Түпқараған ауданының Аташ ауылынан шыққан «біртүрлі» хабар лезде қанатын кеңге жайып, ел аралап кетті. Жақында ғана итбалықты сабады деп даңқы «дәуірлеп» ала жөнелген Маңғыстаудың атын екінші рет «аспандатқан» «теңдесі жоқ» жол құрылысы болды.
Бұл ауыл ішіне жол салуды көптен күткен аташтықтардың заманға сай жаңарып жатқан екінші жолы болатын. Мамандардың айтуынша, жол салудың өзіндік тәртіп-талабына сай төселіп басталған жолды көшенің қақ ортасында кездескен газ құбырларының өткелі тура жолдан тайдырыпты. Жол төсеушілер алдынан көлденең шыққан газ құбырын көзге ілместен көктей басып өтіп, құбырлардың түбін теп-тегіс етіп шегендеп тастады. Мердігер мекеме басшылығы мен жол төсеушілер құбыры қақ ортада қалған жолда қозғалыс қалай болатынын қандай ұшқырлықпен ойластырғанын өздері біледі. Ал қалың жұрт әжуаға айналдырып ала жөнелді.
Артынша Аташ ауылындағы Б.Ақсамбаев көшесіне жол төсеу барысындағы орын алған келеңсіздікке байланысты Түпқараған аудандық әкімдігі «2020 жылдың 23 қыркүйегінде сағат 18:30 шамасында ауылішілік жол құрылысымен айналысушы мердігер мекеме «Бек-АқтауГазСнаб» ЖШС тарапынан жұмыс аяғында бақылаушы жауапты тұлғаның болмауына байланысты алдағы уақытта ауыстырылуға жататын газ құбырының үстінен асфальт төсеп кеткен.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Жеткізгеновтің газ құбырының қорғау аймағына жататын 5 метр (екі жағынан 10 метр) жерді қалдырып кету туралы алдын ала ескертуіне қарамастан, мердігер мекеме тарапынан өрескел қателікке жол берілген. Осыған байланысты мердігер мекеме сол түні төселген асфальт жабындысын алып тастады. Мердігер мекеме кеткен қателіктері үшін жауапкершілікті толығымен өз мойындарына алды. Аталған жұмыстарды қалпына келтіру мердігер мекеме тарапынан жүргізіледі. Сондай-ақ «ҚазТрансГазАймақ» АҚ қабылданған техникалық шарт талаптарына сәйкес газ құбыры ауыстырылады. Ауылішілік жолдың аталған бөлігін асфальттау газ құбырын ауыстырғаннан кейін жүргізіледі», деген түсінік берді.
Түсінік беру оңай, әлі кеппеген жолды тас-талқан етіп бұзу да оңай. Бірақ бюджеттен бөлінген қаржыны желге ұшырып, жолдың көпе-көрінеу құбырларды баса-көктеп төселуіне не себеп? Жұртшылық жол бойындағы мұндай өрескел қателіктердің өзге ауылдардан да кездесетінін айтып жатыр. Тіпті осы ауданның Сайын ауылында бір кездері жаяу жүргіншілер жолына аттап өтерліктей биіктікте көлденең газ құбырлары тартылған. Тұрғындардың бірі оның астынан ерінбей еңкейіп өтсе, екіншісі аттап өтем деп аунап түскен кездері болған екен. Бірақ көпшіліктің талабымен кейін жөнделген. Сонда тұрғындар шу көтермесе, құзырлы органдар «сен тимесең, мен тимен» деп отыра бере ме? Неге жол салынатын жер алдын ала дайындалып, өлшеніп-пішіліп, жолындағы кедергілер алдын ала алынбайды деген сауал туындайды. Газ құбырларын алу оңай жұмыс емес, тіпті бірнеше айға созылуы мүмкін. Қалай болғанда да тап бүгінгі «түпқарағандық үлгіде» жол салынбайтыны анық қой...
Сондай-ақ мәселенің мән-жайын білу үшін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері жұмыс сапарымен Аташқа барды. «ҚазГазТрансАймақ» АҚ-на тиесілі газ құбыры бәз-баяғыша көлік жолының қақ ортасында тұр. Б.Ақсамбаев көшесіне жаңадан жол төсеуді мойнына алған мердігер «Бек-АктауГазСнаб» серіктестігінің жұмысшылары құбыр маңындағы асфальтты күреп тастап, жолдың екі бетіне арнайы белгілер қойған. Бұл жерде жол белгілерінің түсі заң бойынша сары түстес болуы керек. Өз кезегінде мердігер мекеме басшылығының тағы бір қателігі байқалды.
«Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының қызметкерлері Түпқараған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесі, техникалық қадағалау бөлімі, сондай-ақ мердігер серіктестік өкілдері келісімімен жол материалының қалыңдығына көз жеткізу мақсатында асфальт жолдың ұзындығын өлшеп, бір сынама (керн) алған. Техникалық регламент талаптарына сәйкес асфальт жабындының суып, қатуына 2-3 тәулік уақыт керек болғандықтан, келесі аптада жол сапасын бақылаушылар Аташ ауылына тағы келіп, сынамалар алуды жоспарлап отыр.
«Бұл жерде кемшілік көп. Әрқайсысына жеке-дара тоқсалсақ, жолды салмас бұрын жобалау кезінде көше бойынша төмен қысымды газ құбыры тұрғаны мүлдем ескерілмеген. Ауылды көгілдір отынмен жабдықтаушы мекемеге оны жылжыту туралы техникалық талаптар жіберілмеген. Жобалау жұмыстарымен «CASPIY & DIFA» серіктестігі шұғылданған. Олар жіберген олқылық газ құбырын монтаждау жұмыстарына қажет қаржының сметалық құжаттарға қосылмай қалуына әкеп соққанын көріп тұрмыз», дейді «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Маңғыстау филиалының директоры Елтай Таялиев.
Б.Ақсамбаев көшесіне асфальт төсеуге тапсырыс беруші Түпқараған аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкерлері өз қателіктерін кейін түсініп, төмен қысымды газ құбырымен түйісетін жолға тиісті талаптарды алу үшін техникалық қадағалау бөліміне хат жолдапты.
Жауапсыздыққа бой алдырған тұлғалардың даулы жобаны бекітіп әрі қаржыландыруы, оны мақсатты игеруді заң жүзінде қаншалықты дұрыс атқарғанын құзырлы органдардың анықтары сөзсіз.
Мақала нүктесі қойылар сәтте Түпқараған ауданы әкімінің орынбасары Ж.Қайнарбаевтан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы А.Жеткізгеновтің қызметтен босатылғанын және аталған жағдайға байланысты құзырлы органдар тарапынан тексеру жұмыстары басталғанын білдік.
Маңғыстау облысы