Бұл сәулелі сәт қазақ баспасөзінің баһадүрі Шерхан Мұртазаның 80 жылдық мерейтойы қарсаңында болып еді. Жас журналистің санасына зор сілкініс жасаған сол бір жүздесу, аңыз адамның жарқын бейнесі күні кешегідей көз алдымызда. Ал айтқан тағылымды ойлары жүректен өшпестей болып көңіл түкпірінде мәңгілікке жатталып қалды.
…Көліктен түсіп, Тараздың төріндегі қаламгердің қарашаңырағын бетке алғанда, бойымызды толқыныстан бұрын қорқыныш биледі. Қалайша қорықпайық, маңдайымызға ұлтшылдардың ұлтшылы, бүгінгінің Тұрары атанып кеткен реформашыл редактормен жүзбе-жүз кездесудің, көкейдегі сан сауалға жауап алудың мүмкіндігі мен үлкен жауапкершілігі жүктеліп тұрса. «Ұлып айтқанша, тіліп айт!» деп жазушының өзі айтатындай, сөзі мірдің оғындай қазақ көркемсөзі мен көсемсөзінің қызыл жебесі біз келгенде есік алдында жүргелі тұрған көлік ішінде отыр екен. Уақытында үлгеріппіз. Алаштың асқар таудай ақсақалына сәлем беріп, бір күн бойы жанына еріп, «Шерағаңның жолымен» жүруге рұқсат сұрадық. Толқыныстан дірілдеп шыққан үніміз бен кібіртіктеп шыққан сөзіміздегі балалық аңғалдықты аңғарды ма, әлде тағылымды тұлғаның ғибратты ғұмырынан тәлім алсақ деген талпынысымыз бен қиыла өтінген ұсынысымыз ұнады ма, әуелгі қатқыл жүзінде жылу пайда болды. Жарқырай бір жымиып алды да, көліктің артқы бөлігіндегі орынды нұсқады. Қобалжып барған қорқынышымызды ақылгөй ақсақалдың дарқан көңілі, дария ақылы бір-ақ сәтте серпіп тастады. Журналист пен респондент емес, әріптес, қала берді ата мен немере болып әсерлі әңгіменің тиегін ағыттық.
– Ата, жүріп өткен жолыңызға сексеннің сеңгірінен көз салғанда не көресіз? Өкінішіңіз көп пе екен, әлде қуанышыңыз ба?
– Е-е-е-еһ!.. – деп ата өткен күндердің елесін көз алдынан өткізгендей бір сәт үнсіз қалып, алысқа ойлана көз тастады.
– Тепе-тең деп айта алмаймын. Мен азапты көп көрген адаммын. Менің заманым қалың шеңгелдің арасынан жалаң аяқ, жалаң бұт жүгіріп өткенмен бірдей сондай қиын кезең еді… Балалықтың дәуірін білмей өттік. Әкемді «Халық жауы» деп тұтқындап әкетіп, бес жасымда жетім қалдым. Тартпаған азабымыз, дәуірі туып тұрған әсіреұраншыл, жағымпаз атқамінерлердің көрсетпеген қорлығы жоқ. Барлығына төздік, жанымыз шырқырап жүріп шыдадық. Ондай пәле, тіпті түске де кірмей-ақ қойсын деп армандайсың. Құдайға шүкір, бейбіт күннің таңы атты. Бақыт деген осы тыныштық. Соған тәубе дейміз. Бірақ заман өзгеріп, қиындап кетсе, сол жаман. Болашақта ел басына қандай күн туады, басшысы кім болады, бүгінде қоғамға тым дендеп еніп келе жатқан матриархат заманы келетін болса, оның дидарын қалай көреміз, қандай сипат алады? Осындай сауалдар жиі толғантады. Әрине, жер басып жүрген адам бәрін де көреді. Тірі жүрсек болғаны, тілек сол… Жас болса келген, әлі көп өмір сүремін, алда ұзақ ғұмыр бар деп айта алмайсың. Дәм-тұзымыздың таусылуына қанша қалғаны бір Аллаға ғана аян. Қашан дүние бітеді, сонда барлығы да таусылады. Қартайған шақта еліміз алауыздықтан алшақ болып, рухани тұтастықта ғұмыр кешсе, мен үшін бақыт деген сол.
– Сіздің еліміздің белді газеттеріне басшылық еткен кезіңіз кеңес кезеңінен қылышынан қан тамған, талаптың қатал кезімен тұспа-тұс келді. Соған қарамастан газет бетінде өткір-өткір материалдар шығып жатты. Сондайда билік тарапынан қысым көрген кездеріңіз болды ма?
– ЦК-ға жамандап жеткізілетін арыздар қарша борап жатты. Сол жаман хаттардың зардабын да көрдік. ЦК ол кезде әр хатқа жауап күтетін, пышақтың жүзінде жүргендей болатынбыз.
– Қалай ақталатын едіңіздер сонда? Тайқып кететіндей кездер болмады ма?
– Құдай сақтасын ондайдан. Ақталамыз деп ақиқаттан аттаған кезіміз жоқ. Шындықты айттық, жаздық. Басқа ешқандай жазығымыз жоқ біздің. Талай рет ескертулер айтылды, сөгіс те берілді. Орнымыздан алынып қалатын уақыттар да болды. Не істейсің енді? Шындықтың аты – шындық!
