Жаһанды індет жайлаған тұста жанымызды шүберекке түйіп, елдің тыныштығы бұзылмауын тіледік. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос!» қағидасы жанымызға медеу болды. Яғни, Абай жаққан сәуле жүрек төрімізге орнап, билік пен бұқараға нұрын шашты. Мұны Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай аманаты» атты мақаласынан аңғаруымызға болады. Пайым мен парасатқа астар болар маңызды мағлұматқа толы жазбаны жастар да жақсы қабылдады. Бұл – келешегіміздің кемелденіп келе жатқанының басты айғағы.
Дала данышпаны нағыз адам мұратын қалыптастырып қана қойған жоқ, сонымен бірге ол мақсатқа жетудің шынайы жолын көрсетіп берді. Ол осы қарекетімен қазақ халқын ғана емес, төрткүл дүниені мойындатты. Оның жазу стилінен, ойларынан, шығармашылық композициясынан баба рухының иісі аңқып тұрады. Ол туралы артық сөз айтып қажеті де жоқ. Мұны Елбасымыз өз мақаласында толғана айтып, топтап көрсетті. «Кейде біздің буын өмір бойына ұлы Абай мектебінен, яғни ғұламаның мұхиттай шалқар ой қазынасынан толассыз білім алып келе жатқандай көрінеді».
Мақаланың өн бойынан автордың кейіпкеріне деген шынайы сүйіспеншілігі мен құрметі анық байқалады. Елбасымыз Абай философиясын өз бойынан өткізіп, өмірнамасының өзегі ете отырып, елді дамытуда тарлан тарихтың елегінен өткен, уақыттың өзі көрсеткен сара жолын айқындап отыр. Бұл – елдік бірлік пен ұлттық тұтастық жолы. Абылай аңсаған, Абай жан-жүрегімен көксеген елдің бірлігі. Біз осы ынтымақ пен бірліктің арқасында тәуелсіз мемлекет ретінде тұғырымызды бекітіп, Мәңгілік ел болуды басты мұратымыз еттік. Ұлт болып ұйысқандығымыздың, ынтымақпен тізе қосып, күш біріктіргендігіміздің арқасында Қазақ елінің шежіресін ХХІ ғасырда абыройлы жалғастырып келеміз. Есі кірген баладан, ел ағасына дейінгі барлық азаматымыз осы жолға мүлтіксіз қызмет етуге тиіс. Алтыбақан алауыздыққа ешқашан жол бермеуіміз керек.
Қараңызшы, іргемізді сөгуге ұмтылған індетпен қоса, бір туған қырғыз ағайындарымыз да билік үшін жанталасып, берекесі қашуда. Сұрқай саясаттың кесірінен ішкі алауыздық өрбіп, билік пен халық арасында аламайдан жүріп жатыр. Ауылы аралас, қойы қоралас болған, Алатауды тең жайлаған ағайынның осындай халге душар болуы жүректі ауыртады. Осы мәнзелдес тағы бір мысал. Армения мен Әзербайжан арасындағы текетірес барған сайын індеттей індеп келеді. Осының бәрі көңіл қынжылтатын жағдайлар. Міне, көрдіңіз бе Елбасымыз айтқандай Абай тәлімінен таған тартып, айрандай ұйып отырған ынтымағымызды бұзып алмауды ойлауымыз қажет. Бүгінде ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасының өнегелі жолын жалғастырып, Абай өнегесін нысанаға алып, биікке өрлеп келеді. Вирустың кесірінен көптеген қиыншылыққа тап болып жатырмыз. Оның бәрі өткінші дүние. Қазақтың қаны таза, рухы биік. Сондықтан бұл өткелден де сүрінбей өтеріміз шүбәсіз.
Иә, Абай – ұлттың мектебі. Бәріміз сол мектептің шәкіртіміз. Елбасымыз сол ұлы білім ортасының түлегі. Олай болмаса: «Абайдың сөзі мен ойы біздің күнбе-күнгі тірлігімізге, өркенді өмірімізге кірпіш болып қаланып, бүгінгі өркениет пен алдағы болашақ талабына лайық ұмтылыстарымыздан және игі істерімізден нақты көрініс табатынына кәміл сенемін», – деп айта ма? Бұл толғанысынан Абай Құнанбайұлының болмысын бар қырынан өзімізге де, шетелге де насихаттау әрі танымал ету мақсатында жұмыс істеуіміз керектігін көреміз.
Өкінішке қарай, ұлы Абайдың 175 жылдығы биыл адамзатқа қатер төндіріп, коронавирус індеті жайлаған уақытпен тұспа-тұс келіп қалды. Аталған дерттің зардабы жер жүзіндегі мемлекеттердің ешбірін айналып өткен жоқ. Бірақ жарқын келешекке деген сенім мен сындарлы әрекеттің арқасында бұл уақытша қиындықты да еңсеретін боламыз. Абайдың сөзіне жүгінсек: «Жамандықты кім көрмейді? Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде еш нәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың қатты қыстың артынан көгі қалың, көлі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?». Түркі әлемінің ұлы ойшылы, философиялық ой-пікір арнасын жалғастырушы Абай өз еліне, өз жұртына ұлы сөздер мен өсиеттер қалдыру арқылы, тұтас ғибрат сыйлап кетті. Елбасы өз мақаласында Абайдың қара сөздерінен көп дәйексөздер келтірген. Бұл Абай сөзі – қазақтың бойтұмары екенінің тағы бір көрінісі.
Қазақтың бас ақыны иман мен ибалық, жалпы адамгершіліктің алтын қазығындай қағылған жан. Сол қазыққа көңіл жібін байлай білсек болды, ақ жолдан адаспасымыз анық. Абай Құнанбайұлының шығармашылығы жайлы тоқталудың өзі жүректі қозғайтын тақырып. Әр жырының тармағын тарату үшін үлкен тәуекелге бел байлағандай боламыз. Хакімдік биікке шыққан жанның қара сөзі мен өлеңдеріне көз жүгіртсек, әр жерден сілтеме берген сөздерге назар аударуға тура келеді. Ал ол сөздер, түрік, араб, шағатай, орыс сынды өзге тілді ұлттардың тілі. Бұл жерден Абайдың шет тілін жетік меңгергендігін де дәлелдей аламыз. Елбасымыз болашаққа Абайша қарап, көп тіл білудің пайдасы көл-көсір екенін айтуда. Міне, Мәңгілік ел болуға ұмтылған ұлтымызға керек қасиет.
Қорыта айтқанда, Абай шығармашылығы – қанша заман өтсе де маңыздылығын жоймайтын, алмас сияқты сан қырынан жарқырап көрінетін, қай саладан болса да зерттеуге лайық құндылық. Алтыннан да қымбат Абай мұрасы жайлы жазылған мақаланы әрбір қазақстандық түсініп оқуы міндет.
Төрегелді ШАРМАНОВ,
академик