• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
Оқиға 06 Қазан, 2020

Қазақстанда автобус паркі жаңартылуда

377 рет
көрсетілді

Талдау мәліметтеріне сай, Қазақстанда 12 мыңнан астам автобустың тозығы жеткен. Қоғамдық көлік сапасының ең нашар көрсеткіштері Батыс Қазақстан, Түркістан және Қызылорда облыстарында тіркелген. Алматы қаласы мен Алматы облысында да статистиканың көрсеткіші нашар, мұнда ауаның ластануының негізгі үлесі көлік шығарындыларына тиесілі, ал автобус парктері осыған дейін дизельді техника сатып алған.

Қазақстанның қалааралық және об­лысішілік жолаушы тасымалдау мәсе­лелері де күрделі жағдайда. Бұл ба­ғыттарда 30 жылдан асқан және одан да ескі техниканы жиі кездестіруге болады.

Өздерінің парктерін бел­сенді жаңар­ту бойынша алдың­ғы қа­тарлы өңірлер арасында Нұр-Сұлтан, Шымкент қала­ла­ры және Ақмола облысы тұр. Сол­түстік Қазақстан, Жамбыл және Қарағанды облыстары да ауқымды жаңартуды кейінге қал­­дырған жоқ. Мәселен, Қара­ғанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбектің тапсырмасы бойынша, өңірде жыл соңына дейін 275 бірлік қоғамдық көлік жаңар­тылады.

Жолаушылар қауіпсіздігінің деңгейін арттыру және еліміздің қалалары мен облыстарында экологияның сақталуы мақ­са­тында Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі «ҚДБ-Лизинг» АҚ бірлесе отырып, қоғамдық көлікті отан­дық автобустармен жаңарту және жетілдіру жөніндегі бағдар­лама­сын жүзеге асыруда. Бүгінде елі­мізде автобустар мен электр авто­бустарын шығаратын бір­неше зауыт жұмыс істейді. Шы­ға­­рылатын техниканың көлемі бо­йынша қостанайлық «СарыарқаАвтоПром» көшбасшы болып са­налады, яғни бүгінге дейін атал­ған зауы­т 2 413 бірлік техни­каны өн­дірді. Би­ыл зауыт Yutong және Ankai авто­бус­та­ры мен элек­тр автобустарының 713 бір­­лігін жеткізді.

Қазақстандағы алғашқы «Daewoo Bus Kazakhstan» қоғамдық көлік шығаратын зауыты негізі қаланған сәттен бастап

1 613 бірлік техника шығарды. Ағымдағы жылдың алғашқы 8 айында кәсіпорын Daewoo маркалы автобусының 266 бір­лігін шығарды.

Hyundai Trans Auto коммерциялық техникасын шығаратын зауыттың көлемі 1 мыңнан астам бірлікті құрайды. 2019 жылы зауыт 78 автобусты шыға­рып, Golden Dragon маркалы авто­бус­­тарын құрастыра бастады. Бү­гін­де кәсіпорын қоғамдық көліктің шанақтарын дәнекерлеу және бояу бойын­ша цех­тар­дың құрылысын жүргізуде, онда кон­вейерден электр автобустары мен троллейбустар шығатын болады.

Жақында Семейдегі «СемАЗ» зауыты өз өндірісін ұйымдастырды, ол биыл 160 ГАЗ және Dong Feng автобустарын шы­ғарды.

Қалалық және өңіраралық қоғамдық көліктің баламалы отыны бар техниканың экологиялық таза түріне көшуінің әлем­дік үрдісі бірте-бірте Қазақстанға да еніп келеді. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан, Павлодар және Ақтау қалаларында отан­дық электр автобустарының бағыттарын кездестіруге болады. Елдің көрікті орын­дары – Бурабай сияқты курорттық аймақтар да жақын арада экологиялық таза көліктің түріне ауысуы мүмкін.

Электр автобустарын дамытуды Қарағанды облысының Саран қаласында салынып жатқан Yutong жолаушылар және арнайы техникасын шығаратын «QazTehna» зауыты қолдайды. Жаңа зауыт жылына шамамен 1200 бірлік автобус пен 400 бірлік арнайы техника шығаруды жоспарлап отыр.