істеуде. Бұлай жасамаса, айыппұл салынады. Екіншіден, ірі ойыншылардың алда-жалда қажет болар деп сақтап келген қаржылық қоржынының түбі көрінді. Демек, олар да шығынға шырмала бастады.
– Шектеу шараларына байланысты демалыс күндері клубтар жұмыс істемей келді. Осының өзі үлкен шығынға жол ашты. Қазір жағдай біршама жақсарып келеді. Себебі әр өңірдегі эпидемиялық жағдайға байланысты фитнес-клубтардың жұмысына рұқсат берілуде. Қалыпты режімге көшуде. Әдетте клиенттер жаттығу жасауға сейсенбі, бейсенбі, сенбі күндерін лайық көреді. Осыған дейін сенбі, жексенбі жұмыс істеуге рұқсат берілмегендіктен, келушілер дүйсенбі-сәрсенбі-жұма форматына көшті. Сөйтіп, сенбінің салдарынан сейсенбі мен бейсенбі бос қалды, – дейді Т.Салатина.
Қазақстанның төрт қаласында жұмыс істейтін «FitnessBlitz» фитнес-клубтар желісінің негізін қалаушы Данияр Молдахметтің айтуынша, компания карантин салдарынан биыл екі клубты жабуға мәжбүр болыпты.
– Компанияның табысы 70 пайызға қысқарды. Бұған негізінен демалыс күндеріндегі шектеу шаралары кері әсер етті. Бизнес қазір жар жағасында тұр. Оның жағдайын осылай бағалағанымыз дұрыс шығар.Тығырықтан шығу үшін клубтарды жауып, оңтайландыруға тура келді. Демалыс күндері біздің тренерлер ашық орындарда, воркаут алаңдарында жаттығу өткізді. Осылай амалдадық, – деді Данияр Молдахмет журналистерге берген сұхбатында.
Үрей құшағындағы тұрғындардың ішінде фитнес-клубтарға барудан саналы түрде бас тартқандар да жоқ емес. Себебі мұндай жерде бетпердемен тұмшаланып жаттығу жасау қиын. Терге малшынған сәтте бетперде түгіл, үстіңдегі киімнің өзі жайсыздық танытады. Сондықтан бала-шағасының амандығы үшін шынығуды тынығуға алмастырғандар көп.
Онлайн-жаттығу
Ресей сарапшыларының болжамынша, көрші елдің фитнес-индустриясындағы ойыншылардың 70 пайызы нарықтан ығысуы мүмкін. Ал АҚШ-тағы нысандардың 90 пайызға жуығы қазірдің өзінде жабылып қалған. Алайда олар жаңа технологияларды пайдалана отырып, онлайн-жаттығуға көшті. Қазақстандық фитнес-тренерлердің де біразы онлайн форматқа ауысуға мәжбүр болды. Елімізде алғашқылардың бірі болып жаңа технологияның игілігін тиімді пайдаланған тренерлердің бірі – астаналық Бауыржан Рысбек.
– Instagram желісінде 10 мыңнан астам оқырманым бар. Олардың бәрі бұлшық еттерді шынықтыру, дұрыс тамақтану туралы жазбаларымды оқып, кәдесіне жаратады. Карантин енгізіліп, фитнес-клубтар жұмысын тоқтатты. Кейін ашық алаңдарда жаттығу жасауға рұқсат берілді. Сол сәттен бастап Instagram арқылы тікелей эфир жүргізуге көштім. Сөйтіп, Қазақстанда алғаш болып онлайн-жаттығу форматына ауыстым. Менен кейін тренерлердің біразы осы формат бойынша жұмыс істей бастады. Бастапқыда тікелей эфирге 7 адам кірді. Кейін 20 адам қосылды. Соңында 40-50 адамды бір сәтте жаттықтыратын деңгейге жеттік. Тікелей эфир барысында әрбір адамды мұқият қадағалап отыруға тырысамын. Жалпы, бұл оңай шаруа емес. Қиындығы көп. Бірақ білікті маман қандай жағдай болсын тығырықтан шығуы керек, – дейді Бауыржан Рысбек.
2016 жылы Рио Олимпиадасына қатысқан қазақ боксшыларының физиологиялық дайындығымен айналысқан Бауыржан Рысбек аз ғана уақыттың ішінде онлайн-жаттығуға арналған авторлық бағдарламасын да әзірлеп үлгеріпті.
– Онлайн-жаттығу жүргізуді әлі де жалғастырып жатырмын. Елдегі эпидемиялық ахуалдың қалай өзгеретіні белгісіз. Сондықтан қазір осы жұмысты қыста да жалғастырудың қамын жасап жатқан жайымыз бар. Пандемия өмірімізге көп өзгеріс енгізді ғой. Фитнес-индустрия да бағытын өзгертті. Әлемде онлайн-жаттығулар жедел дами бастады. Уақыт өте келе адамдардың көбі осыған көшуі мүмкін, – дейді Б.Рысбек.
Оның айтуынша, онлайн форматқа ойысудың бірнеше себебі бар.
– Біріншіден, клубта дайындалатын адам кәнігі робот секілді жұмыс істейді. Айтылған дүниені ғана қайталайды. Ал даладағы жаттығу әлдеқайда еркіндеу. Екіншіден, клубта жаттығатын адамдардың дені «дұрыс істеп жатырмын ба?», «Мыналар менен сымбаттырақ әрі күштірек» деп қысылып-қымтырылып жүреді. Ашық алаңдағы жаттығуда мұндай ойдан арыласыз. Үшіншіден, клубта ұлдар да, қыздар да бірге жаттығады. Демек, адамның ойы арагідік басқа дүниеге ауып кетеді. Төртіншіден, қазір қаланың кез келген ауласында жаттығу жасауға арналған орындар бар. Тер сіңген клубқа барудың қажеті шамалы, – дейді астаналық маман.
Өкінішке қарай, отандық фитнес-тренерлердің барлығы дерлік карантин уақытында тығырықтан шығудың амалын қарастырмаған сыңайлы. Әйтпесе әдепкі жұмысты ашық алаңда да жалғастыруға мүмкіндік бар екеніне көзіміз жетіп отыр. Мұны жалқаулық дейміз бе? Әлде кәсіби кемшілікке жатқызған жөн бе?
Сол секілді фитнес-клубтардың да әрекетсіздігіне таңғалуға болады. Әлемнің өзге елдеріндегі фитнес-индустрия бағытын өзгертіп амалдап жатқанда, отандық сала өкілдерінің омалып отырғаны түрлі ойға жетелейді. Қалай десек те, фитнес-индустрия енді бұрынғыдай болмайды. Пандемия фитнес-клубтардың өзін заман ағымына сай шынығуға шақырғандай...