• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 01 Қазан, 2020

Шынықтырудың шебері

1353 рет
көрсетілді

2016 жылғы Рио Олимпиадасында жүлде алған қыз-жігіттердің біразы біздің бүгінгі кейіпкерімізге қарыздар. Ол – қоланы қанағат тұтқан Иван Дычконың, күміспен күптелген Гүзел Манюрованың физикалық дайындығымен тікелей айналысып, дүбірлі додада дара шыққан Данияр Елеусіновке кеңесін аямаған кәсіби маман Бауыржан Рысбек.

 

Бауыржанмен бірер апта бұрын газетке кезекті бір материалды әзірлеу барысында таныстық. Instagram желісі ар­қылы онлайн-жат­тығу жүр­гізетінін көріп қал­ғаны­мыз бар-тын. Сөзге тарттық. Дене дайындығына, фитнес-ин­дус­трияға қатысты айт­қан тұ­шым­ды ойлары ұнады. Сөйтсек, ол осы саланы бір кісі­­дей мең­гер­ген кәсіби маман екен.

Әдетте, ірі фитнес-клубтарда бұлшық еті бұлтиып, нұс­қау беріп жүретін жаттық­тыру­шылардың ішінен қазақ жігіттерін сирек кездестіреміз. Сондықтан болар, Бауыржан­ның бұл саладағы жетістігіне кәдімгідей қуанып қалдық. Ал оның пандемия кезінде Қазақ­станда алғаш болып онлайн-жаттығу ұйымдастырғанын естігенде «Бәрекелді!» аузы­мыз­дан қалай шыққанын аңда­май қалдық.

Бауыржан Рысбек – Семей­дің тумасы. Шымкентте өсіп, ер жеткен. Бокстан халық­ара­лық дәрежедегі спорт шебері. 12 жыл құқық қорғау органдарында еңбек еткен. Президент Әкімшілігінде қызмет атқа­рып­ты. 2014 жылы спорт са­ла­сына ауысып, шегеге іл­­ген қолғабын 13 жылдық үзі­­ліс­тен кейін қайта киіп, жат­тығуға кіріскен. Кезінде ұлт­тық құраманың екінші, үшін­ші нөмірлі жігіттерімен бір­ге жаттыққан Бауыржан үшін спорттық бабына оралу аса қиынға соқпапты.

– Бір жыл жаттығып, қал­пыма келдім. Қайтадан ұлт­тық құрамаға іліндім. Олим­пиада ойындарына қа­тысқым келді. Бірақ, құраманың сол кездегі бас бапкері Мыр­за­ғали Айтжанов оңаша бір отыр­ғанда жолды жастарға беру керектігін ескертті. Үлкеннің сөзіне тоқтаған елміз ғой, қар­сылық білдірмедім. Іле кәсіп­қой боксқа ауысу туралы да ұсыныс түсті. Алайда құ­қық қорғау органдарында қыз­мет атқарғандықтан, құпия мәлі­меттердің иесі ретінде бес жыл шетелге шығуыма бол­май­­тын еді. Сөйтіп боксты до­­ға­рып, спортшыларды фи­зи­ка­­лық тұрғыдан шынық­ты­ру­­ды қолға алдым, – дейді ол.

Бүгінде қырықты алқым­дап қалған Бауыржан фитнес-тренер болып жұмыс істейді. Атап өткеніміздей, Рио Олимпиадасында мерейі үс­тем болған бірқатар спорт­шыны шынықтырған. Ән­ші әрі боксшы Ибрагим Ескен­дірді шынықтырған да осы бапкер. Қазір кәсіп­қой бокс­тағы қос оғлан Ма­дияр Әшкеев пен Айдос Ер­бо­сын­ұлының физикалық да­йын­дығымен айналысып жүр. Спорттық бабында жүруді жөн көретін Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевты да шынықтырады. Бұдан бөлек, Instagram желісінің тікелей эфирі арқылы онлайн-жаттығу ұйымдастырады.

– Қазақстанда карантин режімі енгізілген сәтте-ақ Instagram арқылы онлайн-жат­­тығу өткізуге көштім. Ал­ғаш­қы аптада 7-8 адам кіріп, қадағалап отырды. Одан ке­йінгі аптада тұрақты кө­рер­мен­дердің саны 25-ке жет­ті. Кейін бір сәтте 50 адам­ды жат­тықтыратын болдым. Наурыз, сәуір, мамыр айларында осылай жұмыс істедік. Кейін ашық алаңдарда жаттығу жүргізуге рұқсат берілді. Менен кейін онлайн-жаттығуға көшкендер көп болды, – дейді ол.

Өмірімізге көп өзгеріс енгізген пандемия фитнес-индустрияны да тығырыққа тірегені рас. Себебі, бірінші кезекте фитнес-клубтардың қызметіне тыйым салынды. Сол қиындықтан жол тапқан кәсіби мамандардың көшін дәл осы Бауыржан бастап тұр.

