• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Туризм 30 Қыркүйек, 2020

Шыңдар шақырады

666 рет
көрсетілді

Шыңға өрмелеу спорты – елімізде белсенді демалыстың қарқынды дамып келе жатқан жаңа түрі. Шыңдар мен жартастардағы арнайы жабдықталған бағдарлар Еуропадағыдай көп болмаса да, олардың қатары әуесқойлардың талап-талпынысының арқасында жыл сайын жаңа нысанмен толығуда. Табиғат жаратқан «жанды» жартастарға еркін өрмелеудің кәсіби спортшылармен қатар, белсенді демалысты таңдайтын саяхатшылар үшін де тартымдылығы жоғары.

Шыңға өрмелеу тақырыбы өзіңізге тым таңсық болғанына қара­мастан, осы спорт түрімен шұ­ғылданып, өзіңізді сынап көр­гіңіз келсе, еліміздің жасанды құз-жартастармен жабдықталған спорт кешендеріне барып, атал­ған саламен танысуға болады. Шың­ға өрмелеуден спорт шебері ата­ғына үміткер, алматылық клуб­тардың бірінде бағдарларды құру­шы, жаттықтырушы Валерий Алек­сеев осы салада 10 жылға ж­уық еңбек етіп, сүйікті ісін көп­шілікке насихаттап жүрген азамат.

– «Еуропалықтар көбінесе өз бетінше «жабайы» саяхатты таң­дағанды жөн көреді. Осы тұста, еліміздегі инфрақұрылымның да­муы енді-енді алға басып, жақ­сарып жатқанын ескерсек, турис­терге жартастар мен шыңдардың жағдайы, көлікпен қамтылуы жә­не де­малыс орындары жайын­дағы бар ақпаратты алдын ала жинауға кеңес береміз. Егер саяхат жан-жақты әрі сауатты жоспарланатын болса, жоғарыда аталғанның еш­бірі қиындық туғызбайды. Ке­рісінше, табиғат аясында тыны­ғып, қаптаған қарбаластан бой жа­зуға керемет жағдай жасайды,  – дейді ол.

Қазақстандағы ең танымал әрі қолжетімді шыңды аймақтар Ал­маты маңына шоғырланған. Іле Алатауында өрмелеуге арналған үш ірі сектор бар. Олар: Бутаков сар­­­қырамасы, Тұйықсудағы Мек­теп жар­тасы және Октябренок шыңы.

Бұрындары Бутаков сарқыра­масының шыңына тек жоғары сақтандыру арқылы өрмелеген. Валерий Алексеевтің арқасында соңғы жеті жыл бойы төменгі сақ­тандыруға бейімделген (қиын­дығына қарай) 12 бағдар ұйым­дастырылды. Жолдар айтарлықтай күрделі, 6b+ және одан да жоғары санаттарға жіктеліп, тәжірибесі аз спортшыларға арналмаған. Вале­рийдің айтуы бойынша аймақтың әлеуеті жақсы және уақыт өте келе бұл жерде жаңа жолдар пай­да болуы әбден мүмкін. Тұ­йық­судағы Мектеп жартасына ресейлік шыңға өрмелеуші Александр Кленов он жылдық қажырлы еңбегін арнаған. Соның нәтижесінде күрделілігі 5с-дан басталып 6с-ға жететін бес жол салынды. Олар шыңға өрмелеу спортына жаңадан қадам басқан жандар үшін керемет жаттығу алаңына айналды. Бұл жолдар өрмелеу техникасын үйреніп, жетілдіруге өте ыңғайлы.

Мектеп жартасының оң жа­ғында әртүрлі күрделілік санатына жіктелетін жеті бағдары бар Ок­тябренок шыңы орналасқан. Ең қарапайымы – 5с болса, ең қиыны – 8а. Соңғысы Қазақстандағы ең жоғарғы күрделілік көрсеткішіне ие. Мұндағы тау жыныстары өр­мелеуге өте қолайлы – мұз да, қар да жоқ.

Шыңға өрмелеу үшін ең оң­тайлы кезең шілде-тамыз айларына тұспа-тұс келеді. Бар Қазақ даласын аптап ыстық жайлаған уақытта, бұл жер салқын самалы мен сая болар көлеңкесімен еліктіреді. Қыркүйек-қазан айларында саяхат мерзімін ауа райына қарай икемдеуге болады.

Үлкен Алматы көліндегі боул­деринг (санаулы тосқауылдар арқылы шыңға өрмелеп жету) жайлы ерекше айта кету керек. Бұл жердің сұлулығы сонша, көз тоймас табиғат пен альпілік шал­ғындар қос алақаныңызға сыйып кеткендей ғажап күйге бөле­не­сіз. Бұл бағдарлар негізінен тә­жірибелі спортшыларға арналған.

