• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Кәсіпқой бокс 28 Қыркүйек, 2020

Әлемде топ бастар боксшымыз жоқ

1010 рет
көрсетілді

Әуесқойлар арасында әлемдік бокс державасы саналатын Қазақстан кейінгі екі-үш жылда қарқынын бәсеңдетіп алды. Боксшыларымыз кейбір халықаралық жарыстардан мүлде жүлдесіз оралып жүр. Отандық былғары қолғап шеберлерінің сүреңсіз нәтижелері әлемдік рейтингтегі орындарына да кері әсерін тигізіп жатыр. Мәселен, жуырда АИБА әлем боксшыларының рейтингін жаңартты. Ғалым Кенжебаев басшылық ететін Қазақстан ұлттық құрамасының боксшылары орналасқан тізімге көз жүгіртсеңіз, бірде-бір өреніміз өз салмағында көш бастап тұрмағанын көресіз.

 

Бокс жанкүйерлері білетіндей, былтыр Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) ерлер арасындағы салмақ дәрежелерін қайта қарап, Олимпиада бағдарламасынан екі салмақты алып тастаған бола­тын. Сондықтан тек Олимпия ойын­дарының бағдарламасына енген салмақтағы боксшылардың рей­тингіне тоқталғанды жөн көрдік.

Әңгімеміздің «әлқиссасын» өз өрендерімізден бастайық. 52 кило салмақта былтыр Ресейде өткен әлем чемпионатында қола жүлде олжалаған Сәкен Бибосынов рейтингте небәрі тоғызыншы орында тұр. Бибосынов осы жылдың нау­рыз айында Амманда (Иордания) өткен Токио Олимпиадасына жол­дама беруші Азия және Тынық мұхиты аймағы турниріне қаты­сып, Токио Олимпиадасына жолдама жеңіп алған. Әзірше бұл сал­мақта Сәкеннен басқа ешбір бокс­шымыз ТОП-40 боксшының қатарында жоқ.

57 кило салмақта 2016 жылғы Рио Олимпиадасына қатысушы, 2017 жылы Германияда өткен әлем чемпионатының жеңімпазы Қайрат Ерәлиев ТОП-10 бокс­шының ішінде алтыншы орынға жайғасқан. Кейінгі жылдары Ерәлиевтің жолы болмай жүр­генін жанкүйерлер де, ұлттық құр­а­маның бапкерлері де жақсы біледі. Былтырғы әлем чемпионатында Ерәлиев үш жыл бұрынғы әлем чемпионы атағын қорғай алмай, ширек финалда жеңілді. Осын­дай сәтсіздіктен кейін бапкерлер Олимпиадаға жолдама беруші жарысқа халықаралық тур­нирлерде аты шыға қоймаған павлодарлық 22 жастағы Серік Теміржановты апарды. Мұндай мүмкіндік күнде бола бермейтінін білген Теміржанов ә дегеннен байрақты бәсекенің финалына дейін жетіп, күміс медаль мен Олим­пиада жолдамасын иеленді. Өкінішке қарай, бұл боксшымыз шетелдік жарыстарда нәтиже көр­сетпегендіктен, рейтингке енбей қалды.

63 кило салмақта екі бірдей боксшымыз үздік 20 боксшының қатарына еніп отыр. Олар – Зәкір Сафиуллин мен Санатәлі Төл­таев. Қазіргі кезде Зәкір сегізін­ші, Санатәлі 18-орында тұр. Әри­не, әлем чемпионатына қаты­суға мүмкіндік алған Сафиул­линнің рейтингте жоғары тұруы заңдылық. Оның үстіне ол Амман­дағы турнирге қатысып, Токио Олимпиадасының жолдамасын қоржынына салып қойған.

Олимпия ойындарында «қа­зақтың салмағы» атанып кеткен 69 килода да жағдайымыз аса мәз емес. Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауысқан соң бұл салмаққа Абылайхан Жүсіпов иелік етті. Бірақ Данияр жеткен жетістікке Абылайхан жете алмай келеді. Өз кезегінде Елеусінов бірнеше жыл бойы осы салмақтың көшін бастағанын тек қазақ жанкүйерлері ғана емес, дүние жүзінің бокс сүйер қауымы жақсы біледі. Кейінгі екі әлем чемпионатына қатысып, қола жүлде еншілеген боксшымыз қазіргі уақытта рейтингтің сегізінші сатысына жайғасқан.

