• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Оқиға 08 Қазан, 2020

Елбасы баяндамасына – бес жыл

283 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Пре­зи­денті Н.Ә.Назарбаевтың БҰҰ Бас Ассам­блеясының 70-сессиясында оқыған баянда­ма­сының бес жылдығына орай Елбасы кітапха­насында ғылыми кеңестің кезектен тыс кеңей­тілген отырысы өтті.

Аталған іс-шараға Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары Қуаныш Сұлтанов, Ерсұлтан Бектұрғанов, Сапар Ахметов, Қазақстан Республикасының тұңғыш Сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменов, академик Ғарифолла Есім, Қазақстан Рес­публикасы Тұңғыш Президенті қоры атқарушы директорының орынбасары Игорь Рогов және елімізге танымал тағы басқа қоғам қайраткерлері қатысты.

Жиналған қауымға бұл рет­кі ұйымдастырылып отырған ғылы­ми кеңестің маңызы жайлы та­ныстырған Елбасы кітапхана­сының директоры Әмір­хан Рахым­­жановтың айтуынша, «БҰҰ Бас Ассам­блеясы­ның мерей­­тойлық сессия­сында Қазақ­стан Республикасы Тұңғыш Пре­зи­ден­тінің сөйлеген сөзі жер-жаһан күл­лі адамзат қауым­дастығына ел­імізде жүргі­­зіліп отырған саясаттың бола­шақ ұрпаққа деген жанашыр­лығын дәлелдеп, жалпыға ортақ жауап­кершілік үлгісін көрсетті. Бұл баяндамада бейбіт­шілікті жақтаған еліміздің сырт­қы саясат пен ішкі бірлігі жарасқан ұлтаралық, дінаралық қауіпсіздікке негіз болатын мемлекет құрудың үлгісі айтылды. Сонымен қатар бұл баяндама үлкен мінберден қазақ тілінде ұсынылғанын айта кеткен жөн. Осылайша әлем қауымдастығы БҰҰ мінберінен қазақ тілін естіді. Яғни Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің ана тілінде әлемді қауіп-қатердің себеп-салдарынан құтқаратын стратегия ойластыру ХХІ ғасырдағы адамзаттың басты міндеті екенін атап өтті. Осы мақсатта БҰҰ-ның 100 жылдығына орай Дүниежүзілік стратегия бастамасының жоспарын (Жаһандық стратегиялық бастама-2045) дайындауды ұсынды. Бастамалар қатарына ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудің жалпыға ортақ БҰҰ декларациясын қабылдау ұсынысы кірді. Осылайша, Елбасы жаһандық сын-қатерді еңсерудің жоспарын алға тарта отырып, оны қабылдап, жүзеге асырудың мезгілі БҰҰ мен адамзатқа бірдей даму кезеңінің маңызды шағы болары сөзсіз».

Сондай-ақ отырысқа бейне­кон­ференция арқылы қатысқан Игорь Рогов мырза өз сөзінде «Бес жыл бұрынғы баяндаманың мәтініне қарап, тарихи оқиғаларды болжай білген Тұңғыш Президенттің қырағылығына таңғаласың. Бес жыл бұрын Елбасымыз жаһандық сын-қатерді еңсеру бойынша жалпыға ортақ жоспар әзірлеуді ұсынса, биыл әлемді шарпыған індет бұл мәселені тағы да көтеріп отыр. Күллі адамзатты алдағы уа­қытта қандай сынақтардың күтіп тұр­ғаны белгісіз. Сондықтан мұн­дай жоспарды қабылдап, іске асыру жер-жаһан дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы болмақ», деді.

Жиын соңында Ғылыми кеңестің шешімімен Қазақстан Рес­пуб­ликасының Тұңғыш Прези­­денті – Елбасы Кеңсесінің Басшы­сы, саяси ғылымдар докторы, профессор Махмұд Қасымбеков Құрметті төраға болып сайланса, мүшелеріне Қуаныш Сұлтанов, Игорь Рогов, Ғарифолла Есім, Төлеутай Сүлейменов, Ерсұлтан Бектұрғановтар сайланды.

Шара соңында меймандар Тұң­ғыш Президенттің музей кешенін аралап, жәдігерлермен танысты. Осы орайда, мемлекет және қоғам қайраткері Қуаныш Сұл­танов назарға ұсынылған жә­ді­­гер­лердің – ұлтымыздың мәдени мұрасы, халқымыз­дың рухани қазынасы екенін атап өтті. «Ел тарихы шоғыр­ланған бұл жер­ден тәуелсіз мемлекетіміздің қалай құрыл­ғанын білуге болады. Музейде Қазақстан Респуб­ликасының Тұң­ғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың орасан еңбегі көпшілік назарына заманауи технологиялардың көмегі­мен ұсынылған. Елбасы­ның мұрасын елімізде де, халық­аралық деңгейде де ілгерілету мақсатында ойластырылған жұ­мыстарыңызға табыс тілеймін», деп жылы лебізін білдірді Қ.Сұлтанов.