Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті өрістетуге барынша қолдау көрсетіліп келеді. Шағын және орта бизнесті қорғау үшін салықтық жеңілдіктер жасалды. Тіпті кәсіпкерлерді тексеруге жарияланған мораторий бар. Өз ісін бастаушылардың идеясына жан бітіретін түрлі мемлекеттік бағдарламалар да түзілді. Мәселен, Атырауда тың салада түрен салуға бет бұрғандарды демейтін жобалардың қатарында «Бастау» мен «Жас кәсіпкер» де бар.
– Өңірде «Бастау» жобасымен 4 мыңнан астам жұмыссыз бен өзін өзі кәсіппен қамтыған атыраулық кәсіпкерлік негіздеріне арналған курстан өтті. Оның 1058-нің жобасын қаржыландыруға 2,8 млрд теңге бағытталды. Оның ішінде 522 қатысушы 100 және 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік гранттар алды. Іске асырылған бизнес-жобалардың басым бөлігі ауыл шаруашылығы, қызмет көрсету, сауда және өңдеу өнеркәсібі салаларына тиесілі болып отыр, – дейді «Атамекен» ҰКП Атырау өңірлік филиалы бизнесті қаржылай емес қолдау бөлімінің басшысы Жанаргүл Жоламанова. – Сонымен қатар былтыр облыста 29 жасқа дейінгі жұмыссыз және өзін өзі жұмыспен қамтыған жастарды кәсіпкерлік негіздеріне оқытуды көздейтін «Жас кәсіпкер» жобасы іске асырылды. Осы жоба аясында оқытылған 600 адамның 308-іне жалпы сомасы 155 млн теңгенің гранттары берілді.
Алайда кәсіпкерліктің кең қанат жаюына қолбайлау болып, тұншықтыруға дейін апаратын өрескел қадамдар әлі де кездеседі. Тіпті мұндай жайт көп десек те болады. Әйтпесе «Атамекен» ҰКП Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Сәрсенбай Жолдыбаевтың айтуынша, соңғы жеті жылда 3500-ден аса кәсіпкер көмек сұрамас еді. Олардың 1622-сі өз бизнесін қорғауға қатысты өтінішін берген. Филиал сарапшыларының араласуымен өтініштің 871-і кәсіпкерлердің пайдасына шешіліп отыр. Шағын және орта бизнестің өкілдері тариф белгілеуге, табиғи монополиялар мен жер қатынастарына, сондай-ақ мемлекеттік органдардың іс-әрекетіне, тіпті олардың әрекетсіздігіне шағымданады екен.
– Кейде кәсіпкерлерге құқығын қорғау үшін сотқа жүгінуіне тура келеді. Мәселен, 2018 жылы «Атамекен» ҰКП-мен бірлесе «Әсел» ЖШС-не тиесілі жер учаскесіне жекеменшік құқығын қорғадық. Өйткені жергілікті атқарушы орган тарапынан 2003 жылдан бері серіктестікке тиесілі жер учаскесінің жекеменшік құқығына қатысты дау туындаған еді. Ал аталған серіктестік қосалқы шаруашылықты ашу үшін 200 млн теңгеден аса қаржы жұмсаған. Бұл қаржының 50 пайыздан астамы – банктік кредиттер. Палатаның өңірлік филиалының араласуымен кәсіпкердің жер учаскесіне қатысты заңды құқығы қалпына келтірілді, – дейді С.Жолдыбаев. – Сондай-ақ кәсіпкерлер «ҚазТрансГазАймақ» АҚ өндірістік филиалы тарапынан газ үшін негізсіз қаржы есептелуіне қатысты жаппай жүгінді. Нәтижесінде, былтыр Энергетика министрінің №241 бұйрығымен газды артық тапсырғаны және жетіспегені үшін айыппұлдар, кәсіпкерлер үшін алдын ала төлем алынып тасталды. Бұдан экономикалық тиімділік 45 млн теңгені құрады. Бұған қоса Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен, Бас прокуратурамен, сондай-ақ Жоғарғы Сотпен жасалған меморандумдар шеңберінде бизнеске кедергілерді анықтау, жою бағытында іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бүгінде өңірлік филиалдың бастамасымен Атырауда 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 12 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Оның айтуынша, жақында «МЫРЗА-ХАН» ЖШС басшысы облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің әрекетіне шағым түсірген екен. Бұған себеп – аталған департаменттің серіктестікке қатысты негізсіз қаулы шығаруы.
«Атамекен» ҰКП өңірлік филиалының сарапшылары өтініштің мән-жайына талдау жүргізіп, облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне хат жолдады. Ал департаменттің жауап хатында коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың тапсырмасына сәйкес, өңірге Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларынан эпидемиологтар мен вирусологтар жіберілгені айтылды. Екі апталық жұмыс сапары барысында келген мамандар жергілікті департаментпен бірлесіп, «Сovid-19» инфекциясына тестілеу бойынша зертханалар мен медициналық мекемелердің жұмысына мониторинг жүргізіпті. Тексеру қорытындысымен «МЫРЗА-ХАН» ЖШС қатысты серіктестік тарапынан медициналық талдауларды түсіндірудің дұрыс еместігіне сілтеме жасай отырып, №56 қаулы шығарыпты.
Алайда Кәсіпкерлік кодексінің нормаларына сәйкес кәсіпкерлік субъектісін тексеру қорытындылары бойынша қадағалау және бақылау органдарының өкілі акт жасақтауы керек. Ал бұзушылықтар анықталған жағдайда оны жою туралы нұсқама шығаруы тиіс. Осыған байланысты өңірлік филиал серіктестікке қатысты қаулы шығаруды заңсыз деп санайды.
