• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Руханият 27 Қыркүйек, 2020

Оралда "Жұбан" қойылымының премьерасы өтті

641 рет
көрсетілді

Қазақтың көрнекті ақыны Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы аясында Хадиша Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театры "Жұбан" поэтикалық драмасының тұсауын кесті деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, Батыс Қазақстан облысында көрнекті қазақ ақындары Жұбан Молдағалиевтің 100 жылдығы мен Қадыр Мырза Әлінің 85 жылдығына орай кешенді шаралар өтіп жатыр.

Пандемияға байланысты көптен көрерменнің аяғы баспаған театр ғимараты бұл күні есігін айқара ашты. Арнайы шақырумен келген меймандар санитарлық-гигиеналық талаптарды сақтай отырып, қос ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған көрмені тамашалады. Театр фойесінде «Жұбан Молдағалиев» атты энциклопедияның таныстырылымы өтті. Энциклопедияның бас редакторы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаевтың айтуынша, бұл кітапта ақын шығармашылығына қатысты 2 мыңнан аса мақала, 500-ден аса елдімекен, жер атаулары, 300-ден аса жұбантануға қатысты тұлға туралы мәлімет жинақталған.

- Мына қысталаң заманда ақын тойы кеңінен аталып өтіп жатыр. Кешеден бері ұйымдастырылған шаралардың мазмұны өте бай, мағынасы терең. Ал мына энциклопедия Жұбан ағаның өмірі мен творчествосының барлық саласын қамтыған, халыққа керекті, жұбантанушылар қолынан тастамайтын салмақты жұмыс болған екен. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген шығармашылық ұжымды және оны қолдаған облыс басшылығына ризащылық білдіремін, – деді Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.

«Жұбан» поэтикалық драмасы ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ақұштап Бақтыгереева мен драматург Мәдина Омарованың сценариімен әзірленіп жатқанын бұрын хабарлаған болатынбыз.

Спектакль Жұбан ақынның әйгілі Желтоқсан оқиғасында Колбиннің алдында сөз сөйлеген жиналыс көрінісінен басталады. Халқына жасалған қиянатқа араша түсіп, мінбеге шыққан ақынның ішкі жан күйзелісі әсерлі берілген. Оқиға бірте-бірте ақынның бала кезіне ауысып, кейіпкердің әділетті де қайсар мінезі қалай қалыптасқаны суреттеледі. Қойылым режиссері Гауһар Адай, суретшісі Гүлдана Жұрқабаева, сазын дайындаған Армат Шакиров және артистер ұжымы ақын тағдырын, заман шындығын барынша шынайы бейнелеуге тырысқан. Қойылымдағы ролдерді Теміржан Матаев, Жанаргүл Құрманғалиева, Бибігүл Исалиева, Жасқайрат Валиуллаев, Құралбек Қатшаев, Дулат Оқасов, Эльмира Мақашева, Жылқыбай Жұбатов, Хорлан Шамелова, Ербол Есендосов, Салауат Түменов, Жамбыл Заевтар сомдаған.

- Бүгін – өнер күні, той күні, тарихи күн! Бұл қойылым өмірден өнер жасап, халыққа көрсетіп, көрерменге ой тастап, халқымыздың өткенін көз алдымыздан өткізгені анық. Әртістер жанын салып ойнады. Қойылым өте ықшам, даланың өмірі, Жұбанның жастығы көрінген. Мен Жұбан ағаның Колбиннің алдында сөйлеген сөзіне куә болған адаммын. «Мен мұндайды көргенше анау соғыстан қайтпай қалғаным жақсы еді» деген сөзді айту ол кезде Жұбанның ғана қолынан келген еді. Өйткені шындықты айту, шындықпен өмір сүру өте қиын. Сондықтан осындай қойылымды дүниеге әкелген Хадиша театрының ұжымын құттықтаймын, - деді Қазақстанның Халық артисі, Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов.

Айта кетейік, осы күні Жұбан мен Қадырдыңмерейтойына арналған «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық ақындар айтысы да қорытындыланды. Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, айтысқа Қазақстанның әр өңірінен келген 16 ақын, 8 жұп қатысты. Екі күнге созылған дода көрерменсіз, телевизиялық форматта өтті. Қазақстанның Еңбек Ері Асанәлі Әшімов бастаған қазылар алқасының шешімімен республикалық сайыстың 1,5 миллион теңгелік бас жүлдесі түркістандық Бекарыс Шойбековке бұйырды. Қарағанды облысынан келгенТөлеген Жаманов – бірінші орын, қызылордалық Мұхтар Ниязов пен батысқазақстандық Жансая Мусина екінші орын иесі атанды. Оларға 1 млн және 500 мың теңгеден жүлде берілді. Жымпитылық ақын Бауыржан Ширмединұлы мен алматылық Қазірет Бердіхан үшінші жүлдені бөлісіп, 400 мың теңгеге ие болды. Атыраулық Фариза Жетпісбаева,павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, қостанайлық Айбек Қалиевтерге Асанәлі Әшімов атындағы өнерді қолдау қорының 300 мың теңгелік арнайы сыйлығы берілді.

Бұл күні Махамбет Өтемісұлы атындағы Батыс Қазақстан университетінде «Жұбан жырлары – ғасыр үні» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтсе, Хамза Есенжанов атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасында Қадыр мырза Әлінің өмірі мен шығармашылығына арналған кездесу ақынның жары Салтанат мырзалиеваның қатысуымен ұйымдастырылды.  

 

Суретті түсірген Рафхат Халелов

Батыс Қазақстан облысы