– Қазіргі қоғамның даму үрдісіне өзіңіздің көңіліңіз тола ма?
– Заман бұзылыңқырап бара жатқан сияқты. Бостандық көп. Демократия жақсы дегенменен, қазір адамдардың көбісінде өз басының қамын ойлау көбейіп кетті. Бірақ келешектен үмітті үзбеу керек, болашақта барлығы да оңалар. Осымен бәрі бітті, әлем түгелденді деп және айтуға болмайды. Әлі қайда? Заман не бір түрлі құлпырады, неше түрлі өзгереді. Қазаққа жалғыз-ақ дүние – қазақтың кеңпейілі жетіспейді. Өкінішке қарай, осы бір тамаша қасиетімізді жоғалтып алдық. Қазір жанталасып жүргендердің көпшілігінің тірлігі отбасы, ошақ қасы, үй-жай, қора-қопсының маңайынан ұзай алмайды, бәрі қу құлқынның қамымен әуре. Ұлт келешегін ойлап, ел үшін қызмет ететін біреуі болсайшы. Тіпті біреудің үйіне біреу кіру дейтін, сөйлесіп пікірлесу дейтін нәрсе азайған, тіпті жоқ десе де болғандай. Көрші отырып бір-бірін танымайтын адамдар жеткілікті. Құдайға шүкір, ауламда араласатын көршілерімнің барына шүкіршілік етемін бүгінгі қатыгез қоғамда. Тым болмаса, мына Широ дейтін азаматпен (атаның құрметіне Шерхан есімін иеленген көрші үйдің үш жасар бүлдіршінін айтып отыр) терезе арқылы сөйлесеміз. Сол жерден беретін нәрсемізді беріп, алатын дүниемізді аламыз. Кішігірім алыс-беріс болады біздің арамызда (күліп алды). Мұның барлығы ұлтымызда байырғыдан келе жатқан нәрселер ғой. Осыны жойып алдық. Қазір бұлай ағынан жарылып, бір-бірімен ашық әңгімелесіп, бір-бірін қонаққа шақырып, дәм татысып жатқандарды білмеймін мен. Осы бір жатбауырлықтан қорқамын. Е-е-е… Бұл да дүниенің бір кемдігі ғой…
…Осылай деді де, терең ойдың тұңғиығына шомған ақсақал үнсіз қалды. Арада біршама уақыт өткенде қолына таяғын алып, есікке беттеді. Үндемей ғана соңынан ердім. «Жүре ғой, айналайын, әңгімені әрі қарай дастарқан басында жалғастырайық», деді. Атаға еріп қарашаңыраққа имене кірдік. Жарығы мол түскен үш бөлмелі кең пәтер екен. Қонақ бөлмесінің ортасына мол етіп жайылған үлкен үстелді жағалай отырдық. Бір таңғалғаным, қаламгер өмірінде, тіпті бір рет те ас үйге аяқ басып көрмепті. Қазан-ошақ, кесе-шәйнекке араласу да ақсүйек болмысты ақсақал үшін жат. Байқағанымыздай, дастарқанды үнемі қонақ бөлмесіне жайдыртады екен. Қаймана қазақтың қадірлісіне айналған кемеңгер қариямен қатарласа отырып, үлкен астан дәм таттық. Үстел басында да талай тағылымды әңгіменің тиегі ағытылды. Сөз соңында атадан, Алаштың абыз ақсақалынан бата сұрадық.
– Ақсақал дейсің бе? Ақсақал деген үлкен жауапкершілік қой. Қарияның ақсақалы да, шалы да болады. Шал деген сайтанның бір синонимі, жаман сөз. Ондайды қазақ «қу сақал» дейді. Ал ақсақал имандылықпен астасады. Әрине, Алашта шалдың емес, ақсақалдың көп болғаны дұрыс. Ал енді болашақ журналистерге келсек, жақсы журналиске ең алдымен талант керек. Терең ойланып және сол ойын халыққа ұнайтындай етіп жаза, айта білуі тиіс. Журналистің басты міндеті – шындық екенін ешқашан естен шығармаңдар, ақиқаттан аттамаңдар. Жалтақ емес, жасампаз болыңдар, батыл болыңдар! Сонда абыройлы боласыңдар. Шындық – жазушының, журналистің анасы. Осыны естен шығармау керек. Өздеріңдей жастардың талабын көргенде, еткен еңбегіміз еш кетпепті дейсің іштей риза болып, бір марқайып қаласың. Осындайда өмір сүре бергің келеді. Адамдар көңіліңді көтереді. Жасарып кеткің келеді. Барлығың аман болыңдар. Бастарыңа бақ қонсын. Ешқашан да қартайып, шаршамаңдар. Аман, сау-саламат, жан-жағымыз түгел болып, ағайын-туғанменен, елмен, халықпен бірге жасай беріңдер! – деп ақжарма көңілін ақтара ақ батасын берген ақсақал бізді есікке дейін өзі шығарып салды. Қаламгердің қолтаңбасы қойылған бірнеше кітабын қолтығымызға қыса, қазақ баспасөзінің баһадүрімен қимай қоштастық...
...Енді міне, сол сәулелі сәттер сананы тербер сағынышқа айналды.