Жалпы, өңір кәсіпкерлерін нендей мәселе толғандырады? Оларға қандай кедергі жасалады? Мәселен, өңірлік кеңестің мүшесі Ғибрат Сәрсеновтің мәліметінше, «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында 15 қатысушы тіркеліп отыр. Бірақ мұнда «Полимер Продакшн» ЖШС тек 1 жобаны ғана қолға алды. Енді 4 жоба жүзеге асырылу сатысында тұр. Бұл – «KPI Inc.», «Karabatan Utility Solutions», «KLPE» және «Қазхимпродакшн» серіктестіктерінің жобалары.
– Ал қалған қатысушылар KPI, KLPE, KUS, Бутадиен жобаларына тікелей тәуелді болып отыр. Бұдан бұрын арнайы экономикалық аймақ құрамына қызметтің басқа түрлерімен айналысатын компанияларды (машина жасау, сервистік) қосу мәселесі көтерілген болатын. Алайда бұл мәселе тиісті министрліктер тарапынан қолдау таппады. Енді тікелей шетелдік инвестицияларды тарту, жаңа өндірістерді ұйымдастыру жолымен импортты алмастыруды дамыту мақсатында арнайы экономикалық аймақта қызметтің басым түрлерінің тізбесін кеңейту қажет, – дейді Ғ.Сәрсенов.
Өңірлік кеңес мүшесі Марат Жалдекеновтің айтуынша, Атырауда құрылыс индустриясын дамытатын кәсіпорындар үшін инертті сусымалы құрылыс материалдарын тасымалдауға жеңілдетілген темір жол тарифін енгізу мүмкіндігін қарастыру қажет. Өйткені өңірде өндірілетін құрылыс материалдары өте тапшы. Құрылыс материалдарының дені өзге өңірлерден әкелінеді.
– Тауарлы бетон шығаруға қажетті цемент Маңғыстаудан, ал қиыршық тас пен ПГС көршілес Ақтөбе облысынан тасымалданады. Ақтөбеде қиыршық тастың бір тоннасы 1800 теңге, ал Атырауда оның бағасы 6 мың теңгеге бағаланып отыр. «Қазақстан темір жолы» АҚ қызметі тоннасына 3600 теңгені құрайды. ПГС-ті тасымалдауда да осындай ахуал қаыптасқан. Ақтөбеде МАБ тоннасы шамамен 600 теңге, ал біздегі құны – 4250 теңге, теміржолдың қызметі – 3300 теңге. Осыдан кейін өнімнің бағасы шарықтап шыға келеді. Сол себептен, кәсіпкерлердің құрылыс индустриясын дамытуға қызығушылығы жоқ. Жергілікті құрылыс материалдарының сапасы импортталған өнімдермен бәсекелестікке төтеп бере алар емес. Өңірдегі құм кен орындары құрылыс материалдарын өндірушілер ұсынатын стандарттар мен нормаларға сәйкес келмейді, – дейді М.Жалдекенов.
Ал Қаршыға Жауымбаевтың пікірінше, өңірдегі балық саласының проблемаларын оң шешудің бір ғана жолы бар. Бұл – осы саланы субсидиялау.
– Біздің облыста 19 табиғат пайдаланушы жұмыс істейді. Олар жыл ішінде табиғи мекендеу ортасынан 8 мың тоннадан астам балық аулайды. Бірақ өкінішке қарай, жылдан-жылға квотаны игеру үшін балық аулау мен балықты өңдеу мәселесінде қиындық туындап тұр. Бұл балық аулау құралдары мен кемелердің әбден тозуына байланысты болып отыр. Осыған орай кеме паркін, балық өнімдерін өңдеуге арналған жабдықты жаңарту қажеттігі туындайды, – деп есептейді Қ.Жауымбаев. – Себебі кемелер де, балық аулау құралдары да 70%-ға тозған. Осы саланы субсидиялау шешімін тапса, балық аулаудың тиімділігі 50%-ға артуы мүмкін. Ең бастысы, біз өзен мен теңізде балық аулау қауіпсіздігін сақтау мәселесін шеше алар едік.
Өңірлік кеңестің тағы бір мүшесі Әсел Жолмұқанова Жайық өзенінің сағасында түп тереңдетуді жүйелі жүргізу қажеттігін қозғап отыр. Өйткені қазір Жайық-Каспий каналы арқылы жүк баржалары жүре алмайды.
– Бұл канал арқылы жүк баржаларының өтуі үшін кем дегенде 2 метр тереңдік керек. Канал түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу Иранға тірі қойды экспорттауға, Қарабатандағы газ-химия мен Теңіз жобасына қажетті ауыр жүктерді қабылдауға мүмкіндік береді. Қазір ыңғайлы теңіз порты тек Ақтауда орналасқан. Ал бұл тағы да жерүсті көлігі логистикасының бағасын көтеріп жібереді. Осы жоба балықтың Жайық өзеніне еркін келуіне, сондай-ақ кеме қатынасына оң әсер етер еді. Жалпы, экономиканың барлық саласы үшін су көлігінің әлеуеті арта түседі. Демек, бұл жоба өңірде туризмді дамытуға, ауыл шаруашылығы өнімдерін су көлігімен экспорттауға, Каспий теңізі арқылы басқа елдерге жүк тасымалдауға жол ашады, – дейді Ә.Жолмұханова.
Атырау облысы