 

Іледегі Тамғалы тас жартасы

Шыңға өрмелеудің ең танымал орындарының бірі – Алма­тыдан 110 шақырым қашықта, Іле өзенінің шатқалында орналас­қан Тамғалы тас жартастары – отан­дық шыңға өрмелеу спор­тының тарихы басталған ең көне нысандардың бірі. Өткен ғасырдың 70-жылдарының өзін­де Тамғалы тас альпинистер мен шыңға өрмелеушілердің на­за­рына іліккен. Бұған дейін шың­ға өрмелеу жеке спорт түрі ретінде қабылданбай, альпинис­тер да­йындығының міндетті бө­лігі ғана болатын. Спортшылар шың­дар­ға тек жоғары сақтандырумен шық­қан. Бірақ заман өзгерді. Соң­ғы онжылдықта төменгі сақтан­дыру­мен өрмелеу өріс алып келеді. Қазірде осы өңірде ең жаңа заманауи құралдарды қолдану арқылы 50-ге жуық бағдар салынған. Бұл жол­дарды альпинист Кирилл Бело­церковский ашқан. 2013 жыл­дан бері спортшы жыл сайы­н жаңа жол құрып, аталмыш спорт­тың ауқымын кеңейтіп жүр. Бағ­дарлар ең қарапайымнан бас­тап, 7с, 7с+ күрделілік деңгейіне дейін түрленеді. Таңдау өз еркі­ңізде!

Шалғайда жатқан аймаққа тек автокөлікпен жетуге мүмкін­дік бар. Дүкен мен аурухана 40 шақырым қашықтағы Қапша­ғайдан ғана табылады. Шатыр құру­дың қыр-сырын ертерек мең­геріп алған дұрыс, себебі бас­қа орналасу орнын табуыңыз екі­талай. Ұялы байланыс тек жол бойында ғана қолжетімді, басқа жерде өркениеттің осы игілігінен де құр қалуыңыз ғажап емес. Там­­ғалы таста шыңға өрмелеуге ең қолайлы уақыт – наурыз-мамыр және қыркүйек-қазан ара­лығында.

 

Бектау ата – үздік боулдеринг алаңы

Бектау ата – Қазақ жазығының қақ ортасындағы таулы аймақ. Қарағанды облысында, Балқаш қаласынан солтүстікке қарай 70 шақырымда орналасқан. Осынау «сарғылт табақ» ғарыштан да ай­қын көрінеді деседі. Толқынды түрде қалыптасқан тау жыныстары боулдерингпен айналысуға тап­­тырмас орын. Биіктігі де өте қо­лайлы – 5 метрге дейін. Алаң­дары жазық.

– «Шатырларды қай жерге тік­сеңіз де, жартастарға өте жа­қын болады. Бағдарға жету үшін бар болғаны 5 минут шы­ғындайсыз. Ең алыс дегендердің өзіне 40 минутта жетуге болады. Бектаудағы өр­мелеу бағдарлары жыл сайын көбеюде. Қазіргі таңда біз өзіміз ашып, тазартып, сынап көрген 50-ден астам боул­дерингтік жол бар. Аумақ өте үлкен. Боулдерингті де, хай­кингті (белгіленіп да­йын­­дал­ған сүрлеуді бойлап жаяу өту) де, crack өрмелеуді (шың­дағы жарықтар арқылы өрме­леу) де жоғары деңгейде ұйым­дас­тырып, өркендету үшін бәрі бар. Мүмкіндіктер де жетерлік! Бел­­сенді кезең сәуірде басталып, маусымның басына дейін жал­ғасады. Кейін маса бұлттай төніп, күн райы да шыдатпас­тай ыстыққа ұласып кетуі ық­ти­мал. Қыркүйектің ортасы мен қа­ра­шаның соңына дейін «Алтын маусымның» құрметіне Бек­тау атаға қайта келсеңіз, еш өкін­бейсіз», дейді Валерий Алексеев.

Түйіндейтін болсақ, Қазақ­станда шыңға өрмелеу маусымы айтарлықтай ұзақ жалғасады. Жаздың күні аптап пен қапырық­тан бой тасалап, таудан пана таба аласыз. Күзде еш алаңсыз демалыс орталықтарын қайта далалы өлкеге «көшіруге» болады.

Жоғарыда сөз болған орын­дарға қоса, Ақмола облысындағы онға жуық өрмелеу бағдары бар Щучье-Бурабай курорттық айма­ғын, Түркістан облысындағы Ма­­шат шатқалы мен Сайрам-Өгем жотасын атап өтуге болады. Шыңға өрмелеу спортына қажет­ті бағдарлар мен сақтандыру жағ­дайы қажет дәрежеге жете қой­ма­ғанымен, бұл аудандардың да даму әлеуеті өте жоғары деп баға­ланады.

...Маусымаралық кезеңде спортшылар да, әуесқойлар да арнайы машықтану орталық­тарындағы жасанды құз-жартас­тарда өз дайындықтарын ұштап, біліктіліктерін арттыра алады. Мұн­дай спорттық орталықтар Нұр-Сұлтанда, Алматыда, Қара­ған­дыда жұмыс істейді. Басқа қала­ларда түрлі мемлекеттік мекемелерге қарасты арнайы залдар жаб­дықталған. Сол себепті шың басына жеткізер жаттығу «жолы» маусым да, орын да тал­ғамайды деу­ге толық негіз бар. Уақыты келгенде бірден та­биғи «жанды» шыңдар мен жар­тастарға қарай бет бұрған жөн. Шыңға өрмелеу – табиғатпен сыр бөлісер сұхбат, ортақ ойлы жан­дармен жолықтырып, күш-жігерді байқатар сынақ.