– Біздегі фитнес-индус­трия бәсекеге қабілетсіз. Қыз­метін қадағалайтын, жұмысын реттейтін орган жоқ. Әркім 25 мың теңге төлеп, фитнес-тренердің сертификатын ие­леніп жүр. Олар үйретіп жа­рыт­пайды. Ал кәсіби маман төтен­ше жағдайдың өзін тың мүмкіндік деп қарастыруы керек. Біздің салада теорияны жақсы меңгергендер көп. Алайда олар практикаға кел­генде пышырап қалады. Қазір жаңа технологияның зама­ны. Бірақ соның мүмкін­дік­терін әлі толық пайдалана алмай келеміз. Фитнес-ин­дустрияның пандемия кезінде тоқырағаны да сондықтан, – дейді кейіпкеріміз.

Шынында да, әлемнің да­­мы­ған елдеріндегі фит­нес-ин­дустрия амалын та­уып, жағ­дайға қарай бейім­деле алды. Соның бір дәлелі – он­­лайн-жаттығудың қанат жаюы. Сондықтан ертең қар көр­­мей­тін елдер фитнес-ин­дуст­­рияны «далаға көшіріп» жат­са, таңданудың қажеті ша­ма­­лы. Оның үстіне панде­мия­­ның әзір басыла қоятын түрі жоқ.

– Оқып, ізденудің нәти­жесінде онлайн-жаттығу бо­йынша авторлық әдістемемді әзірледім. Онда ерлерге, әйел­дерге, спортшыларға жеке-жеке бағдарламалар қарас­ты­рылған. Бұдан бөлек, де­не тұрқына байланысты әр адамға лайықталған бағ­дар­ламаларым бар. Мәселен, бойшаң жанға аласа бойлы адамның жаттығуын жасатуға болмайды. Қысқасы, әр адамға жеке-жеке назар аудару керек. Өкінішке қарай, фитнес-тренерлер осы жағына келгенде ақсап жатады. Олар барлығын бір әдістемемен шынықтыра береді, – дейді Бауыржан.

Оның пікірінше, онлайн-жаттығу әркез бетмоншағы үзіліп тұратын біздің ұлттың менталитетіне сәйкес келеді.

– Қазақтардың көбі залда жаттығуға қысылады. Көп жағдайда дене бітімінен ың­ғай­сызданады. Ал он­лайн-жаттығуды ешкімнің кө­зіне түспей, үйде де жасай беруге болады. Бұл – бір. Екін­шіден, қазір намазға жы­ғыл­ған жастар көп. Біздегі фитнес-клубтарда ерлер мен әйелдер араласып жүре береді. Олар мұндай жерге бармайды, әлбетте. Сондықтан онлайн-жаттығу намаз оқитын қыз-жігіт­тер үшін де тамаша мүм­кіндік, – дейді ол.

Бауыржанның бодибилдингке қатысты көзқарасын білгіміз келді.

– Айналысып жүргендер ренжімесін, бірақ бодибилдинг – жалқаулардың спорты. Мұның жанында емдік дене шынықтыру әлдеқайда пайдалы. Рас, бодибилдинг те спорттың өзінше бір түрі. Бірақ, ол адамды мүгедек етіп тынады. Себебі, онымен ай­налысқанда адамның қарым-қабілеті, дене бітімі ескеріл­мейді. Бұлшық етті есепсіз өсіре бергеннен ағзадағы майдың, сіңірдің қызметі нашар­лайды. Тамырлар қысы­лып қалады. Егер бодибилингтер мықты болса, неліктен кермеге ұзақ тартыла алмайды? Ұзақ қашыққа жүгірмейтіні де сондықтан. Жалпы, трена­жердегі жаттығуға аса үйір болмау керек. Адам бұл жерде робот секілді өзгелердің жаса­ғанын ғана қайталайды. Аңғар­ғаным, көп адам далада өзді­гінен жаттығу жасауды біл­мейді екен. Жарнамасына қызы­ғып фитнес-клубтарға жүгіре­тініміз де содан-ау, – дейді Б.Рысбек.

Ол Қазақстан ұлттық құра­масындағы боксшыларды дайындауға әзір екенін айтты. Алайда ондағылар Бауыр­жанның қызметіне мұқтаж емес секілді.

– Біздің боксшылардың фи­­зи­калық дайындығын ке­ңес­тік көзқараспен келе жат­­қан ағалар қадағалап отыр. Соңғы жылдары өзбектерден ұтылып, үндістерден жеңілуі­міздің бір себебі осында жатыр. Спортшыларды дайындау жүйесін қайта қарау керек. Мысал келтірейін. Жәнібек Әлімханұлы деген жарық жұлдызымыз шықты. Алайда біздің дене дайындығына жауапты тренерлер 20 жасқа толар-толмас кезеңде Жәнібектің бойындағы бар сөлін, күшін сығып алды. Салдарынан бокс­шы құлдырады. Ақыры ол кә­сіп­қой боксқа ауысып кетті және дұрыс қадам жаса­ды деп ой­лаймын. Әр спорт­шыға же­ке назар аудару керек. Бізде олай емес. Серік Сәпиев чемпион атанса, бар­лығын Серік секіл­ді жат­тықтыруға көшеміз. Әркімнің қабілеті әртүрлі еке­нін естен шығарып аламыз. Ал бок­сшылар психологиялық тұр­ғыдан өте нәзік келеді, – дейді кейіпкеріміз.

Шынықтырудың шебері Бауыр­жанның міндеті – ха­лық­ты дұрыс жаттығуға үй­рету. Жалқаулықтан арылту да – арманы.