Бұл күндері Парижде өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирін Қазақстанның теннисшілері керемет бастаған еді. Жарыс жолына шыққан жерлестеріміздің арасынан тек Зарина Диас қана екінші кезеңге өте алмады. Ол тунистік Онс Жаберден жеңілді. Ал өзге ойыншыларымыздың барлығы да тұсаукесер кездесулерінде жеңіске жетіп, өз жанкүйерлерін қуантты.
Бір кереметі, отандастарымыздың дені алғашқы айналымда әлемдік рейтингте өздерінен әлдеқайда жоғары тұрған ойыншылармен күш сынасқанына қарамастан, шеберліктің шынайы үлгісін көрсетті. Әсіресе ерлер ерлерді. АТР тізімінде 56 орында тұрған Александр Бублик франциялық Гаэль Монфиспен шеберлік байқасты. Бірден айта кетейік, ол қатардағы көп теннисшілердің бірі емес. Бүгінгі таңда әлемнің тоғызыншы ракеткасы атанып отырған Монфис кезінде Ролан Гаррос пен АҚШ-тың ашық біріншілігінің жартылай финалына дейін жетіп, АТР турнирлерінде 10 мәрте топ жарды. Десек те қарсыласының атағынан еш қаймықпаған Бублик бұл бәсекеде 6:4, 7:5, 3:6, 6:3 есебімен басымдық танытты. Үздіктер тізімінде 87 сатыға жайғасқан Михаил Кукушкин әлемнің 15-ші ракеткасы, тоғыз бірдей дүбірлі додада дараланған италиялық сақа спортшы Фабио Фоньинидің осал тұсын оңай тапты – 7:5, 3:6, 7:6, 6:0.
Әйелдер сайысында Юлия Путинцева (27 орын) бельгиялық Кристин Флипкенстің (80 орын) тас-талқанын шығарды – 6:1, 6:2. Елена Рыбакина (18 орын) румыниялық Сорана Кырстяны (83 орын) қапы қалдырды – 6:0, 6:3. Танымал шетелдік ойыншылардың қазіргі қарқыны біраз бәсеңдегенімен, кезінде олардың талай дүбірлі додаларда әбден ысылып, елеулі табыстарға қол жеткізгенін жанкүйерлер жақсы біледі.
Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылмады. Екінші кезеңде жерлестеріміз түгел ұтылып, алғашқы күндердегі көңіл күйіміз нілдей бұзылды. Бір өкінштісі, олардың үшеуі әлемдік рейтингте өздерінен әлдеқайда төмен тұрған ойыншыларға есе жіберді. Атап айтсақ, Путинцева аргентиналық Надия Подороскаға (131 орын) жол берді – 3:6, 6:1, 2:6. Рыбакина франциялық Фиона Ферродан (49 орын) ұтылды – 3:6, 6:4, 2:6. Кукушкин испаниялық Педро Мартинес-Портеродан (105 орын) айласын асыра алмады – 3:6, 1:6, 0:6. Тек Бубликтің ғана қарсыласының деңгейі өзімен шамалас болды. Оны италиялық Лоренцо Сонего сан соқтырып кетті – 6:7, 1:6, 5:7. Сөйтіп жарыс жолында бірде-бір теннисшіміз қалмады.
«Үлкен дулыға» санатына жататын жарыстардың жүлде қоры қомақты екені баршаға мәлім. Биылғы Ролан Гарроста оның мөлшері 38 млн еуроны құрап отыр. Біздің спортшылар Парижде сәтсіз өнер көрсеткендеріне қарамастан, материалдық жағынан пайда тапты. Мәселен, алғашқы айналымнан аса алмаған Зарина Диас 60 мың еуроны әмиянына салса, екінші кезеңде сүрінген Юлия Путинцева, Елена Рыбакина, Александр Бублик және Михаил Кукушкин 84 мың еуроны қалталарына басты. Теннисшілерді бұл сома қанағаттандыра ма, әлде жоқ па, ол жағы бізге беймәлім. Бірақ өзге спорт түрлері өкілдері үшін бұл едәуір қаражат. Ал қарапайым халық үшін мол байлық деп айтсақ, еш ағаттығы жоқ.
Егер отандастарымыз бұдан да тәуір ойнағанда, одан да көп ақшаға иелік ететін еді. Ролан Гарростың үшінші кезеңіне өткендер 126 000 еуроны иеленеді. Төртінші айналымға шыққандар 189 000-ды еншілейді. Ширек финалда өнер көрсеткендердің есепшоттарына 283 500 еуро аударылады. Сол межеден сүрінбей өткендер 425 250-ға байиды. Финалға шыққандар 850 500 еуроны иемденеді. Ал ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстың жекелеген сайысында жеңімпаз атанған теннисшілерге тиесілі сыйақы 1 600 000 еуроны құрайды. Ал ондай бақ кімдерге бұйыратынын алдағы күндері білетін боламыз.