75 кило салмақта қазақстандық боксшылар арасында бірнеше ай бұрын ғана кәсіпқой боксқа ауысқан Тұрсынбай Құлахмет жақсы нәтижеге ие. Осы сал­мақтың бірінші нөмірі саналатын Әбілхан Аманқұл жарақатына байланысты саптан шығып қалғанда Тұрсынбай әріптесінің орнын жоқтатқан жоқ. Алғаш Азия біріншілігінде топ жарса, кейіннен әлем чемпионатында күміс жүлде иеленді. Осы жетістігінің арқасында ол рейтингте үшінші орында тұр. Ал жарақатынан айығып, құрамаға оралған Әбілхан Аммандағы жарыста күміспен күптеліп, Олим­пиаданың жолдамасын иеленген болатын.

81 килода да дәл осындай жағ­дай. Жарақат алып, біраз уақыт қатардан шығып қалған құрама үздігі Бек Нұрмағанбеттің орнына әлем чемпионатына барған Бекзат Нұрдәулетов былтыр бокс әлемінде сенсация жасады. Жаһандық додада өзге боксшылардың тасасында қалып, еленбей қалған Бекзат Ресейге бір бармағы бүгулі барған екен. Іріктеу кезеңінен бастап, финалға дейін қарсыластарын айқын жеңді. Тіпті, жартылай финалда бірнеше жыл бойы жеңіл­мей келе жатқан әлемнің үш дүр­кін чемпионы, Куба қабыланы Ла Круздың өзін есеңгіретіп таста­ғанын әлем жұрты көрді. Осы жеңісінің арқасында Бекзат әлем­дік рейтингтің екінші сатысына бір-ақ жоғарылады.

91 кило салмақ дәрежесіндегі жерлесіміз Василий Левиттің де жағдайы  жақсы деп айта алмаймыз. Былтыр Азия чемпиона­ты­ның жартылай финалында оңтүс­тіккореялық боксшы Ким Хен Гюден жеңілген соң, әлем чемпионатында жүлдегерлер қатарына кіріп, жағдайын аз да болса реттегендей болды. Қазір ол рейтингте төртінші орында тұр.

Аса ауыр салмақтағы Қамшы­бек Қоңқабаевтың өнерін бас бармақпен бағалауға әбден болады. Екі бірдей әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүл­десін еншілеген ол рейтингте екін­ші орынға жайғасқан. Бүгінде отан­дасымыз келесі жылғы Токио Олимпиадасында топ жару және кәсіби дәрежеде шыңдалу үшін кәсіпқой бокста өнер көрсетіп жүр.

Өзге мемлекет өкілдерінің нәтижесіне үңілер болсақ, бүгінгі таңда Куба, Ресей және Өзбекстан боксшыларының қарқыны өте күшті екенін байқаймыз. Аталған елдердің екі боксшысы әлемдік рейтингте көш бастап тұр.

 

Әлемдік рейтингтегі ең үздік боксшылардың алғашқы үштігі

52 кило: 1. Амит Пангал (Үн­діс­тан), 2. Шахобиддин Зоиров (Өз­бекс­тан), 3. Даниел Асенов (Бо­лгария).

57 кило: 1. Миразизбек Мирза­халилов (Өзбекстан), 2. Курт Уол­кер (Ирландия), 3. Питер Мак­грейл (Англия).

63 кило: 1. Энди Крус (Куба), 2. Оганес Бачков (Армения), 3. Кей­шон Дэвис (АҚШ).

69 кило: 1. Пэт Маккормак (Ан­глия), 2. Роньель Иглесиас (Куба), 3. Андрей Замковой (Ресей).

75 кило: 1. Глеб Бакши (Ре­сей), 2. Арлен Лопес (Куба), 3. Тұрсын­бай Құлахмет (Қазақстан).

81 кило: 1. Хулио Сесар Ла Крус (Куба), 2. Бекзат Нұрдәулетов (Қа­зақ­стан), 3. Бенджамин Уитта­кер (Англия).

91 кило: 1. Муслим Гаджима­гомедов (Ресей), 2. Хулио Кастильо (Эквадор), 3. Эрисланди Савон (Куба).

+ 91 кило: 1. Баходир Жалолов (Өз­бекстан), 2. Қамшыбек Қоңқа­баев (Қазақстан), 3. Ричард Торрез (АҚШ).