Енді Қазақстанда түсірілетін фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы тікелей «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мәдениет және ақпарат министрлігінің қызметіне қатысты, сондай-ақ басқа да бірқатар маңызды жаңашылдықты қамтитын заңға қол қойған еді. Осы тұста сала министрі Аида Балаева ведомство жұмысына қатысты мәлімдеме жасады.
Министрдің айтуынша, Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы өзінің жаңа даму кезеңіне қадам басқалы тұр.
«Енді елімізде түсірілетін фильмдерді қаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы тікелей «Қазақфильмге» бағытталады. Бұл киностудияның жұмысы тиімді әрі қаржылық тұрғыдан тұрақты болуына мүмкіндік береді.
Өкінішке қарай, киностудияда болып жатқан оң өзгерістерге көңілі толмайтын киногерлер де жоқ емес. Әрине, ашықтық пен жариялыққа, кіру режимін қатаңдатуға, киностудия қызметінің тиімділігін тексеруге бағытталған қаржылық реформалар барлығына бірдей ұнай бермейді», деді Аида Балаева.
Бұл ретте министр киностудия – мемлекеттік нысан екенін еске салып, оның арнайы ережелері болуы заңды екенін жеткізді. Бұған студия аумағында қымбат құрал-жабдықтар мен мәдени мұра объектілері орналасқаны да себеп болып отыр.
«Қаржылық мәселеге келер болсақ, тиімді менеджмент құрал-жабдықтар мен үй-жайларды жалға беру киностудияның мүддесіне сай жүзеге аспағанын көрсетті. Көптеген жеке компаниялар «Қазақфильмде» коммерциялық фильмдер түсіргенімен, ондағы табыс киностудия бюджетіне түспеген.
Коммерциялық аумақтарға аудит жүргізу кезінде де жалға алу құнын бекітуде таңдамалы тәсілдер болғаны анықталды. Мәселен, екі келісімшарт бойынша жалға алу бағасы әдейі төмендетілген, соның салдарынан бір жағдайда 11 ай ішінде 5 940 миллион теңге, ал екіншісінде 7 ай ішінде 42 миллион теңге шығын келген», деп түсіндірді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, құрал-жабдықтар мен үй-жайларды жалға беруде қатаң режим мен бақылау орнату, жаңа қаржыландыру жүйесімен дұрыс басқару арқылы студияны өзін-өзі қамтамасыз ететін табысты орталыққа айналдыруға болады.
«Мәселен, өткен жылы студия төрт коммерциялық фильмді экранға шығарды, оның ішінде «Шырмауық» (режиссер А.Шарғын) және «Капитан Байтасов» (режиссер Д.Қамшыбаев) көркем фильмдері, сондай-ақ екі деректі фильм бар.
Сонымен қатар «Алтын адам» атты анимациялық фильм толығымен «Қазақфильмнің» техникалық базасында жасалып, оны 2025 жылдың наурыз айында көпшілік назарына ұсыну жоспарланып отыр», деп қосты Аида Балаева.
Айта кетейік, қазіргі кезде «Жабайы» және «Малай» атты көркем фильмдер түсіріліп жатыр, одан бөлек «Күлпәш», «Бүркітші» жобалары жүзеге асырылады. Сондай-ақ биыл өз қаражаты есебінен «Муза» атты деректі фильм түсіру жоспарланып отыр.
«Мемлекет басшысының «Қазақфильм» киностудиясы жұмысын жетілдіру бойынша қойып отырған міндеттерді орындауда бүгінгі қабылданған заң шешуші рөл атқарады деп сенемін.
Бұған дейін де атап өткенімдей, «Қазақфильм» тек жұмысын жалғастырып қана қоймай, қарқынды түрде дами береді», деп сөзін аяқтады министр.