Ұлттық парктер аумағында туризмді дамыту – әсіресе пандемия жағдайында өзекті мәселе болып отыр. Көптеген қазақстандық өздері үшін табиғи аумақтардың сұлулығын жаңа қырынан ашқаны белгілі. Өкінішке қарай, туристерге әрдайым жеткілікті деңгейде қызмет көрсетілмейді, сондай-ақ туристер бұл нәзік экожүйелерде өздерін дұрыс ұстай білмейді.
Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті мен Kazakh Tourism ҰК АҚ осы қуатты табиғи және туристік ресурсты табысты дамыту үшін АҚШ-тың Ұлттық парктер қызметінің тәжірибесіне жүгінеді. Жуырда АҚШ-тағы ерекше қорғалатын аумақтарды басқарудың америкалық моделін пайдалана отырып, Қазақстанның ұлттық парктерінде экотуризмді дамытуға арналған онлайн режімдегі алғашқы жұмыс кездесуі өтті.
Іс-шараны АҚШ Ұлттық парктерін дамыту жөніндегі уәкілетті органның (АҚШ-тағы ұлттық парктерді дамыту жөніндегі уәкілетті орган) қолдауымен Kazakh Tourism ҰК АҚ және Сан-Францискодағы Қазақстанның Бас консулдығы ұйымдастырды. Руди Д’Алессандро, АҚШ Ұлттық парктер қызметінің Халықаралық істер жөніндегі басқармасы (Rudy D’Alessandro, Office of International Affairs, USNPS) қатысушылармен АҚШ-тағы ұлттық парктердің бизнес-процестерін басқару тәжірибесін бөлісті
«Ұлттық парктер қызметінің 14 мыңға жуық тұрақты қызметкері бар. Жұмысқа еріктілер де тартылады. Парк рейнджерлері келушілер үшін контент жасауға, заңдардың сақталуын қамтамасыз етуге немесе табиғи ресурстарды басқаруға мамандандырылуы мүмкін. Сондай-ақ паркте парк полициясы, өрт сөндіруші, биолог, эколог, тарихшы, қызмет көрсету инженері, сәулетші және өзге де көптеген қызметкер жұмыс істейді», деді Қ.Садуақасов.
Сонымен қатар Ұлттық парктердің қызметкерлері қазіргі уақытта жеке бизнеспен жыл сайын 1 миллиард доллардан астам сомаға қызмет көрсететін, 500-ден астам концессиялық келісімшарт жасалғанын атап өтті. Құрамына қалалық парктер кіретін Парктер қызметін қаржыландырудың, жалпы алғанда, 85%-ы бюджеттік түсімдерден тұрады.
Өз кезегінде, Kazakh Tourism ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қ.Сәдуақасов Қазақстанның ұлттық табиғи парктерінің туристік әлеуеті туралы айтып, америкалық әріптестермен тығыз қарым-қатынастың маңыздылығын атап өтті.
«Туристік саланы дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде мемлекеттік ұлттық табиғи парктерді басқарудың жаңа моделін енгізу көзделеді. Осыған байланысты, уәкілетті органдармен бірлесіп, қазақстандық тарап америкалық әріптестерінен ұлттық парктерді басқарудың табысты тәжірибесін алуға мүдделі. Сонымен қатар туристердің мәдениетін арттыру маңызды, бұл ретте америкалық әріптестердің біз зерттеп, қабылдағымыз келетін сәтті тәжірибелері бар».
Сөз сөйлеу барысында екі тараптан биоалуантүрлілікті сақтау мен туризмді дамыту арасындағы тепе-теңдікті сақтаудың маңыздылығына баса назар аударылды. Сонымен қатар АҚШ-та бала кішкентай кезінен бастап парктердегі мінез-құлық мәдениеті әртүрлі оқу бағдарламалары мен ойындар арқылы тәрбиеленеді.
Іс-шара қорытындысы бойынша тараптар тығыз ынтымақтастықты жалғастыруға және АҚШ Ұлттық парктерінде экологиялық туризмді жүзеге асыру заңнамасы, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік, рекреациялық жүктемені айқындау, ұлттық парктерге келушілер санын реттеу, волонтерлік қызметті жүзеге асыру және мектеп оқушыларын білім беру процесіне тарту тақырыптары бойынша онлайн-форматта бірқатар қосымша кездесу өткізуге келісім жасады.