• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Экономика 02 Қазан, 2020

Екінші нанның қадірі есте болсыншы

122 рет
көрсетілді

Берекелі қоңыр күздің өзінде көкшетаулық орталық базарда картоп сатушылардан «қай жердің картобы, Ресейдікі ме, жоқ әлде оңтүстікі ме?» деп сұрап жатады. Бәлкім сапасы, сақталуы әртүрлі болар. Ең бастысы, картопқа деген сұраныс, әрине. Дегенмен жергілікті өнім жеткіліксіз емес пе? Осындай ой жетелеп, картоп өсіретін шаруашылыққа әкелген.

 

Биыл картоптың шығымына шағым айтушылар көп. Жазда күн тым ыстық болды. Табысқа қолы жеткендер – суармалы ал­қапта дақыл еккендер. Ауа райы құбылмалы өлкеде алдағы уа­қытта суармалы егістіктің ырыз­дығы мол болатыны туралы жиі айтылып жүр. Бәлкім диқан ендігі жылдары мықтап қаперіне алатын тұс осы шығар.

– Шаруашылық уақыт ағы­мына сай бірнеше құрылымдық өзге­рістерге түскенімен, өзінің бас­ты бағыты – картоп, басқа да кө­көністер өсіру дәстүрін жалғас­тыруда, – дейді бізбен әңгіме­сінде «Агротрейд Көкше» серік­тес­тігінің директоры Юрий Шаш­ников, – біз биыл 219 гектарға картоп, 35 гектарға сә­біз бен қызылша еккенбіз. Бұл да­қылдар айрықша күтімді қажет етеді. Яғни жыл бойғы кешен­ді жұмыс тоқтамауы тиіс. Ал кар­топ өсіруде кластерлік негіз­дегі голландиялық технология­ны қолданамыз. Дақылға бөлін­ген плантациялар күзде толық жыр­тылып, ауыспалы егіс жүйе­сіне да­йындалады. Әу баста Герма­ниядан әкелінген «Гала», «Сарая», «Пикассо» аталатын тұ­қым сұрыптары әбден жерсі­ніп, өнімділік сипаттары жетіл­діріліп жатыр. Әлі де атқары­латын жұмыстар көп. Біз бүгінгі жеміс кешегіден ілгері болуын қа­лай­мыз.

Директордың кабинетіндегі тақтада талдау жазбалардың тым көптігі көзге ұрып тұр. Учаскелер бойынша картоп түсімі біркелкі еместігі де тақтадан көрініс тауыпты.

– Түпкі өнімнің көлеміне көптеген жағдайлар әсер етеді, – дейді Ю.Шашников біздің жүзіміздегі сұрау белгісіне орай. – Мәселен, мына алқапта жерді өңдеу кезінде аздап салғырттыққа жол берілген, ал мына бөлікте қопсыту дұрыс атқарылмаған, тұқым сұрыптарын іріктеп егуде де ескерілмеген тұстар бар. Мұның барлығы алдағы уақытта сабақ алу үшін керек, қазір қате­лікке жол беретін уақыт емес. Бүгін «Пикассо» тұқымы егілген алқаптың әр гектарынан 20 тон­на картоп алынғанының себе­біне талдау жасадық. Бұл үлкен көр­сеткіш. Жүз пайыз осы көрсет­кішке қол жеткізуге де жетерміз. Мамандар мен механизаторлар тиісті қорытынды шығаратынына сенімдімін.

Серіктестік басшысы биыл суар­малы технология талап­тарының қатаң сақталуын айрық­ша бақы­лауда ұстаған. Алқап­тардың то­лық цифрландырылуы нәтиже­сінде алдын ала бекітілген жұмыс жоспарындағы міндеттер толық қамтамасыз етілді. Әрқай­сысы 560 метр аумақты қам­титын айналмалы суару қон­дырғылары ұзаққа созылған аптап ыстықтың демін қайтаруға септігін тигі­зіпті. Әйткенмен, табиғаттың өктемдігін түбегейлі жеңу оңайға соқпағандай. Соған қарамастан, картопты жинауда Голландия мен Германиядан алдырған өнімділігі жоғары бес агрегат істің орайын келтіріп тұрғанын білдік.

Қазір бүкіл картоп алқабының тең жартысының өнімі жинап алынды. Мұның 40 пайызы тұқым қорын қамдауға жұмсалды.

Серіктестіктің Садовое ауылын­­дағы төрт қоймасында да жұмыс қауырт. Мұнда картоп пен сә­біз дақылдары (10 мың тонна) ұзақ мерзім сақталады. Алқап­тар­дан жеткізілген көкөніс транс­портерлер арқылы сырғып барып, іріктелген қалпы қорап­тарға түсуде. Біз арнайы бағ­дар­ламаланған желдеткіштердің сыртқы жағдайлардың ауытқуына байланысты үш кезеңдік тем­пе­ратураға автоматты түрде ауысу процесімен таныстық.

Тағы бір айта кетерлігі, серік­тестіктің барлық өндірістік учас­келерінде коронавирус індетіне қарсы қорғаныштық шаралар қатаң сақталады. Жұмыстың жүйе­лі жүргізілуінің негізі осында жат­қаны көрініп тұр.

«Агротрейд Көкше» өнімдері Нұр-Сұлтан мен Алматы қала­ларына, Қазақстанның өзге өңір­леріндегі ірі сауда орындарына жеткізілуде. Шаруашылық көп салалы. Биыл парлы алқаптарға ауыспалы егіс жүйесімен 700 гектарға – бидай, 687 гектарға – арпа, 900 гектарға майлы дақыл зығыр тұқымын сеуіп, межеленген өнімді қамбаға құйып алды.

 

Ақмола облысы